Accessibility links

"Қазақстан Бас прокуратурасының Әлиев пен Мұсаевқа қатысты соңғы шешімінде заңнан гөрі саясат басымырақ"


Жоғарғы соттың бұрынғы мүшесі Өтеген Ықсанов Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа қарсы шығарылған сот үкімінің орындалуын 3 айға тоқтатқан Қазақстан Бас прокуратурасының әрекеті заңға сәйкес десе, заңгер Жовтис бұл істе саясат басымырақ деп есептейді.

ҮШ АЙДАН КЕЙІН НЕ БОЛУЫ МҮМКІН...

Қазақстанның Бас прокуратурасы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, Аустриядағы бұрынғы елші Рахат Әлиевтің қылмыстық ісі бойынша Алматы қаласының Алмалы аудандық соты шешімінің орындалуын 3 айға тоқтатты. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал Әлнұр Мұсаевқа шығарылған сот үкімінің орындалуын уақытша тоқтатты. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз-қызметі хабарлады.

Осы хабарға сәйкес, Бас прокуратураға сырттай сотталған Әлнұр Мұсаевтан жаңа пайда болған мәліметтерге байланысты өзінің ісі бойынша 2008 жылдың 15 қаңтарында Алмалы аудандық соты шығарған үкімді қайта қарауды өтінген қадағалау өтініші келіп түскен.

Азаттық радиосына берген соңғы сұхбатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы және президенттің бұрынғы күйеу
Әлнұр Мұсаев, ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы.
баласы Рахат Әлиевтің үзеңгілесі болған Әлнұр Мұсаев өзін сырттай ұзақ мерзімге түрме жазасына кескен Алмалы аудандық сотының үкімін қайта қарату үшін Қазақстанға шағым- өтініш жібергенін мәлімдеген болатын.

Прокуратураның хабарлауынша, Мұсаевтың шағымына байланысты Қазақстанның қылмыстық-процесуалдық кодексінің 466 бабына сәйкес, Бас прокурордың міндетін атқарушы Иоган Меркель сөз болып отырған қылмыстық істі танысу үшін сұратып, сот үкімінің орындалуын 3 айға тоқтату туралы қаулы шығарған.

Қазақстанның Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша алқасының бұрынғы төрағасы Ықсанов Өтеген ақсақал «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, қылмыстық-процесуалдық кодекстің Бас прокуратура негізге алып отырған 466 бабы бойынша бұрын шығарылған сот шешімінің орындалуын Жоғарғы сот төрағасының да, Бас прокурордың да 3 айлық мерзімге дейін тоқтатуға құзырлы екенін растады. Бірақ Өтеген ақсақал істің мән-жайын жіті білмей тұрып, жан-жақты түсініктеме берудің қиын екенін атап көрсетті.

МҰНДА ӘЗІРГЕ АҢҒАРЫЛМАЙ ТҰРҒАН БІР САЯСАТ БАР

Өтеген ақсақалдың бұл пікірін Адам құқы және заңдылықтардың сақталуын қадағалау жөніндегі халықаралық қазақстандық бюроның директоры, белгілі заңгер Евгений Жовтис те толық растады. Оның атап көрсетуінше, күшіне енген сот шешімінің орындалуын тоқтата тұру туралы Бас прокуратураның шешімі әбден заңды.

"Егер прокуратураға келіп түскен белгілі бір шағымда жеткілікті айғақтар мен дәлелдер келтірілген болса,-дейді Евгений Жовтис,-ең жоғарғы қадағалаушы орган ретінде Бас прокуратура күшіне енген сот шешімінің орындалуын тоқтатуға да, тексеру үшін ол істі сұратуға да құзырлы".

Оның сөзіне қарағанда, қадағалаушы шағым сияқты, қадағалаушы қарсылық та заңды күшіне еніп қойған сот үкімінің үстінен беріледі. Күшіне енген соттың шешіміне қадағалаушы шағым мен қарсылықты, жаңа айғақтар пайда болған жағдайда, бірнеше рет қайта беруге болады.

"Заң тұрғысынан қарағанда өзінің ісі бойынша сот шешімін қайта қарауды сұрап шағым берген Әлнұр Мұсаевтың да, оның шағымын негізге алған Бас прокуратураның іс-әрекеті де дұрыс. Ал саяси тұрғыдан алғанда «бұл нені білдіреді» дегендей көп сауал туғызады, - деп ойын жалғастырады Евгений Жовтис.-Әрине, бұл жерде заңға қарағанда, саясат басымырақ-ау деген ой келеді".

Бірақ, бұл жерде ең қызығы,-деп мәлімдеді Жовтис,- қадағалаушы шағымның Әлнұр Мұсаевтан келіп түсуі. Өйткені, бұл шағым Мұсаевтың, қандай жолмен болмасын, әйтеуір осы процеске кіргенін көрсетеді.

Ол бұған дейін процеске қатыспай келді. Сот тыңдауының барысында оның мүддесін тағайындалған адвокат қорғады. Өйткені, Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиевтің ісін қараған соттың, Жовтистің көзқарасы бойынша, «әділдіктен ауылы тым алыс» болды.

Сөйтіп, Евгений Жовтис Азаттық радиосына берген сұхбатында Әлнұр Мұсаев пен Бас прокуратураның іс-әрекетінде заңдық мәселелерден гөрі, саясат басымырақ деген жорамалымен бөлісті.

"ҚАЗАҚСТАН СЫРТТАЙ СОТТАЛҒАНДАРМЕН ҰДАЙЫ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІП ОТЫРАДЫ"

«Қазақстанның жоғарғы элитасы, оның ішінде билік басындағылары да, билікке қарсы оппозициясы да және элитаның шетелде қуғында жүрген өкілдерінің ішінде, қандай оқиға-құбылыс болып жатса да, үнемі кеңестер, келіссөздер өтіп келді. Мысалға, бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің қылмыскер ретінде сырттай сотталуына қарамастан, онымен де үнемі келіссөз жүргізілді.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Рахат Әлиев әңгімелесіп тұр. 2001 жыл. Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабындағы сурет.
Менің ойымша, сол сияқты Рахат Әлиевпен де, Әлнұр Мұсаевпен де түрлі жолмен осындай келіссөз болып келді. Міне осы келіссөз белгілі бір нәтижеге жетсе керек. Өзара байланысудың бір арнасы пайда болғанға ұқсайды. Сондай құқықтық арнаның бірі Әлнұр Мұсаевтың шағым жолдауы болса керек.

Енді оқиғаның қалай өрбуін бақылап көру керек: шағым қалай қаралады, Бас прокуратура әрі қарай не істейді, Әлнұр Мұсаев тағы қандай қадамға барады? Соны көру керек.

Бұл жерде менің тағы да шегелеп айтқым келетіні: бұл саяси-құқықтық жағдай. Бұл істе құқықтық тұрғыдан бәрі де дұрыс, ал саяси тұрғыдан қарағанда–тек түрлі болжам жасауға тура келеді»,-деп ойын қорытты Адам құқы және заңдылықтардың сақталуын қадағалау жөніндегі халықаралық қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис.

Тағы да еске сала кетейік, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың әрқайсысы ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оның ішінде кісі ұрлаумен айналысты және билікті басып алуға әзірленді деген айыптармен бас-аяғы 40 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айыратын жазаға кесілген болатын.
XS
SM
MD
LG