Accessibility links

«Түсінбейтін мал», сәнқойлық пен «қырсық» мінез


Қазақстан мен "Нұр Отан". Сәбиттің карикатурасы.
Қазақстан мен "Нұр Отан". Сәбиттің карикатурасы.

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш оқиғаны ғана айтайын.


І. «НҰР ОТАН»: «БІР КҮНДЕ – ҮШ МЫҢ МҮШЕ»

1999 жылы тіркелген, содан бері Қазақстан президенті Назарбаевтың төрағалығымен келе жатқан «Нұр Отан» партиясы 1 наурызда туған күнін атап өтті.

- Күн сайын партиямыздың жақтастарының саны өсе түсуде. Партия қатарына қосылғысы келетіндер арасында түрлі сала өкілдері – еліміздің қоғамдық ұйымдарының көшбасшылары, бұқаралық ақпарат құралдары мен бизнес құрылымдарының өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, ардагерлер қозғалысының өкілдері мен студент жастар бар, - дейді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин.

«Егемен Қазақстанның» жазуынша, «бір күн ішінде «Нұр Отан» партиясының қатары 3 мыңнан астам қазақстандықпен толықты».
«Нұр Отан» оқуыма төлеп жатқан жоқ қой кіретіндей» деп едім: «Түсінбейтін мал екенсің, саған протокол толтыру керек екен» деді.

Ал Атыраудағы мұнай және газ институтының механика факультетінің бір студенті «Нұр Отанға» мүше болғанын кураторы қолына партбилет ұстатқан кезде ғана біліпті.

- «Билет маған керек емес. «Нұр Отанға» кірмеймін» деп жыртып лақтырып тастағам. Сосын куратор: «Оны жыртуға болмайды, оқудан шығарамыз» деп, деканға апарды. Ал декан болса: «Сенің оқып жатқаның – «Нұр Отанның» арқасы. Сені оқытып жатқан – «Нұр Отан». Оған кіру керек» деді. «Нұр Отан» оқуыма төлеп жатқан жоқ қой кіретіндей» деп едім: «Түсінбейтін мал екенсің, саған протокол толтыру керек екен» деді, – дейді студент.

P.S. «Нұр Отанның» қатарына «бір күнде қосылған 3 мың адамның» нешеуі өздерінің президент партиясына мүше болғанын білді екен?

ІІ. «СӘНҚОЙ» ДӘРІГЕРЛЕР МЕН «РАЗЫ» НАУҚАСТАР

Денсаулық сақтауға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына орай осы аптада өткен жиынға қатысқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов дәрігерлерге наразы екенін айтты.

– Олардың (дәрігерлердің – ред.) кейбірі тойға баратындай әшекейленіп, сәндене киініп барады жұмыстарына. Пациенттер оған наразы болады. Мұндай мақтанды қойып, жұмысқа көп көңіл бөлу керек, – деді Есімов.

Сол жиынға келген денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың сөзіне қарағанда, дәрігерлерге наразы жұрт керісінше азайыпты.
Дәрігерлердің кейбірі тойға баратындай әшекейленіп, сәндене киініп барады жұмыстарына. Пациенттер оған наразы болады.

Есімов мырза айтқан «сәнді киінген» дәрігерлердің әсері ме, әлде басқа бір құпиясы бар ма – әйтеуір 2011 жылы денсаулық қызметкеріне наразы алматылықтардың саны 2010 жылмен салыстырғанда 32 пайыз кем болған.

Менің ойымша, әкім мен министр осы айтқан деректерін бір-бірімен бөлісіп, кеңессе, ақылдасса – дәрігерге наразы жұрттың қарасы биыл былтырғыдан да азаюы керек.

P.S. Егер дәрігерлер жұмыстарына сәнденіп киініп бармаса, оларға наразы пациенттер үлесі қанша пайызға артатынын немесе кемитінін әкім мен министр есептеп шығара алар ма екен?

ІІІ. ЖАҢАӨЗЕН МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджанов осы аптадағы бір жиында «қазір Жаңаөзен халқы дұрыс өмір сүру үшін бәрін жасап жатқанын» айта келе:

- Бірақ тұрғындар да өзгеруі керек. Мінезін, ең бастысы мемлекетке иек арта бергенін қоюы керек, - деді.

Оның айтуынша, жұрттың бәріне мұнай өндірісінен жұмыс табыла бермейді, сондықтан әркім «өз қамын өзі ойлауы керек».

- Жұмыс жоқ дейді. Жұмыс бар, бірақ айлығы аз болған соң барғылары келмейді. Бұл дұрыс емес. Әркім жұмысты өзі іздеуі керек, – дейді Маңғыстаудың әкімі.

Бауыржан Мұхамеджанов Жаңаөзен оқиғасының себебін – 1975 жылдан бері Жаңаөзенде мұнай өндіру 6 есе азайғанынан, халықтың 6 есе көбейгенінен көреді.
Жұмыс жоқ дейді. Жұмыс бар, бірақ айлығы аз болған соң барғылары келмейді. Бұл дұрыс емес. Әркім жұмысты өзі іздеуі керек.

Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада елде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпуспен кездескенде, әрине, қазақстандық ауқымда сөйледі.

– Мерейтойлы 2011 жыл әлемдік экономикалық дағдарыстың жалғасып жатқанына қарамастан, Қазақстанның одан әрі қарай экономикалық өсімге қол жеткізіп отырғанын қуаттап берді. Елдің ішкі жалпы өнімі 7,5 пайызға өсті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі көлемі 11 мың доллардан асып түсті. Біз осы көрсеткіштерімізді мақтан тұтамыз, өйткені бұл көрсеткіштер тәуелсіздік жылдары 16 есе өсті. Біз адам басына жылына 700 доллардан бастаған болатынбыз, – дейді президент Назарбаев.

Оның айтуынша, «индустриялық секторда жаңа 90 мың жұмыс орны құрылды. 60 жаңа кәсіпорын қазірдің өзінде жобалық қуатына шығып, 2 миллиард доллардың өнімін өндірді. Біз қазір бүкіл әлемде не болып жатқанын білеміз, ал Қазақстанда жұмыссыздық төмендеп келеді».

P.S. Жаңаөзендегі «мемлекетке иек артып алған» жұмыссыз халық «Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 20 жылда 16 есе өскенін, 90 мың жұмыс орны құрылғанын, жұмыссыздық төмендеп келе жатқанын» сезе ме екен?
XS
SM
MD
LG