Accessibility links

Қазақстанға қолдау көрсетерден бұрын ондағы саяси реформаларды ескеру керек


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ саммитіне қатысушыларды қарсы алып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ саммитіне қатысушыларды қарсы алып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

«Қазақстан жолайрықта» есебі ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылы Астананың қоғамды либерализациялауға қолайлы мүмкіндікті қолдан шығарып алғанын айтады.


2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен Қазақстанның билік режимі бұл міндетті өз мүддесіне пайдаланудың барлық айла-шарғысын жасады дейді «Қазақстан жолайрықта» есебінің ауторы Адам Хьюг.

ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУГЕ МҮМКІНДІК ЖОҚ

Адам құқығы мен басқару мәселелерінде елеулі шектеулер бар екендігін алға тартқан зерттеуші Қазақстанға мұнан кейін қандай да бір халықаралық ұйымдарға жетекшілік етуді тапсыру жөнінде идея туа қалса, халықаралық қауымдастық осы мәселені ескеру қажет деп санайды.

Есептің «Бүгінгі Қазақстан» деп аталатын бөлімінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке қандай жолмен келгені, сайлаушылардың дауысына қалай ие болғаны, өзіне президенттік сайлауға қанша қаласа, сонша рет түсуге мүмкіндік беретін өзгерістерді Конституцияға енгізу үшін парламентке қалай жолдағаны баяндалады. Сондай-ақ Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай келетін әділ де ашық сайлаудың ешуақытта өтпегенін де айта кетеді.

«Қазақстан жолайрықта» есебінің ауторы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт пен Азаптауға қарсы конвенцияның қосымша хаттамасына қол қойған Қазақстанның адам құқын сақтау мен одан әрі жетілдіру мәселесі бойынша алға баспай отырғанын айтады. Интернет еркіндігі, діни сенім бостандығы, құқық қорғаушылар мен журналистерге қарсы қатыгездік әрекеттер тыйылмай отыр. Сол себепті бұл ел жаһандық рейтингте өзге де постсоветтік мемлекеттермен бірге «нұқсан келтірушілердің» қатарынан шыға алмай келеді.

Халықаралық қауымдастықтың ықпалымен Қазақстан үкіметі ішінара реформалар жасағансыды. Соның бірі - саяси партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелер санын азайту жөнінде «Саяси партиялар туралы» заңға енгізілген өзгеріс. Түрікменстан мен Өзбекстан секілді ашық қуғын-сүргінге салмайтын, «жамандардың ішіндегі жақсысы» болып саналатын Қазақстанда сайлау деген – көз алдау ғана. Оппозициясының жеңіске жетуге еш мүмкіндігі жоқ, ал заң шығарушы органды тек бір партия ғана иеленіп отыр делінеді есепте.

Конституцияда белгіленген президент өкілеттігін референдум арқылы ұзарту жөніндегі әуре-сарсаң мен президент сайлауын өткізу жөнінде төтеннен басталған саяси процестер де назардан тыс қалмаған. Мұның барлығы да биліктің онсыз да әлжуаз қарсыластарын одан сайын тұқыртып тастады. Саяси процесте нақтылы құқықтық сабақтастықтың ізі де көрінбейді және шынайы бәсекелестік үшін саяси кеңістікті ашу ниеті де байқалмайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында табиғи мұрагерлер де жоқ дейді сарапшы.

Режим мен оның төңірегінде жүргендерді батылы жетіп сынай қалғандарға жала жабу – биліктің сыралғы әдіс-тәсілдерінің бірі. Бұл ретте аутор «Азат» газетінде тілші қызметін атқарған кезде журналист Қазис Тоғызбаевқа 2006 жылы сәуір және мамыр айларында «Куб» сайтында жарияланған екі мақаласы үшін айып тағылып, «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ожданына нұқсан келтіргені үшін» екі жылға шартты жазаға тартылғанын мысалға алады. 2008 жылы сәуір айында Алматының аудандық соты бұл үкімнің күшін жойды. Қазір Қазис Тоғызбаев - «Азаттық» радиосының жетекші журналисі.

Сондай-ақ Азат Еуропа/Азаттық сайты мен Рахат Әлиевтің «Живой журналдағы» блогына тосқауыл қойылғаны да атап өтілген.

САММИТТЕН ФУТБОЛ АРТЫҚ

Қандай да бір қарсылықтарға қарамастан, президент Нұрсұлтан Назарбаев көздеген мақсатына жетіп, ЕҚЫҰ-ға төрағалық тізгінді ұстады. ЕҚЫҰ саммиті мен төрағалық Қазақстанның өз ішінде аса зор насихат құралына айналып, биліктің халықаралық тұрғыдан мойындалып отырғандығының белгісі ретінде көрсетілгенін сырт адамдар түсіне бермейді. Мың теңгелік
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның мемлекеттік хатшысы, сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
мерекелік банкнотты айтпағанда, сүттің қорабы мен күріштің қабы (аутор оларды өз көзімен көрді) де саммит атымен сәнделгені күлкі туғызды.

Саммитке бірнеше негізгі мемлекеттердің басшылары (соның ішінде Ангела Меркель мен Дмитрий Медведев аса мәртебелі қонақтардың қатарында болды) қатысты, бірақ Барак Обаманың орнына Хиллари Клинтон, Николя Саркозидің орнына Франсуа Филлион келді.

Дэвид Кэмеронның келмей қалуы Англияның Қазақстанға келіп, режимнің қолын алып кетуден гөрі футболдан өтетін әлем чемпинатының конкурсын жоғарырақ қойғандығын көрсетсе керек (бұл конкурстан Англия өтпей де қалды). Ұлыбританияның Еуропа істері жөніндегі министрі Дэвид Лидингтонның сыртқы істер министрі Уильям Хейгтің орнына қатысуын, егер делегацияны Дэвид Кэмеронның орнына премьер-министрдің орынбасары Ник Клегг басқарып келмесе, дұрыс екен деуге де болатын еді деп тұжырады шетелдік сарапшы.

Қазақстан әлі де болса халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын арттыра түскісі келеді, ал бұл оған кезекті ұйымға мүшелік тізімді толықтыру мен өз халқын және халықаралық қауымдастықты алдарқату үшін ғана қажет дейді Адам Хьюг.

«АЙЫПТАУ ҚАЖЕТ»

Есептің үлкен бөлігі Қазақстанның экономикасына, мұнай және газ саласы мен Қазақстаның одан түсіріп отырған пайдасына арналған. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің он шақты жыл ішінде еселеп өсіп, 1260 доллардан 2008 жылы 6140 долларға жеткенін оң бағалайды. Ұлттық қор құру арқылы билік баға ауытқуы мен «голланд ауруына» қарсы күресте ұлттық валютаның қарқынды нығаюын айтарлықтай ауыздықтауға мүмкіндік алды дейді аутор.

Алайда әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстанға да соққысын тигізді. Қарыз ақшалардың есебінен күмпиген банк секторы мен алыпсатарлықпен қалыптасқан тұрғын-үй бағасы 2007 жылы жарылды. 2009 жылы ақпан айында Қазақстанның Ұлттық банкі теңге бағамын қолдаудан бас тартып, 25 пайызға девальвациялады деп жазады «Қазақстан жолайрықта» есебінің ауторы.

Бұрынғы Совет одағының басқа мемлекеттері секілді Қазақстанда да жемқорлық мәселесі елеулі проблема болып тұр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жемқорлықтың тамырына балта шабуға шақырған ұрандарына аты-шулы «Қазақгейт» оқиғасы көлеңкесін түсірді.

Мұрагер мәселесінің басы ашылмауы, мемлекеттің тұрақтылығы қазіргі президенттің денсаулығы мен өміріне ғана тәуелді болуы алаңдатарлық жайт. Өйткені ол аяқ астынан қаза болса немесе басқаруға жарамсыз болып қалса - мұрагерлік мәселесі айтарлықтай проблемаларға әкеліп соғуы мүмкін дейді сарапшы.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені және Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етіп отырғанын айта келіп, сарапшы «өңірлік жетекшілікке ғана емес, әлемдік деңгейдегі ойындарға да қатысуға ұмтылып отырған мемлекет, мәселен Өзбекстан режимінен де жаман режим жасай алмайды» деген пікірде.

Халықаралық қауымдастық, сөз жоқ, Қазақстанға ЕҚЫҰ төрағасы ретінде бұл жүйеге елеулі реформалар жасатуға болатын үлкен мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Қазақстанның серіктестері - Ұлыбритания, Еуропалық одақ пен өзге де елдер келешекте бүгінгі режимнің саяси реформаларсыз-ақ бедел жинау әрекетіне тоқтау салуы қажет. Өзін Батыста қалай қабылдайтыны Қазақстанның ойланатыны анық. Оның стратегиялық баламалары идеалды деуге де болмайды, бірақ бұл Батыстың ықпалын шектеу үшін балама одақтарын дамытпайды дегенді білдірмейді деп түйеді аутор.

Өз кезегінде Қазақстанмен арадағы экономикалық және саяси ынтымақтастық елдегі адам құқының сақталуына қарай жасалуы тиіс, ал ол сақталмаған жағдайда нақтылы айыптау қажет дейді сарапшы Адам Хьюг.
XS
SM
MD
LG