Accessibility links

Оппозиция мәңгілік президенттік институт енгізілуіне қарсы болса, Сенат оған қолдау танытады


Оппозиция жетекшілері Болат Әбілов (сол жақта)пен Жармахан Тұяқбай. Алматы, 16 қыркүйек, 2009 жыл.
Оппозиция жетекшілері Болат Әбілов (сол жақта)пен Жармахан Тұяқбай. Алматы, 16 қыркүйек, 2009 жыл.

Алматыда «Азат» партиясы мен Әділетті Қазақстан үшін қозғалысының жетекшілері «Нұр Отан» партиясы тарапынан қолдау тапқан президентті өмірінің соңына шейін билікте қалдыру туралы бастамаға қарсылықтарын мәлімдеді. Сенат болса бұл мәселе турасында президенттің пікірін білгісі келеді.


САЙЛАУ ӘДІЛ ӨТЕР БОЛСА БОЛАТ ТА БАҒЫН СЫНАР ЕДІ


Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай «Нұр Отан» партиясының «Ұлт көшбасшысы» туралы конституциялық заңның қабылдануына қатысты ұсынысын «жағымпаздық» деп бағалап, мемлекет басшысын бұл ұсыныстан бас тартуды өтінді.
Оппозиция жетекшісі Жармахан Тұяқбай баспасөз мәслихатында. Алматы, 16 қыркүйек 2009 жыл.

- Бұл ұсыныс тек қана себеп. Бүгінгі біздің елдегі қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік және саяси проблемалардың тығырыққа тірелуінің себеп-салдарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бастама- жағымпаздық пен президентке ұнаудың, оның сеніміне кіре отырып, өздерінің


дұрыс емес ойларын жүзеге асырудың көрінісі, - дейді Ж.Тұяқбай.

Ж.Тұяқбай Нұрсұлтан Назарбаев барлық айтылғандарды ой елегінен өткізіп дұрыс шешім қабылдап «өмірлік президенттен» бас тартуы мүмкін деген үмітінің бар екендігін айтады. Алайда «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов Н. Назарбаев билікте отырғанда президенттік сайлаудың болмайтындығына сенімді.

- Президенттің бүгінгі халық арасындағы беделі шамамен 30 пайызды құрайды. Уақыт өте ол да азаюы мүмкін. Сондықтан президентке бұл құжатты қабылдап, өзін өмірлік басшы етіп тағайындау ыңғайлы,- дейді Болат Әбілов.

Әбіловтың айтуынша, президентікке лайықты бірқатар азаматтар бар.

- Мәселен, Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, өзіміздің Қосанов Әміржан бар, әділ сайлау болатындығына сенімді болсам мен де бағымды сынап көрер едім. Алайда бізде Назарбаев билікте отырғанша әділ сайлау, тіпті сайлау да болмайды, - дейді «Азат» партиясының жетекшісі.

"БҰЛ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҰЯТҚА ҚАЛДЫРАТЫН ЖАҒДАЙ"

Оның сөзіне қарағанда, осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы мен президент әкімшілігі арасында жарыс басталған. Қыркүйектің басында ақтөбелік профессор Закретдин Байдосов, Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды басқаруды және әрқашан елге басшылық жасай беруіңіз керек деген ұсыныс айтқан болатын. Үш күн өткеннен соң президенттік «Нұр Отан» партиясы
Назарбаевтың өмірлік президент болуын қарастыратын «Ұлт көшбасшысы» туралы конституциялық заң қабылдауды ұсынды.
"Азат" партиясының төрағасы Болат Әбілов. Алматы, 16 қыркүйек 2009 жыл.



- Мен шетелдерде болып, өзімнің Қазақстаннан екендігімді айтқанымда маған бізде мұнай мен коррупцияның көп екендігін айтқан кездер болды. Енді бізге кезінде Борат мазақ еткен Қазақстаннан екендігімізді айтып күлетін болады. Біз мәңгілік президент заңдастырылған әлемдегі жалғыз мемлекет болатын болдық, - дейді Болат Әбілов.

«Азат» партиясының жетекшісі әділ сайлаудың өткізіліп билік басына білікті әрі белсенді жастардың келуін армандағанымен, өмірлік президенттік өкілеттік туралы бастама Назарбаевтың өзінен шығып жатқанына сенімді.


ПРОФЕССОР САЙЛАУҒА ҚАРЖЫ ЖҰМСАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ ДЕП БІЛЕДІ


Алайда, қазіргі президентті өмір бойы билікте қалдыру туралы бастаманы алғашқы болып көтерген ақтөбелік профессор Закретдин Байдосов білікті жастардың бар екендігіне күмәнмен қарайды.

- Қазақстан тәуелсіз алған 18 жылдың ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы ретіндегі ролі зор. Оны жоққа шығаруға болмайды. Осы қарқынмен жылжи берсек, біздің әлі де жетер жетістіктеріміз аз болмайды. Мен басқалар үшін жауап бере алмаймын, алайда мен бүгінгі президенттің жүргізіп отырған саясатын қолдаймын!- дейді Азаттық радиосына сұхбат берген Закретдин Байдосов.

Ұстаздың ұтымды ойлары көкейінде біраздан бері жүрген екен.

Түркменстанның мәңгілік президенті Сапармұрат Ниязов және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ашхабадтағы әуежайда. Мұрағаттағы сурет.
- Егемендігімізді алғаннан бері бірнеше рет сайлаулар болды. Оларға қыруар қаржы жұмсалды. Адам күші мен уақыт та кетті. Міне осының барлығын ойластыра келе «Осы сайлаудың қажеті бар ма?» деген ой келді. Қазіргі кезде Қазақстан өркендеу, даму сатысының алдында тұр. Осыны ары қарай жалғастыру үшін, сайлау өткізбей-ақ, президентімізге өкілеттік беріп, ары қарай билігін жүргізе берсе дұрыс болар еді деген менің өзімнің ойым болатын, - деді профессор.


ОППОЗИЦИЯ ҚАРСЫ ҚОЛ ЖИНАСА, СЕНАТ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ПІКІРІН БІЛМЕКШІ

Алайда оппозиция өкілдері «Жиырма жылдық жеке-дара басқару Қазақстан өмірінің барлық жағының дамуына орны толмас шығын келтірді, өркениетті әлемде елдің бәсекеге қабілетсіз екенін анықтап берді. Әсіресе, саяси жүйеге келтірілген зиян аса қауіпті» - деген мәлімдемесін жариялады.

«Азат» демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбілов: «егер президенттің өмір бойғы таққа отыруы туралы ой жүзеге асырыла бастаса, біз республика бойынша наразылық акцияларын өткіземіз. Одан өзге қазірдің өзінде осы ұсынысқа қарсы азаматтардың қолын жинауды қолға алып жатырмыз».- деді.

Ал бұл кезде кейбір сенаторлар «Ұлт көшбасшысы» жөніндегі заңды қабылдауға қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Онда Нұрсұлтан Назарбаевқа өмірлік президент өкілеттігін беру мәселесі қарастырылуы мүмкін. Сәрсенбі күні парламент сенатының вице-спикері Александр Судьин журналистерге берген сұхбатында «Ұлт көшбасшысы» туралы заң қабылдануы қажет деп мәлімдеді.

Ал ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша сенат комитетінің төрағасы Евгений Аман бұл мәселеге байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың пікіріне құлақ асуды ұсынып отыр.
XS
SM
MD
LG