Accessibility links

Қол жинауда билікке жақындар алға шықты


Сайлауда дауыс беріп отырған қарт адам. (Көрнекі сурет.)
Сайлауда дауыс беріп отырған қарт адам. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда президенттікке кандидаттарды тіркеу 25 наурызда аяқталады. Үш үміткер тіркелуге қажетті қолды бірнеше күнде асыра жинап, кандидат атанып үлгерсе, кейбірі қысқа мерзімде 90 мыңнан аса қол жинау мүмкін еместігін айтады

ЖЕДЕЛ ҚОЛ ЖИНАУ

Кезектен тыс президент сайлауына кандидат болып тіркелу үшін үміткер, заң бойынша, Қазақстанның әр аймағынан өзін қолдайтын сайлаушылардан шамамен 93 мыңдай қол жинап, қол қою парақтарын аумақтық сайлау комиссияларына тапсырады. Олар бес күн мерзім ішінде паспорт қызметі өкілдерінің қатысуымен үміткер тапсырған қолдардың растығын тексеріп, ол жөнінде тиісті хаттаманы Орталық сайлау комиссиясына өткізуі тиіс.

Биліктегі «Нұр Отан» партиясы ерте сайлауға ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтындардан төрт күнде жиналған 560 мың 523 адамның қолы ОСК-на тапсырылған соң, наурыздың 15-і күні ол ресми түрде президентікке кандидат болып тіркелгені жарияланды.

Назарбаевпен бір күнде қол жинауды бастаған Қазақстан халықтық коммунистік партиясы (ҚКХП) үміткері Тұрғын Сыздықов наурыздың 17-сі күні 98 мың 384 адамның қолын тапсырып, ОСК-ден Қазақстан президенттігіне кандидат куәлігін алған.

ҚХКП баспасөз қызметінің жетекшісі Назгүл Мағжан Азаттыққа «он төрт облыс пен Астана, Алматы және қалалық, аудандық филиалдары жұмыс істеп тұрған, құрамында 100 мыңнан аса мүшесі бар партияның қол жинауда еш қиындық көрмегенін» айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлау учаскесіне жұбайы Сарамен және жиені Нұрәлимен (сол жақта) алғашқы президент сайлауында дауыс беріп тұр. Алматы. 1 желтоқсан, 1991 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев сайлау учаскесіне жұбайы Сарамен және жиені Нұрәлимен (сол жақта) алғашқы президент сайлауында дауыс беріп тұр. Алматы. 1 желтоқсан, 1991 жыл.

«Нұр Отан» өкілдерінен қол жинауға қатысты сауалға жауап алу мүмкін болмады. Билік партиясы кандидатын қолдау үшін құрылған республикалық штабты президент Назарбаевтың саяси кеңесші қызметінен таяуда ғана босаған Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарады. Наурыздың 13-інде бірнеше аймақта қатар құрылған штаб мүшелері арасында «Ауыл», «Бірлік», Патриоттар партияларының жетекшілерімен бірге 2010 жылы Назарбаевтың президенттік қызмет өкілетін референдум арқылы ұзарту жайлы бастама көтеріп, қол жинап белсенділік танытқан Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов тәрізді танымал адамдар бар.

КӘСІПОДАҚ ТАҢДАУЫ

Президенттікке өзін-өзі ұсынғандар арасында Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов та бар. Ол төрт күнде 153 мың 152 қол жинап өткізген соң, 18 наурызда ОСК Құсайыновтың президенттікке кандидат болып тіркелгенін хабарлаған.

Бұған дейін облыс әкімі, вице-министр, министр сияқты жоғары лауазымды қызметтер атқарған, 2013 жылдан бері Қазақстан кәсіподақтары федерациясын басқаратын Әбілғазы Құсайынов осы жолғы сайлау науқанына байланысты екі айлық ақысыз демалысқа кеткен. Ал оның орынбасары Қайрат Айтуғанов – «Нұр Отан» партиясынан кандидат Назарбаевты қолдау штабының мүшесі. Екі миллионнан аса мүшесі бар делінетін Қазақстан кәсіподақтары федерациясы наурыздың 13-інде бұл сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтыны туралы арнайы мәлімдеме жасаған.

Қазақстан президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов.
Қазақстан президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов.

«Кәсіподақтар федерациясы президенттік сайлауға түсіп жатқан жетекшілері Әбілғазы Құсайыновтың кандидатурасына қалай қарайды» деген сауалға ұйым төрағасы орынбасарларынан жауап алу мүмкін болмады. Бұрын кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Сәрсенбай Мыңбаевтың сөзінше, «Құсайынов қол жинау процесіне кәсіподақты араластырмаған».

Кәсіподақтар федерациясы жетекшісінің Нұрлыбек есімді көмекшісі «төрағаның қайда, немен айналысып жүргенін еш хабары жоқтығын» айтты.

«ЕСКІ СЦЕНАРИЙДІ ҚАЙТАЛАУ»

Президенттікке өзін-өзі ұсынып, лингвистикалық сыннан өткен соң наурыздың 17-сі күні ОСК-ден қол жинау парағын алған «Жұлдыздар отбасы Аңыз адам» журналының иесі әрі бас редакторы Жарылқап Қалыбай «қол жинау үшін бөлінген уақыт өте аз» дейді. Мұндай саяси бәсекеге алғаш рет түсіп жатқан үміткер әр аймақтан қол жинау қиынға түсіп жатқанын айтады.

Жарылқап Қалыбай (оң жақта) өзінің үстінен шағымданушы ардагерлер өкілі Николай Жоговпен сот залында тұр. Алматы, 11 қыркүйек 2014 жыл.
Жарылқап Қалыбай (оң жақта) өзінің үстінен шағымданушы ардагерлер өкілі Николай Жоговпен сот залында тұр. Алматы, 11 қыркүйек 2014 жыл.

– Әр облыста сенімді өкілім бар. Бірақ, оларға қол қою парағын жеткізіп бергенше маған берілген мерзім де тәмам болатын сияқты. Сөйтіп, «ең болмаса қол да жинай алмады» деп күлкіге айналдырмақшы мені. Оның үстіне, басы артық қол қою парағым да жоқ. Маған 100 мың парақ берді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевқа жарты миллион парақ берген. Бұл жөнінде комиссияға айтқанымда, олар «дау шығарғалы тұрсыз» деп өзімді кінәлады, - дейді ол.

Былтыр өзі басқаратын «Жұлдыздар отбасы Аңыз адам» журналында Адольф Гитлер туралы мақалалар басқаны үшін «соғыс ардагерлерінің ар-ожданына тиді» деген айыппен сотқа тартылып, көп мөлшерде айыппұл салынған Жарылқап Қалыбай:

– Жиырма бес жыл ел басқарып, өзі президент болып тұрғанда қызметін қолдан беру - Орталық Азияда жоқ дәстүр, – дейді.

Орталық сайлау комиссиясы жанындағы лингвистикалық комиссия сынағынан өтіп, қол жинау парағын алған «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі Лимана Қойшиева қол жинауға қатысты Азаттық тілшісі сауалына жауап беруге құлық танытпады.

Ал лингвистикалық сынақтан өткендердің тағы бірі, жұмыссыз Қанат Төрегелдиев өзін жақтаушылардың қолын жинап үлгере алмайтындықтан сайлауға түсуден бас тартқанын айтты.

Хасен Қожа-Ахмет (оң жақта) наразылық шеруінде сөйлеп тұр. Алматы. 17 желтоқсан, 2011 жыл.
Хасен Қожа-Ахмет (оң жақта) наразылық шеруінде сөйлеп тұр. Алматы. 17 желтоқсан, 2011 жыл.

Сол сияқты, президенттік сайлауға өзін өзі ұсынып, қазақ тілі сынағынан сәтті өткенімен сайлаудан бас тартқанын мәлімдеген тағы бір үміткер Хасен Қожа-Ахмет «бес күн ішінде 93 мың адамның қолын билік жинап бермесе, тіпті партиялардың өздері жинап үлгермейді» деп санайды.

Ол Қазақстанда 1991 жылдың соңында өткен ең алғашқы бүкілхалықтық президент сайлауында биліктегі Нұрсұлтан Назарбаевқа жалғыз балама кандидат болып «Желтоқсан» қоғамдық ұйымы атынан түспек болған өз тәжірибесін еске алды.

– Ол кездегі заң бойынша, кандидат болуға қол жинау үшін бір ай уақыт бар еді. Бірақ сайлауға «Желтоқсан» сияқты сол кезде танымал ұйымдар өкілдерін ұсына бастаған соң дереу 20 күнге қысқартып, 10 күнге өзгертті. Сөйтіп, «қол жинай алмады» деген желеумен мені тіркемеді. Сол сценарий қазір де қайталанып жатыр, - дейді ол.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды тіркеу мерзімі 25 наурызда аяқталады. Сайлау 26 сәуірде өтеді.

XS
SM
MD
LG