Accessibility links

Астананың кезекті саяси ойыны қоғамдық наразылықты үдете түспек


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің инаугурация салтанаты кезінде. Астане, 8 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің инаугурация салтанаты кезінде. Астане, 8 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы көппартиялы парламент кұру үрдісі әлеуметтік наразылықтарды күшейтіп жіберуі ықтимал деп жазады EurasiaView басылымы шілденің 14-і күнгі санында.


Сарапшылар парламент көппартиялы болғанымен, Ақорданың оған шынайы оппозициялық партия я ұйымды жібермейтінін айтады.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, биліктің әрекеті өзгеше ойлайтындарды саяси мәселелерде өз айтқанымен жүргізуге мәжбүрлейді. Ал бұл қазірдің өзінде саяси өкілеттіліктен айырылған топтар арасындағы наразылықтың күшеюіне себеп болады. Наразылықтан саяси қарсылық мен тұрақсыздық туады.

«КӨППАРТИЯЛЫ ПАРЛАМЕНТТЕН» ОППОЗИЦИЯҒА ОРЫН ТИЕ МЕ?

Қазақстанның саяси аренасындағы өзгерістер шілденің басында басталды. Азат Перуашев «Нұр Отан» партиясының мүшелігінен шығып, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтың орнына барды. Ал Әлихан
Азат Перуашев. Алматы, 15 қазан 2008.

Бәйменов мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы болып тағайындалды.

«Бұл үрдістер партия саясатын қалыптастыру жоғарыдан төмен қарай жүргізілетінін көрсетті» дейді Оксфорд Брукс университетінің халықаралық қатынастар саласының оқытушысы және қазақстандағы саяси партиялар бойынша сарапшысы Рико Айзек.

– Бәйменовтың билікке көтерілуі, Перуашевтің орнын ауыстыруы Ақорданың келісімімен істелген. Ал мәжіліс сайлауында «Нұр Отанға» бәсекелес бола алатын «Ақ жол» көнбіс және қолбала партия болып қалады, – дейді маман.

Мәжілістегі барлық орынды «Нұр Отаннан» сайланған депутаттар иеленген. Соңғы парламент сайлауынан соң конституцияға енгізілген түзетулер енді бірпартиялы парламенттің қалыптасуына жол бермейді. Келесі парламент сайлауы 2012 жылдың тамызына белгілен. Бірақ қазір Астана мен Алматыда «шенеуніктер сайлауды осы күзде мерзімінен бұрын өткізіп жіберуі ықтимал» деген сыбыс та бар дейді басылым. Бірақ бақылаушылар сайлау қашан өтсе де, Астананың парламентке шынайы оппозициялық партияны өткізетініне күмән келтіреді.

Лондондағы Control Risks кеңес беру орталығының Орталық Азия бойынша сарапшысы Анна Уолкердің ойынша, «Ақ жол» партиясы басшылығындағы өзгеріс парламентте екінші орынға ие болар партияны Нұрсұлтан Назарбаевқа адал адамға тапсыруға бағытталған ауқымды жоспардың бір парасы болуы әбден мүмкін. «Әрі оны «Нұр Отанның» бұрынғы мүшесі арқылы іске асырудан өзге оңтайлы амалы бар ма екен?» деген пікір айтады сарапшы.

«САЯСИ ЖЕЗӨКШЕЛІК»

Қазақстандық бірқатар саясаттанушылар да бұл «ауыс-түйістерге» оң баға бермейді. Мысалы, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов бұл саяси ойындарды «саяси жезөкшелік» деген сөзбен ғана сипаттайды.

Ал президент Назарбаевтың кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев бұған қарсы пікір айтады.

– «Ақ жол» «Нұр Отан» партиясына лайықты бәсекелес бола алатын
Әлихан Байменов "Ақ жол" партиясының төрағасы кезінде. Алматы, 27 қыркүйек 2010 жыл.

партияға айналып келеді. Парламент бұл жерде «саяси дискуссиялық клубқа» айналмауы тиіс, – дейді Ертісбаев Tengrinews ақпараттық порталына берген сұхбатында.

Кеңесші бұдан бұрын «болашақта парламентте «Нұр Отанмен» иық теңестіре жұмыс істейтін сындарлы, іскер партия пайда болады» деп жорамал жасаған еді.

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев партияның шағын және орта бизнеске қолдау көрсететінін айтты. Ал сынаушылар оның үлкен бизнесті көп қолдайтынын айтады. Басылым Азат Перуашевтің олигарх Александр Машкеевичпен байланысы бар екенін, әрі президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен де «Атамекен» партиясында бірге қызмет істейтінін жазады. Бұл байланыстарды ескерсек, «Ақ жол» партиясы Тимур Құлыбаевтың саяси амбициясын іске асыру құралына айналып кетуі мүмкін деген болжам жасауға болады дейді EurasiaView.

ШЫНАЙЫ ОППОЗИЦИЯ

– Билік «Ақ жол» партиясының брендін, оның тарихын пайдалана отырып, Батысқа парламентте шынайы оппозиция бар деп айта алатын болады, – дейді Рико Айзек.

Ал қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, Нұрсұлтан Назарбаев әкімшілігі саясатқа бақылау жасауға ұмтылып отыр және «Ақ жол» партиясындағы өзгеріс саяси үрдістен шеттетіліп кеткендерді түңілдіре түсті.

– Халық ақымақ емес. Егер олар биліктің өздерін елеп-ескермейтініне, парламентте немесе мемлекеттік органдарда өздеріне орын тимейтініне көзі жете түссе, биліктен көңілі қала береді, – дейді Айдос Сарым.

Осыған орай кейбір бақылаушылар Батыс Қазақстандағы соңғы жағдайлар, әсіресе Шұбаршидегі қырғын мен Ақтөбеде жас жігіттің өзін-өзі жарып жіберу сияқты әлеуметтік наразылықтар экстремизмге себеп болып жүрмей ме деп алаңдап отыр.

– Биліктің «Ақ жол» партиясын өз қолайына қарай жоғарыдан қайта құруы іс жүзінде электораттың саяси мүмкіндіктерін арттырмайды. Нағыз оппозициялық қозғалыстар, мысалы, наразылық танытушы шахтерлердің мүддесін қорғайтын ұйымдар парламентте қандай да бір орынға ие болуы екіталай. Осыдан келіп халықтың басым бөлігі өз құқықтарынан айырылады да, мұң-мұқтаздықтарын наразылық таныту арқылы білдіретін болады, – дейді Лондондағы Control Risks кеңес беру орталығының сарапшысы Анна Уолкер.
XS
SM
MD
LG