Accessibility links

Radiotochka.kz редакторы «елден кетті»


Radiotochka.kz интернет-порталының бас редакторы Бекжан Ыдырысов. Алматы. 16 қараша, 2016 жыл.
Radiotochka.kz интернет-порталының бас редакторы Бекжан Ыдырысов. Алматы. 16 қараша, 2016 жыл.

Radiotochka.kz интернет-порталының бас редакторы Бекжан Ыдырысов Facebook желісіндегі парақшасында «биліктің қысымы» кесірінен Қазақстаннан кетіп қалғанын хабарлады. Журналист портал құрылтайшысы Бигелді Ғабдуллин қамалғаннан кейін "тергеу органдары өздеріне қажет түсінік беруге мәжбүрледі" деп жазған.

Radiotochka.kz ақпараттық сайтының бас редакторы болып жұмыс істеген журналист Бекжан Ыдырысов Қазақстаннен кету себебін Radiotochka.kz порталыныңы құрылтайшысы әрі Central Asia Monitor газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллиннің ісін тергеп жатқан коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюро қызметкерлерінің әрекеттерімен байланыстырған.

Бекжан Ыдырысовтың сөзінше, тергеушілер оны биліктің «шенеуніктерден ақша бопсалады» деген күдігіне ілінген Ғабдуллинге қарсы түсінік беруге мәжбүрлеген. Ыдырысовтың мәлімдеуінше, оны "үстіңнен қылмыстық іс қозғап, түрмеге қамаймыз" деп қорқытқан.

«Маған коррупцияға қарсы бюро қызметкерлерінің өзі «Сен білесің бе, кімдерді түрмеге отырғызғанымызды?! Матаев, Ахметов, Ермегияев! Сенің Ғабдуллиніңді де отырғызамыз» деп мақтанды. Матаев пен Ғабдуллин ақшаны жымқырған және әлі де жымқырып жатқан нағыз ұры-қарылардың қатарында емес екенін әлгі қазақтардың тіпті түсінбейтіні жиіркенішті. Қазақтар, әуелі Назарбаев пен оның отбасынан бастаңдар» деп жазады Ыдырысов.

Бұған қоса ол Қазақстанның 17 миллион азаматының бәрін «қазақ» деп түсінетінін, қазақтардың «мақтаншықтығынан» шаршағанын жазған.

Бекжан Ыдырысов Азаттыққа берген комментарийінде «қауіпсіздігін ойлап» қазір қай жерде екенін жариялағысы келмейтінін хабарлады. Оның сөзінше, өзі Қазақстаннан үш апта бұрын кетіп қалған, ал кеше оған жанұясы қосылған. Ыдырысов «елден кеткеннен кейін маған іздеу жарияланғанын Қазақстандағы дереккөздерден естідім» дейді.

Radiotochka.kz порталы өкілдері Ыдырысовтың елден кетуі журналистердің жұмысына әсер етпегенін, сайт әдеттегі режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

- Жұмыс істеп жатырмыз. Штатымыз сәл қысқарған шығар, мүмкін. Келер жылы не болатынын әзірше білмейміз, ал биыл жыл аяғына дейін жұмыс істейміз. Журналистер, видеоинженерлер - бәрі штаттық режимде күндегіше жұмыс істеп жатыр, - дейді Radiotochka.kz порталының бас редакторы міндетін атқарушы Евгения Сазонова Азаттыққа.

Коррупцияға қарсы ұлттық іс-қимыл бюросы баспасөз қызметі Азаттыққа тергеушілердің Бекжан Ыдырысовқа қысым жасағаны туралы болжамға қатысты сұрақтарға «әзірше жауап бере алмайтынын» айтып, кейінірек ақпарат беруге уәде етті.

Бас прокуратура Азаттықтың «Ыдырысовқа іздеу жарияланды ма?» деген сұрағына ресми сауал жолдауға кеңес етіп, жауап бермеді.

Қазақстандық Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz интернет-порталының құрылтайшысы Бигелді Ғабдуллинді қарашаның ортасында Астанада ұстап әкетіп, кейін сот оны қамауда ұстау мерзімін екі айға ұзартқан. Коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы болжамынша, 61 жастағы Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-тарда «іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз материалдар жариялау арқылы» мемлекеттік орган басшыларына қарсы ақпараттық шабуыл жасаған, ал кейін сынаған материалдарды тоқтау үшін лауазымды тұлғалардан өзінің медиаресурстары үшін мемлекеттік тапсырыстар бопсалаған».

Бигелді Ғабдуллин.
Бигелді Ғабдуллин.

​Бигелді Ғабдуллин қамауда отырғанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «тергеу абақтысынан шығаруды» өтініп, ашық хат жолдаған. Ғабдуллин хатында өзін президент саясатының ең адал жақтастарының бірі ретінде атап, не үшін қамалғанын түсінбейтінін жазған. «Айыптаушылардың қисынына салсақ, жоғары лауазымды шенеуніктерді сынаған кез-келген басылым, кез-келген журналист айыпты болып немесе бопсалаумен айналысқан болып шыға келеді» делінген хатта.

Ғабдуллинді қамағаннан кейін оның қарамағындағы Central Asia Monitor газеті мен Radiotochka.kz интернет-порталы редакцияларында тінту жүргізілген. «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы тінту кезінде заң талаптары өрескел бұзылған деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG