Accessibility links

Қосазаматтықты заңдастыру мәселесін жоққа шығарды


Қазақстан азаматының паспорты. Көрнекі сурет.
Қазақстан азаматының паспорты. Көрнекі сурет.

«Солтүстік Қазақстан облыстық әділет департаменті өткізген дөңгелек үстелде қосазаматтықты заңдастыруға қатысты әңгіме қозғалған жоқ». Бүгін баспасөз мәслихатын өткізген департамент бастығы Степан Зайтлер осылай деп мәлімдеді.


Қыркүйектің 24-і күні Петропавлда «Екі елдің азаматтығы фактілерін болдырмау» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткені туралы муниципалдық және "Жетінші арна" атты телеарналардың ақпарат таратқаны белгілі. Телеарналар қосазаматтықты заңдастыруға меңзейтін мәселелерге тоқталған болатын. Шекаралық облыстарда тұратындар үшін қосазаматтықты заңдастыру мүмкіндігі сенсация ретінде хабарланған еді.

Телеарналардың хабарлауынша, дөңгелек үстел басында жыл басынан бері сексеннен аса адамның екі елдің паспортымен ұсталғаны туралы дерек келтіріліпті. Ал қосазаматтықты алудың өзіндік "тәртібі" бар көрінеді.

«Мұндай заңсыздықтарды болдырмау мақсатында өткізілген жиында қалайша екі елдің азаматтығын заңдастыру мәселесі туралы сөз болмақ? Облыстық әділет департаменті ешқашан мұндай ұстанымда болған емес. Телеарна тілшілерінің таратқан ақпараты халық арасында наразылық тудырып, ұлтаралық келісімге нұқсан келтіруге мұрындық болып отыр», - деді Степан Зайтлер.

Қазір әділет департаменті бұл мәселенің анық-қанығын тексеруге кірісті. Сол үшін де телеарналардан қыркүйектің 24-і күні «Екі елдің азаматтығы фактілерін болдырмау» деген тақырыпта өткізілген дөңгелек үстелдің бейнетаспаларын сұратып жатыр.

«Ақпаратты бұрмалау анықталса, кінәлілер сазайын тартады», - деп сендірді департамент бастығы.

«Солтүстікқазақстандық шенеуніктер шекаралас өңірлерде қосазаматтыққа рұқсат етуді сұрайды» деген ақпаратты облыстық әкімдікке қарайтын муниципалдық телеарна мен "Жетінші арна" тілшілері таратқан болатын.
XS
SM
MD
LG