Accessibility links

Діни араздықты қоздыру бабы бойынша құқық қорғаушы Александр Харламовқа қарсы қозғалған екінші қылмыстық істі тергеу тоқтатылды. Бірақ дәл осы бап бойынша бес жыл бұрын ашылған бірінші іс әлі жабылған жоқ.

67 жастағы құқық қорғаушы Александр Харламовтың үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздық қоздыру") қозғалған істі тергеу тоқтатылды. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы ішкі істер бөлімі тергеушісі капитан Денис Симонов тамыздың 9-ы күні осындай қаулы шығарған. Прокуратура оны әлі бекіткен жоқ.

«ІЛІМІ» ІЛІККЕ АЙНАЛҒАН АТЕИСТ

Бірақ 2012 жылдың аяғында әлгі бап бойынша қозғалған бірінші қылмыстық іс Харламовтың мойнына ілінген қыл шылбыр болып әлі тұр.

Қылмыстық кодексте діни араздықты қоздыруды бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы жасалған ауыр қылмыстар қатарына жатқызады. Харламовтың үстінен қозғалған бірінші істе де, екінші ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде де тергеушілер оның дін туралы баяғы жазбаларының үзінділерін діни араздықты қоздыру, жаңа дін (әзірше түсініксіз ағым) құру деп таныған.

Ал Харламов өзін дүниеге ғылыми көзқарасты ұстанатын атеист деп атап, тағылған айыптарды мойындамайды. Ол кез келген дінді «халықты шатастыратын апиын» санайды. Бірақ ол діни ілімдер сын тұрғысынан зерттеліп, олардан этикалық құндылықтар сияқты, бірақ діни формадан тазартылған жақсы дүниелерді алуға шақырады.

2013 жылы Өскеменде Харламовтың бірінші ісі бойынша оның «іліміне» алдын ала сараптама жүргізілген болатын. Сарапшылар оның «ілімінде» діни араздықты қоздыруды көздейтін мәліметтер бар деген ұйғарым шығарған.Әлгі ұйғарымды Астанада жүргізілген келесі сараптама да растаған.

Александр Харламовтың бірінші ісінің жабылғаны туралы тергеуші қаулысының бірінші беті.
Александр Харламовтың бірінші ісінің жабылғаны туралы тергеуші қаулысының бірінші беті.

2013 жылғы тамыздың 9-ындаөткен соттағы жарыссөз кезінде прокурор Харламовты төрт жылға соттауды сұраған. Бірақ Харламов соңғы сөзін айтуы тиіс болған ақырғы сот отырысында прокурор сотты тоқтатып, жаңа жайттар ашылуына байланысты істі қайта тергеуге жолдауды сұраған. Олардың қандай жайттар екені әлі күнге дейін белгісіз. Прокурор Харламовқа қатысты бұлтартпау шарасын қамауда ұстаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыруды өтініп, судья сондай шешім шығарған.

2017 жылдың басында Харламовтың «екінші ісіне» қатысты Өскеменде жүргізілген алдын ала сараптама да төрт жыл бұрынғы сияқты оның «ілімінде» діни араздықты қоздыруды көздейтін мәліметтер бар деген ұйғарым шығарған. Бірақ шын мәнінде, биыл жазда Алматыда жүргізілген сараптама әлгі ұйғарымды жоққа шығарған.

Харламовтың үстінен 2016 жылдың аяғында қозғалған екінші істі тергеу осы негізде тоқтатылған еді. Бірақ Харламовтың үстінен 2012 жылдың аяғында қозғалған (оны әлемге әйгілі жұлдызға айналдыра жаздаған) бірінші іс әлі бар, бірақ әзірше тексерілмей тым-тырыс жатыр.

Бірақ Харламовқа оның пайдасы тиген жоқ, өйткені 2013 жылы ол әлгі іс бойынша алты айдай тергеу абақтысында отырды әрі мәжбүрлі түрде психиатриялық тексеруден өтті.

«СОЗБАҚТАҒАН САЙЫН АЙҚЫНДАЛЫП КЕЛЕДІ»

Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис Азаттыққа Александр Харламовтың ісін бұлай созбақтау мүлде ақылға сыймайды әрі Харламовтың әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ дейді.

Құқық қорғаушының мәлімдеуінше, Харламовтың «екінші ісін» созбақтаған сайын оған сандырақ айып тағылғаны, әсіресе Харламовтың дәл сол айыптармен қозғалған бірінші ісі қалып, ал екіншісі жабылған қазіргі кезде тіпті айқындала түскен. Жовтистің пікірінше, «Харламов ісін» түкке тұрғысыз деп санауға екі себеп бар. Біріншіден, Харламовтың әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ; екіншіден, куәгерлер де, жапа шеккен жәбірленушілер де жоқ болғандықтан, әлгі іс мүлде күрделі емес.

Бірақ құқық қорғаушы Евгений Жовтис Харламовтың жазықсыз екенін дәлелдеуді қиындатып тұрған екі проблеманы атайды. Жовтистің сөзінше, бірінші себеп - діни араздықты қоздыру бабындағы терминдердің түсініксіздігі мен екіұштылығы.

Жовтистің сөзінше, Харламовтың жазықсыз екенін дәлелдеуді қиындататын екінші проблема – сот тағайындаған психологиялық-филологиялық сараптаманың біліксіз болуы, көбінесе тергеудің ығына жығылатыны. Бірақ Жовтистің сөзінше, екінші іс бойынша сараптаманы Алматы қаласындағы сот сараптамасы институтының кәсіби біліктілігімен танылғанына 10 жылдан асқан бас сарапшысы Әсет Сыбанқұлов жоғары деңгейде өткізіп, Харламовтың жолы болған.

Бірақ Евгений Жовтис егер жергілікті билік «қасарысса» және Харламовты қайтсе де түрмеге жапқысы келсе, олар өзге көнбіс сарапшыларды тауып алады дейді.

«ИІЛМЕУ»

Харламовтың «бірінші ісінің» тым созылып кетуі жергілікті билік басшылыққа алған себептерден ғана емес, Харламовтың жеке тұлғасына да байланысты болып отыр. Харламовтың Азаттыққа айтуынша, ол ісінің дұрыстығына сенімді болса, өз дегенінен танбайтын адам. Оның басты ұстанымы – «иілмеу». Бұған қоса, ол «67 жасында өзгере алмайтынын» айтады.

Александр Харламов жергілікті құқық қорғау органдарын түртпектеп, бірінші істі жабуды талап етіп келеді. Бірақ ол әзірше күмілжіген жауаптар ғана алып жүр. Бірақ соңғы жауапты ол былтыр қыркүйекте алған - онда жергілікті полиция істі прокуратура зерттеп жатыр деп хабарлаған, ал прокуратура «ісіңіз полицияда жатыр» деп хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы прокурорының құқық қорғаушы Александр Харламовқа оның (бірінші) ісі туралы берген жауабы.
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы прокурорының құқық қорғаушы Александр Харламовқа оның (бірінші) ісі туралы берген жауабы.

Харламовтың тұлғасына тән бірнеше ерекшелікті психиатриялық сараптама нәтижелері де, оны өткізуге байланысты жайттар да сипаттайды. Мысалы, 2013 жылдың көктемінде Өскеменде жүргізілген психиатриялық сараптама Харламовтың ақыл-есі дұрыс емес деген алдын ала диагноз қойған. Ал мәжбүрлі түрде психиатриялық тексеруден өткізу үшін Харламовты 2013 жылдың жазында Алматыға этаппен апарған кезде кей адамдар оған «өзіңді ақылынан адасқан жан етіп көрсетсең, түрмеден аман қаласың» деп кеңес айтқан. Бірақ ол жұрттың әлгі кеңестерін тыңдамаған.

Ал Александр Харламовтың психикасының ерекшеліктеріне келсек, 2017 жылғы ақпанның 16-сында Өскемендегі сот-психиатриялық сараптама комиссиясы шығарған ұйғарымға сәйкес, «А.М.Харламовтың тұлғасына эмоцияға тез берілгіш, құбылмалы мінез тән екені анықталды, олар жүріс-тұрысына онша әсер етпеген».

Психиатриялық сараптама Харламовтың тұлғасын «Психикасы сау, тәуелсіз позиция ұстануға ұмтылады, пікір-пайымдары ерекше. Мінезі тез әсерленгіш, біреумен сөйлескенді, жұртпен араласқанды жақсы көреді, өзіне сенімді, үлкен жетістікке жеткісі келеді, тым белсенді, ақылгөйсуге бейім» деп сипаттайды.

Құқық қорғаушы Александр Харламов бұл тұжырымдардың бір бөлігімен келіспейді, бірақ ол «жергілікті психиатрлар 2013 жылғыдай ақыл-есі кем деп ұйғарым шығаруға бұл жолы сескенді» дейді қанағаттанған сезіммен.

Адамдардың құқығын сотта сәтті қорғау арқылы жергілікті құқық қорғау органдарының қитығына тиіп (әлі де тиіп жүр) ертеректе Риддер қаласында ғана танымал болған Александр Харламовтың есімі оның үстінен бірінші қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Қазақстан ғана емес, одан тысқары жерлерге де белгілі болды. Ресейлік БАҚ-тар Қазақстанда Александр Харламовты атеистік көзқарастары үшін түрмеге қамауға тырысып отыр деп жазып жатыр. Харламов 2013 жылы діни араздық тудырды деген айыпен сотқа тартылған соң танымал болған. Ол сол кезде өзінің болашақ "кітабының" үзінділерін интернетте таратқан. Қылмыстық іс сарапшылардың ол туралы "христиандық ағым жасады" деген қорытындысы негізінде қозғалған. Харламов екі рет мәжбүрлі түрде психитариялық емделуге мәжбүр болып, ақыры республикалық психитариялық комиссия оның дені сау деген қорытынды шығарған.

2013 жылы Human Rights Watch халықаралық ұйымы мен АҚШ-тың әлемдегі дін еркіндігі мәселелері жөніндегі комиссиясы Қазақстан билігін Харламовтан қылмыстық айыптарды алып тастап, оны қамаудан босатуға шақырған. Ол кезде қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары Александр Харламовты саяси тұтқын деп таныған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG