Accessibility links

Адам құқығы бюросының кеңсесі тоналғанда ноутбуктер жоғалды


Халықаралық адам құқығын қорғау бюросының қазақстандық Қостанай филиалының жетекшісі Анастасия Миллер.
Халықаралық адам құқығын қорғау бюросының қазақстандық Қостанай филиалының жетекшісі Анастасия Миллер.

Халықаралық адам құқығы бюросының Қостанайдағы кеңсесі тоналып, ноутбуктері жоғалғаны хабарланды. Полиция оқиға бойынша тергеу бастаған.

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның (АҚҚБ) Қостанайдағы филиалын өткен демалыста белгісіз біреулер тонап кетті.

АҚҚБ бюросының заңгері Махаббат Қадыралинованың Азаттыққа айтуынша, ол жексенбі күні Қостанайдағы Победа көшесінде орналасқан кеңсеге барғанында кеңсе терезесінің сынғанын байқаған. Филиал директоры Анастасия Миллер жексенбіде Facebookтегі парақшасына "АҚҚБ-ның Қостанайдағы филиалын тонап кетті, белгісіз біреулер терезені сындырып, кеңсеге кіріпті... қазір не жоғалғанын анықтап жатырмыз, себебі құжаттарды ақтарыпты..." деп жазды.

АҚҚБ-ның ресми сайтындағы хабарламада тонауға түскендер екі ноутбукты әкеткені айтылған. Бұл ноутбуктер негізінен заңгерлердің аудандарға шыққанда азаматтығы жоқ адамдарды тіркеп отыруына арналған. Бұған қоса АҚҚБ тонаушылар кеңседегі жаңа проекторға, жүйелік блоктар мен басқа да техникаларға тиіспегенін айтады. "Бұдан өзге, тонаушылар құжаттарды ақтарған, кейбір құжаттар жоғалған болуы мүмкін" делінген хабарламада.

Ал АҚҚБ директорының орынбасары Денис Дживагидің айтуынша, әзірге қандай да бір құжат жоғалды деп айтуға әлі ерте. Ол қазір құжаттарды тексеріп жатқандарын айтады.

- Тонап кетті. Қызметкерлер терезенің ашылғанын анықтады. Әзірге екі ноутбук жоғалды деп отырмыз. Ноутбуктерде қандай да бір мәліметтер бар деп ойламаймын. Түсініксіз. Тонаушылардың мұнда не оймен кіргенін білу керек, - деді Денис Дживаго Азаттыққа.

Қостанай қалалық ішкі істер басқармасының Солтүстік бөлімінің мәліметінше, полицияға тонау туралы шағым 19 шілде күні сағат 10:16-да түскен. Тонау фактісі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркеуге алынып, тергеу басталған.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро Қостанайдағы филиалының қазір жұмысын жалғастырып отырғанын айтады. Ұйымның Қостанайдағы филиалы 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Филиал Победа көшесіндегі жеке ғимаратта орналасқан.

XS
SM
MD
LG