Accessibility links

«Руханияттың» съезінде Шаханов «рухани жетекші» атанды, ал Қайсар келмей қалды


"Руханият" партиясы съезінің делегаттары. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.
"Руханият" партиясы съезінің делегаттары. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.

Билікпен ымырашыл «Руханият» партиясы 2012 жылы 12 қаңтарда өтетін мәжіліс депутаттығына партия атынан түсетін кандидаттарының тізімін белгілеп, сайлауалды бағдарламасын қабылдады.


Алайда қарашаның 30-ы күні Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйінде өткен «Руханияттың» кезектен тыс съезіне Мұхтар Шаханов «Халық рухы» партиясының өкілдерін бастап келгенімен, бұрынғы сенат депутаты, тіркелмеген «Абырой» партиясының жетекшісі Уәлихан Қайсар қатыспады.

Тек қазақ тілінде өткен съезде Серікжан Мәмбетәлин «Мұхтар Шахановты «Руханият» партиясының қоғамдық көшбасшысы, рухани лидері» деп сайлауды ұсынды. Съезд бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, сол сәтте қаулы қабылдады.

«ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ПҰШПАҒЫ» ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ ЕМЕСТЕР»

Съезде бірінші болып сөз алған Мұхтар Шаханов сөзінің басында «Халық рухы» қозғалысының партия ретінде әлі тіркелмегенін көпшіліктің есіне тағы бір рет салды:

– Бұл не деген сөз? Бұл – біздің елімізде демократияның пұшпағы да жоқ деген сөз, – дейді Мұхтар Шаханов. – Біз аштық жариялағаннан кейін
Мұхтар Шаханов "Руханият" партиясының съезінде. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.
Мұхтар Шаханов "Руханият" партиясының съезінде. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.
билік амалсыздан райынан қайтты. Егер біз үн көтермегенде, «Руханият» партиясы үн көтермегенде, барлықтарыңыз осы кезде қазақстандық ұлттың құрамында болар едіңіздер. Қазақстандағы барлық ұлттар осындай бейшара жағдайға келер еді.

Мұхтар Шаханов өзіне биліктің «бір тиынға керегі жоқ екені, ұлттық құндылықтарды қалпына келтіру үшін ғана сайлауға түскелі отырғанын» ескертті.

– «Руханият» партиясының басшысы көп ретте бізбен бірге келе жатыр. Өткенде тіл жөнінде жазған ашық хатқа да қол қойды. Кейбіреулер өз қолынан бас тартып жатқанда ол азаматтық танытты. Елдік, ұлттық мүддеге жаны ауыратын жігіт. Мені басқа партиялар да шақырды. Бірақ мен осы партияға енгенді дұрыс көрдім, – деді «Руханият» партиясының «рухани лидері» Мұхтар Шаханов.

Ол партия төрағалығы жөнінде де айтып өтіп, бұл мәселені сайлаудан кейін қарайтынын, әзірге партия жарғысын өзгертуге болмайтынын сөз етті.

– Біз партияның бағдарламасын жасадық. Бұл – бұрын-соңды болмаған бағдарлама. Онда үлкен елдік ұлттық мүдделер бар. Үндемей жата берсек, жағдайымыз не болады, ұлтты қайтеміз? Сондықтан ұлтымыздың рухани құндылықтарына жаны ашымайтындардың барлығын мен азамат емес, қазақ емес деп есептеймін. Менің мақсатым қазақтың мықты-мықты жігіттерін алға шығару, – деді Мұхтар Шаханов.

«НҰР ОТАННАН КЕМ ЕМЕСПІЗ»

Партияның сайлауалды бағдарламасын Жанұзақ Әкім оқыды. Съезде сөз сөйлегендердің бірі «Ақтөбе облысының тумасы Серікжан Мәмбетәлин үшін Ақтөбе облысының 50 пайызы, Мұхтар Шаханов үшін 90 пайызы
"Руханият" партиясы съезінің президиумы. Солдан оңға қарай: партияның "рухани жетекшісі" Мұхтар Шаханов, партия төрағасы Серікжан Мәмбетәлин, съезд төрағасы Қалдыбек Құрманәлі. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.
"Руханият" партиясы съезінің президиумы. Солдан оңға қарай: партияның "рухани жетекшісі" Мұхтар Шаханов, партия төрағасы Серікжан Мәмбетәлин, съезд төрағасы Қалдыбек Құрманәлі. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.
дауыс беретінін» айтты. Сөйтіп Ақтөбе облысы сайлауда «Руханият» партиясына «140 пайыз дауыс беретін болды».

Съезд қорытындысында «Руханият» партиясы мәжіліс сайлауына осы партия атынан түсетін 37 адамнан тұратын тізімін дауысқа салып бекітті. Әнші, өнертанушы, ақын, жазушы, журналист, кинорежиссер секілді «шығармашылық тұлғалардың» аты-жөнін оқыған съезд төрағасы Қалдыбек Құрманәлі «құрамымыз «Нұр Отаннан» кем емес» деді.

«Руханияттың» тізіміне енген 37 адамның арасында ақын Мұхтар Шаханов, партия төрағасы Серікжан Мәмбетәлин, композитор Қалдыбек Құрманәлі, суретші Қанат Ибрагимов, академик Мұхтар Өтелбаев, экономист Мұхтар Тайжан, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Мұқанов та бар.

ЖАЗУШЫНЫҢ «РУХАНИ ҚОЛДАУЫ»

Съезде «қазақ тілі мен қазақ халқының қиын жағдайы» көп айтылды. Бірақ билік туралы, әсіресе Қазақстан президенті жайлы сөз болған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың атын съезге қатысқан жазушы Әбдіжәміл
Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов "Руханият" партиясының съезінде. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.
Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов "Руханият" партиясының съезінде. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.
Нұрпейісов қана атады.

- Мен президентті қатты сыйлаймын. Бірақ оған: «Біз қайда кетіп барамыз?» дегенді айтқанмын, - деді Әбдіжәміл Нұрпейісов.

Жазушы ауылдың қиын жағдайына президенттің көзін жеткізбек болып, «мұндай кезде зор жетістіктер жайлы айту ыңғайсыз екенін түсіндіруге тырысқанын» есіне алды.

- «Руханият» қазақ халқының мүддесін қорғаса, партияға рухани қолдау көрсетуге әзірмін, - деген жазушының сөзіне қарағанда, ол КПСС қатарына 1944 жылы өткен, бірақ қазір ешбір партияға мүше емес.

МӘМБЕТӘЛИН: «АЗАТ» ЖСДП – ОППОЗИЦИЯ ЕМЕС»

«Руханият» партиясының съезі «оппозициялық партиямыз» деп атайтын басқа саяси күштердің съезіндегідей билікті сынамағанын байқаған Азаттық тілшісі Серікжан Мәмбетәлиннен «Руханият» партиясы билікке оппозициялық партия ма, жоқ па?» деп те сұраған еді.

– Халықаралық ядролық отын банкін Қазақстанда салуға, Ақтауда атом
"Руханият" партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.
"Руханият" партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.
электр стансасын салмайық деп кімге қарсы шығып отырмын? Елбасына қарсы шығып отырмын ғой... Осындай мәселелерде мен оппозицияда жүрген адаммын. Бірақ біз..., – деп бастады Серікжан Мәмбетәлин.

Азаттық тілшісінің "кейде оппозиция, кейде оппозиция емес партиясыздар ма?" деген сауалына Мәмбеталин:

– Жоқ, сіз саясатты білесіз бе, білмейсіз бе? Саясат деген ол.., - деп кідіріңкіреп қалды.

Журналист ЖСДП-ның «мәжіліс сайлауына қатысқалы отырған жалғыз оппозициялық күш – біз ғана» деген мәлімдемесін мысалға келтіргенде «Руханият» жетекшісі:

– Олар оппозиция емес. Мәселен, олар қазақ тілі мәселесін қолдамайды, ол жөнінде тек биліктің айтқанын қайталаумен келеді. Кедендік одаққа да енді қарсы шығып отыр. Мұндай да оппозиция бола ма? – деді.

ҚАЙСАР МЕН МӘМБЕТӘЛИНДІ «АРАЗДАСТЫРҒАН» – ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ

«Руханият» партиясының жетекшісі Серікжан Мәмбетәлин «Уәлихан Қайсармен арада кейбір келіспеушілік болғанын» айтты.

– Уәлихан Қайсар Еуразиялық одақ мәселесін қолдайтын болып шықты, ал біздің партия оны қолдамайды. Содан соң партияларымыз да қосылмайтын болды, – дейді Серікжан Мәмбетәлин.

Осы съезге қатысқан Мұхтар Тайжан да Уәлихан Қайсардың не себепті қатыспағанын білмейтінін, оны төрағалар өздері шешкенін айтты.

Қараша айының 24-і күні «Курсив» газетіне берген сұқбатында бұрынғы сенат депутаты, 2011 жылғы президенттік сайлау кезінде қазақ тілі
Саясаткер Уәлихан Қайсар.
Саясаткер Уәлихан Қайсар.
сынағынан өтпей қалған Уәлихан Қайсар «Руханият» партиясына «бүйрегі бұрып тұрғанын, енді бір қадам жасап қосылу қалғанын» айтқан:

– Серікжан Мәмбетәлиннің президент әкімшілігі алдында тізе бүкпейтіні ұнайды. Радикалды оппозицияға да бой ұрмайтын ол өз ұстанымын ашық айтады. Осындай қасиеттерінің арқасында ол аз уақытта-ақ танымал адамдардың біріне айналды, – деген еді.

Азаттық радиосының тілшісі оған телефон соққанымен, сөйлесе алмады.

Уәлихан Қайсар қарашаның 26-ы күні Facebook әлеуметтік желісінде «Кешеден бері бір жайттан қатты түңіліп жүрмін. Егер қаупім расқа айналса, өкінішті-ақ. Онда тиісті шара қолдануға тура келеді. Ертең, не бүрсігүні бәрі де белгілі болмақ» деп жазған еді.
XS
SM
MD
LG