Accessibility links

«Самұрық-Қазына» қорын енді Назарбаевтың күйеу баласы басқарады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев. Астана, қазан, 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев. Астана, қазан, 2010 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев мемлекет меншігіндегі «Самұрық-Қазына» қорының басшысы қызметіне отырды. Қазақстанның бүкіл стратегиялық игіліктеріне осы қор иелік жасайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағалығына Тимур Құлыбаевтың тағайындалғаны туралы үкімет шешімін сәуірдің 12-сі күні қор ұжымына премьер-министр Кәрім Мәсімовтің өзі жария етті деп хабарлады аталған қордың баспасөз қызметі.

Бұл қызметке тағайындалғанға дейін Тимур Құлыбаев құрамына 500 еншілес және тәуелді мекемелер мен оларға бағынышты заңды тұлғаларды біріктірген «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры басқармасы төрағасының орынбасары болып істеген. Осы қордың құрамындағы «Казатомпром», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «KEGOC», «Самұрық-Энерго» сияқты бірқатар еншілес ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінің төрағасы міндетін атқарады.

Сонымен бірге Құлыбаев Қазақстан аумағында жұмыс істейтін мұнай-газ және энергетика салалары кәсіпорындарының басын құрайтын KazEnergy қауымдастығын басқарады. Былтыр ол «Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасы төралқасының төрағасы болып сайланды.

Қазақстандағы билік басындағылардың жемқорлыққа қатысы туралы осыған дейін биліктің саяси қарсыластары тарапынан айтылған мәлімдемелерінде өзгелермен бірге Тимур Құлыбаевтың да аты-жөні аталған.

Қазірде шетелде бас сауғалап жүрген банкир Мұхтар Әблязов былтыр мәлімдемелерінде өте үлкен көлемде ақша жымқыруға және Қытайдың кейбір мұнай компанияларынан пара алуға Тимур Құлыбаевтың қатысы бар деп айыптаған еді. Құлыбаевқа қарсы талап-арызды қараған Алматы соты Мұхтар Әблязовтың жариялаған деректерін негізсіз деп таныды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара мен оның күйеуі 44 жастағы Тимур Құлыбаевты америкалық «Форбс» журналы өз тізіміне енгізген қазақстандық бес миллиардердің қатарында атап, екеуінің байлығы 2,6 миллиард доллар деп бағалаған.
XS
SM
MD
LG