Accessibility links

Қазақстанда қоғамдық ортада темекі шегу тыйылмай отыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысымен 2009 жылғы қазанынан бастап түнгі клубтарда, қоғамдық орта және тұрғын үйлердің кіреберістерінде темекі шегуге тыйым салынған. Алайда қазақстандықтар бұл талапты жиі бұзады.




Бұл тұрғыда «Медиа стандарттар институтының» атқарушы директоры Кәмилә Жүсіпова көпшілік аталмыш заңның нормаларымен таныс емес деп есептейді.

Статистикалық деректерге қарағанда, жыл сайын темекі, спирттік ішімдік сияқты зиянды заттардың салдарынан емделуге азаматтар 5 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсайды екен. Темекі өнімдерін шығаратын компаниялар Қазақстаннан 2 миллиард АҚШ долларынан астам пайда түсіреді екен. Негізінен, бұл өнімнің 90 пайызы Қазақстанға сырттан тасымалданады.

«Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының атқарушы директоры Жәмила Садықова бір жыл ішінде аз да болса өзгеріс байқалатынын айтады.

«Жыл сайын Қазақстанның темекі нарығына 30 миллиард дана шылым түседі. Бұл санды адам басына шаққанда, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін күніне 9 шылым шегуі тиіс. Қазіргі кезде Қазақстанда 4,2 миллион адам темекіге әуес», - дейді маман.

Әлеуметтанушы Әлия Бабашева бірқатар мейманхана иелерімен сөйлесіп арнайы зерттеу жүргізген екен. Оның айтуынша:

«Мекемелердің көбі темекі шекпеу саясатын жақтайды. Соған қарамастан бірқатар орындар осы заңға жеткілікті мән бермей отыр. Олардың қатарына көбінесе аса қымбат емес және арзан паб, бар және түнгі клубтар кіреді. Табыс әкелетін клиенттен қол үзіп қалу кез келген мекеме үшін үлкен шығын. Оның орнына шенеунікке пара беру оңай екеніне тоқталды».

Адвокаттар форумы қоғамдық қорының өкілі Дәурен Әбитақын мәселе тек мейрамханаларда ғана деп ойламау керектігін айтады. Оның пікірінше, заң іс жүзінде жұмыс істеуі үшін осы заң жобасын әзірлейтін және оны енгізетін мемлекет ниет танытуы керек.

«Мысалы, автокөліктерде қара түсті әйнектердің болуына тыйым салу туралы заң шыққанда, айыппұл көмегімен ешкім ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады, ақырында премьер-министрге дейін барлығы осы іске кірісті, нәтижесінде бір-екі апта ішінде ешкімде қара түсті әйнек болмады», - дейді Дәурен Әбитақын.

Ол қаржы полициясы, ішкі істер басқармасы және тағы басқа мемлекеттік органдарда рейд жүргізу керек деп отыр.

«Ол жерде емін-еркін темекі тартуға болады. Университеттерде де солай. Қатаң шаралар қолдану қажет. Қоғамдық орындардың барлығында шектеусіз шылым шеге береді», - дейді Дәурен Әбитақын.
XS
SM
MD
LG