Accessibility links

Мамандар мәнерлеп сырғанаудың келешегіне алаңдайды


Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева.

Бапкерлер Қазақстанда мұз айдындары аз екенін айтады. Ал спортшылар мықты нәтижеге жету үшін шетел айдындарында жаттығады.

17 жастағы мәнерлеп сырғанаушы, алматылық Айза Мамбекова - Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Ол биыл Алматыда өтетін универсиадаға, ақпан айында Саппородағы (Жапония) Азия ойындарына қатысады. Бірақ жас спортшы шетелдік білікті мамандардың кеңесімен жаттығудың жеткіліксіз болып жатқанын айтады.

- Үлкен спортта жүргеннен кейін нәтиже көрсеткің келеді. Жыл сайын нәтижемізді көтеруге тырысып жатырмыз. Бірақ жаттығу жеткіліксіз. Барлық жаттығу Алматыда өтеді. 2016 жылдың басында Санкт-Петербургке бір рет қана оқу-жаттығу жиынына бардық. Қаржы болса шетелдік мамандармен бірге оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізер едік, - дейді ол Азаттыққа.

«БІР АЙДЫНДА 20 БАЛА ЖАТТЫҒАДЫ»

Айза Мамбекованы төрт жасында мәнерлеп сырғанау спортына әкесі Ефрат Мамбеков берген. Оның айтуынша, Қазақстанда мәнерлеп сырғанауға бөлініп жатқан қаражат аз.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының мүшесі Айза Мамбекова (Суретті Алматы қаласы спорт басқармасының баспасөз қызметі ұсынды).
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының мүшесі Айза Мамбекова (Суретті Алматы қаласы спорт басқармасының баспасөз қызметі ұсынды).

- Қазақстанда мәнерлеп сырғанаумен айналысуға мүмкіндік аз. Алматыда бір мұзда 20 бала жаттығады. Ата-аналар баласының жаттығуын, мұз айдынның жалға алу құнын көтере алмайды. Егер қаржы болса, балаларымызды мәнерлеп сырғанау жақсы дамыған Ресей, АҚШ және Канадаға жіберуге болар еді, - дейді спортшының әкесі.

Қазір Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысып жүрген екі спортшысы бар. Олар - 2014 жылғы Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен және 2016 жылғы жасөспірімдер олимпиадасында қола жүлде алған Элизабет Тұрсынбаева. Тен - АҚШ-та, Тұрсынбаева Канадада жаттығады.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Сочи олимпиадасында.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Сочи олимпиадасында.

Денис Тен «Астана» президент клубының мүшесі, соған сай шығындарын осы клуб өтейді. Ал Тұрсынбаеваға Қызылорда облыстық әкімдігі демеуші.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Құралай Узурова келешекте Тен мен Тұрсынбаеваның жолын қуған жастар шықпай қала ма деп қауіптенеді.

- Мәнерлеп сырғанаумен айналысу өте қымбат. Коньки және құрал жабдықтар мен көйлекке жыл сайын екі-үш мың доллар керек. Жаттығатын айдынды жалдау құны да қымбат. Би үшін хореографқа төлейтін ақша бар. Елде мәнерлеп сырғанаумен айналысқысы келетін балалар көп. Бірақ қаржы жоқтығынан көп талантты балалар 10-12 жасында спорттан кетіп қалады. 2011 жылы Азия ойындарына қатысқан Ксения Прилепко 16 жасында спортты тастап кетті. Ата-анасында қаржы болмады. Мемлекет тек балалар әлемдік жарыста нәтиже көрсетсе ғана қаржы бөледі. Ал әлемдік жарысқа дайындалу және қатысу үшін де қаржы керек ғой. Ресейдегі спорт мектептерінде мұз айдынында жаттығу тегін, - дейді ол.

ҮМІТ

2014 жылы Сочи олимпиадасына қатысқан, бірнеше халықаралық жарыстың жүлдегері Абзал Рақымғалиев бірнеше жыл Ресейде жаттығып келген. Бірақ спортшы 2016 жылдың басында бапкерге төлейтін қаражат таппай, өз білгенімен жаттыққан. Узурованың айтуынша, биыл Рақымғалиев ата-анасының көмегімен АҚШ-та жаттығып жатыр.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Құралай Узурова (Суретті Алматы қаласы спорт басқармасының баспасөз қызметі ұсынды).
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Құралай Узурова (Суретті Алматы қаласы спорт басқармасының баспасөз қызметі ұсынды).

- Алматыдағы қысқы универсиадаға деп екі үлкен мұз айдыны бар арена салынды. Универсиада біткен соң «Алматы арена» кешенін мәнерлеп сырғанаушыларға тегін жаттығуға береді деп үміттенемін, - дейді Узурова.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының менеджері Юрий Гуськов та елде стандартқа сай мұз айдынның аз екенін айтады. Оның пайымдауынша, бұл спорттан әлемдік жарыста бәсекеге төтеп бере алатын спортшылар дайындау үшін оларды АҚШ, Канада және Ресейдегі білікті бапкерлерге жіберу керек.

2013 жылы Денис Тен Канадада өткен әлем чемпионатында күміс медаль алған. ISU (Коньки спортының халықаралық федерациясы) ережесі бойынша, әлем чемпионатында үштікке енген елден келер жылғы әлем біріншілігіне үш спортшы апара алады. Бірақ 2014 жылғы әлем чемпионатына Қазақстаннан Денис Тен мен Абзал Рақымғалиев қана барды. Қазақстанда әлем чемпионатының нормативін орындаған үшінші спортшы табылмады.

Биыл Алматыда өтетін қысқы универсиадаға мәнерлеп сырғанау жарысына Қазақстанның үш ер, үш әйел спортшысы қатысады. Ақпанда Саппорода өтетін қысқы Азия ойындарына Қазақстан мәнерлеп сырғанау құрамасы екі ер, екі әйел спортшы апарады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG