Accessibility links

Фурманов көшесін Назарбаев даңғылы деп өзгерту "шешімі қабылданды"


Алматыдағы Фурманов көшесі. (Көрнекі сурет)

Алматы қалалық мәслихаты Фурманов көшесінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

Қарашаның 30-ы күні тараған бұл ақпаратты Азаттыққа Алматы қалалық мәслихатының заңгері растады.

"ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ"

Қарашаның 30-ы күні Қазақстандағы жергілікті ақпарат құралдары Алматы қалалық мәслихатының VI шақырылымы сессиясында "қала тұрғындарының көптеген өтініштерін ескере отырып, республикалық ономастика комиссиясымен келісіле отырып, Алматы қаласындағы негізгі көшелердің біріне Қазақстанның тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы шешім қабылданды" деген хабар таратты.

Фурманов көшесінің атауын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өзгерту туралы шешім қабылданды.

Азаттық тілшісі Алматы қалалық мәслихатының қабылдау бөлмесіне хабарласқан еді, хатшы «Сіздің көше атауын өзгерту туралы сұрағыңызға мәслихат заңгері Берік Мәнізоров қана жауап береді» деп басқа телефонға қосты. Телефонның тұтқасын көтеріп, өзін «мәслихат заңгері Берік» деп таныстырған қызметкер:

- Фурманов көшесі атауын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өзгерту туралы шешім қабылданды. Бірақ әлі юстициядан (әділет департаментін айтады – ред.) өтеді. Юстицияға [Мәслихат шешімін] бүгін өткіземін, олар екі-үш күнде шығаруы керек. Ары қарай көшенің табличкалары ауыстырылады, - деді.

СӘРСЕНБАЙҰЛЫ АТЫНА БЕРУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСТЫҢ СОҢЫ

2006 жылы Алматы қаласындағы Фурманов атындағы көшені сол жылы қастандықтан қаза тапқан оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының атына беру туралы бастама көтерілген еді. Сол шараның аясында Достық даңғылы атауын белгісіз жағдайда қаза тапқан саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің атына ауыстыру туралы да айтылған.

Оқи отырыңыз: Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру: 10 жыл толастамаған дау

2006 жылы «Жас Алаш» газеті де Алматыдағы ең үлкен көшелердің бірі – Фурманов даңғылы Алтынбек Сәрсенбайұлының атына, ал Достық даңғылы Заманбек Нұрқаділов атына өзгертілуі керек деген бастама көтерген. «Сәрсенбайұлы кім, Фурманов кім?» деп аталатын мақалада: «кезінде Алматыны «коммунистерден» арылтып, қала көшелеріне қазақтың батыр ұлдарының, би-шешендерінің атын беру жолында үлкен қызмет атқарған Заманбек Нұрқаділовке Достық даңғылын бергеніміз әділдік болады. Қаладағы аты өзгермей қалған жалғыз көше – Фурманов. Бұл көше «Алтынбек Сәрсенбайұлы көшесі деп атауға әбден лайық» деп жазылған еді.

2006-2007 жылдары Алтынбек Сәрсенбайұлының атына Фурманов көшесін беру бастамасының басы-қасында болғанын айтқан саясаттанушы Айдос Сарым:

Оппозиция өкілдері - Төлеген Жүкеев, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбайұлы. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Оппозиция өкілдері - Төлеген Жүкеев, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбайұлы. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.

- Алтекеңнің (Алтынбек сәрсенбайұлын айтады – ред.) дүниеден өткеніне бір жыл толуына орай 2007 жылы қоғамдық комиссия атынан, бірнеше оппозициялық ұйым атынан ұсыныс жасағанбыз. Сол кезде біз қоғамдық тыңдау өткізіп, мемлекетке тигізген пайдасы үшін Алтекең сияқты лайық тұлғаға осы көшенің атын беру керек деген ұсыныс жасаған едік. Ол кезде мәслихаттың (Алматы қалалық мәслихатын айтады - ред.) формальды жауабы «[қайтыс болғанынан бері] әлі бес жыл өткен жоқ, әзірге мараторий бар» деген сарында жауап алғанымыз есімде. Одан кейін, бес жыл өткеннен кейін де қоғам қайраткерлері атынан хат жазғанымыз бар. Соның жауабы болған жоқ-ау есімде болса, - деді.

Айдос Сарым бұл көшенің атауын өзгертуге қатысты бүгінгі шешімге мынадай пікір білдірді:

Қалай болғанда да бүгінгі жағдайда тек қана билік деуге болмайды, біздің қоғамның өзі сондай, өкінішке қарай. Осы жағдайлардың бәрін басымыздан өткізуге мәжбүрміз. Басқа не деп айтасың?

- Өз басым соңғы кездері елдегі көптеген жағдайға ауа-райы сияқты қарайтын болдым. Мәслихаттың өзінің шешімі бар еді ғой «дүниеден өткеніне бес жыл толғаннан кейін» деген. Жалпы, саяси қайраткерлерге көзі тірісінде көшенің атын берген қаншалықты дұрыс-бұрыс екенін өмірдің өзі де көрсетіп отыр. Саяси қайраткерлерді ұлықтау, оған баға беру ісі замандастарының емес, тарихтың, ұрпақтың еншісіндегі іс деп ойлаймын. Қалай болғанда да бүгінгі жағдайда тек қана билік деуге болмайды, біздің қоғамның өзі сондай, өкінішке қарай. Осы жағдайлардың бәрін басымыздан өткізуге мәжбүрміз. Басқа не деп айтасың?

Мәслихат заңгері «Берік» Азаттық тілшісінің заңдағы «қайтыс болғаннан кейін бес жыл өтуі тиіс» деген талап туралы сұрағына «ол туралы ештеңе айта алмаймын» деп жауап берді. Азаттық тілшісінің «көше атауын ауыстыру туралы шешім қандай негізге сүйеніп қабылданды?» деген сұрағына жауап бермеген заңгер телефон тұтқасын тастай салды.

2017 жылы қарашаның 30-ы болған Алматы қалалық мәслихаты сессиясында тек Фурманов көшесі атауын өзгерту туралы ғана емес, сонымен қатар, Алматыдағы жүздеген көшенің атауын (көбі - атауы қайталанатын көшелер) өзгерту туралы шешім қабылданған. Сессияға қатысқан Алматы әкімі Бауыржан Байбек "Алматы тұрғындарынан Елбасы (Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты айтады - ред.) атына көше беру туралы көптеген өтініштер түскенін" айтқан.

Егер Фурманов көшесінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп өзгерту туралы шешім күшіне енсе, бұл Қазақстандағы Назарбаев атындағы алғашқы көше болмақ. Бұған дейін бұл қалада Қазақстанның тұңғыш президенті саябағы ашылып, онда Назарбаевтың ескерткіші қойылған. Қазақстанда президенттің атында оқу орындары, музейлер, әуежай бар.

ВИДЕО: Парламент мүшелері Астана әуежайын Назарбаевтың атын беруді құптады (2016 жылдың маусымы)

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылдан басқарып келеді, оны құқық қорғаушылар Қазақстанда адам құқықтары ахуалы нашар болғаны, түрмелерде саяси тұтқындар отырғаны үшін сынайды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы ескерткіші. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы ескерткіші. (Көрнекі сурет)

Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшелер басқа елдерде, мәселен 2015 жылы Түркияның Адана қаласында, сол жылы Ресейдің Қазан қаласында пайда болған. Ресей билігі Қазан қаласы тұрғындарының пікірін ескермеген болатын. Алайда тұрғындар пікірін ескеріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың атын көшеден алып тастаған оқиға да болған. Мәселен, Арменияның Ширак облысы, Арич ауылындағы орталық көшелердің бірінен Нұрсұлтан Назарбаев есімі алынып тасталды. Тұрғындар президент Назарбаевтың Армения туралы айтқандарына наразы болған.

Оқи отырыңыз: Армениядағы Назарбаев көшесі атаусыз қалды

Ресми БАҚ ақпараттарына қарағанда, бірнеше жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Иордания астанасы Амман және Шешенстан астанасы Грозный қалаларында көшелер берілген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG