Accessibility links

Тараздағы атыс пен жарылыстан 7 адамның қаза болғаны хабарланды


Қаланың кіре берісіне қойылған арка. Тараз қаласы. 27 мамыр 2011 жыл.
Қаланың кіре берісіне қойылған арка. Тараз қаласы. 27 мамыр 2011 жыл.

Қазақстанның бас прокуратурасы сенбі күні Таразда болған атыс пен жарылыстан жеті адамның қаза болғаны туралы хабарлады. Қаза тапқандардың бесеуі полиция қызметкерлері екендігі айтылып отыр. Прокуратура бұл қылмыстарды жихадшылар идеясын ұстанатын адам жасады деп мәлімдеді.

Сенбі күні түстен кейін Астанада Қазақстан бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаев шұғыл брифинг өткізді. Ол сол күні Тараз қаласында жеті адамның өмірін қиған атыс пен жарылысты жихадшылар жолын ұстанатын адам жасаған деп мәлімдеді.

БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Бас прокурордың орынбасары Исаев «1977 жылы туған М.К.Кариев есімді азамат Жамбыл облысының Тараз қаласында 7 адамның, оның ішінде құқық қорғау органдарының 5 қызметкерінің өліміне әкеп соққан бірқатар аса ауыр қылмыстар жасаған» деп хабарлады. Сонымен бірге ол сенбі күнгі Тараздағы оқиғалар салдарынан ішкі істер органдарының 3 қызметкері жарақат алғанын жеткізді.

«Кариев қарулы шабуыл жасап, оны сыртынан бақылап отырған ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің екі қызметкерін өлтіргені анықталды. Таңғы сағат 11 шамасында ол «Мазда 626» автокөлігінің иесі Т.Закировқа қарақшылық шабуыл жасап, қару қолданамын деп қорқытып, оны байлап, автокөлігін тартып алған. 11 сағат 35 минутта Кариев қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, оқ-дәрімен атылатын қарудан күзетші В.Федорченконы өлтіріп, кездейсоқ келген Н.Оразбасовты оққа ұшырған», - деді Нұрмаханбет Исаев.

Оның айтуынша, «Кариев дүкеннен екі жартылай автоматты қаруды («Сайга» және «СZ») оқтарымен алып, «ВАЗ 21099» автокөлігін мініп кеткен. Оның ізіне түскен мамандандырылған күзет бөлімінің екі қызметкері - полиция сержанты П.К.Аямкулов пен Ж.А.Байсеитовті өлтіріп, олардың қызмет қаруларын - Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын және алып кеткен».

«Осы іс-әрекеттерден кейін Кариев өзінің тұрғылықты жеріне барып, өзімен бірге РПГ-26 гранатометін алып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті ғимаратының қабырғалары мен терезелеріне гранатометтен бір рет, автоматты қарудан бірнеше рет атқан, алайда ол жерде адам қазасы болған жоқ», - деді бас прокурордың орынбасары.

Оның сөзінше, осыдан кейін Кариев 12 сағат 45 минутта атты полиция патрулінің екі қызметкерін жарақаттаған.

«Сағат 13-тің шамасында жаралы қылмыскерді жол полициясының дербес батальонының қызметкерлері ұстаған. Сол кезде Кариев өзін-өзі жарып жіберген, соның салдарынан оны ұстаған взвод командирі, полиция капитаны Г.Байтасов қаза болған. Ұстау барысында болған атыста полиция сержанты С.С.Алашев жарақат алған», - деп хабарлады бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаев.

Ол бұл оқиғаға байланысты "терроризм" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ ЖАРЫЛЫСТАР

Қазанның 31-і күні таңертең Атырау қаласында облыстық әкімдіктің маңында және Сарыарқа ықшам ауданында екі жарылыс болған еді. Екінші жарылыс болған жерден табылған ер адамның сүйегі Атырау қаласының тұрғыны, 1987 жылы туған Бауыржан Сұлтанғалиевтікі деп хабарлады оқиға болған күннің ертеңінде облыстық прокуратура.

Сонымен бірге, Қазақстан бас прокуратурасы қарашаның 9-ы күні Атыраудағы жарылыстарға қатысты қылмыстық топтың ұсталғанын хабарлады және осы оқиғаға ауған-пәкістан шекарасындағы «Халифат сарбаздары» атты ұйымының қатысы бар деп мәлімдеді. Бұл ұйым осыған дейін Атыраудағы жарылысты өз мойнына алатыны жөнінде интернет арқылы мәлімдеме жасап, ол жарылысты "Қазақстан билігіне жасалған ескерту" деп атаған болатын.

Ал биыл мамыр айында Ақтөбе қаласы мен Астанада жарылыстар болған еді. Қазақстанның тергеу орындары ол жарылыстардың екеуін де террорлық әрекетке қоспай, "жеке сипаттағы қылмыстық оқиға" ретінде көрсетуге тырысты.

Атап айтқанда, мамырдың 17-сі күні Ақтөбе облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне келген жас жігіт өзін өзі жарып мерт болды, үш адам жараланды. Прокуратура 25 жастағы жергілікті тұрғын Рахымжан Махатовтың өзін-өзі жарып қаза болғанын "оның қылмыстық жауапкершіліктен қашу мақсатымен" деп түсіндірді.

Сол сияқты мамырдың 24-і күні таңсәріде Астана қаласындағы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысы маңында автокөлікте жарылыстан екі адам мерт болды. Қазақстан ішкі істер министрлігі «бұл террорлық акция емес, кездейсоқ оқыс оқиға» деп хабарлаған еді.
XS
SM
MD
LG