Accessibility links

Қарсылық шарасы жеңіспен аяқталды


Қазақстандағы орта мектеп оқушылары. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы орта мектеп оқушылары. (Көрнекі сурет)
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақтас ауылында жаңа мектеп салынады. Бұл - үш күнге созылған қарсылық акциясының нәтижесі. Желтоқсанның 10-ынан бастап 150 оқушы сабаққа бармаған.

Бұл оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында болды. Ақтас ауылының мектебінде 160-тай бала оқиды. Соның 150-ін желтоқсанның 10-ынан бері ата-аналар мектепке жібермей қойған. Себебі - ата-аналар мен бұрынғы мектеп директорының арасындағы бітіспес дау.

«МЕКТЕПКЕ БӨЛІНГЕН ЖЕРДІ ДИРЕКТОР ЗАҢДАСТЫРЫП АЛҒАН»

Ақтас ауылының тұрғыны Біләл Түймебаев өзінің екі баласын үш күн сабаққа жібермей қойған. Ол «ескі мектепте оқу қауіпті, бізге жаңа мектеп салып берсін» дейді.

- Бұрынғы мектеп директоры Ынтықбай Тұрғанбаев салынуы тиіс жаңа мектепке бөлінген жерді өз атына аударып, заңдастырып алған. Қазір балаларымыз жаңа мектепте отыруы тиіс еді. Ауылда тұрған мектеп совет заманында жатақхана болған. 1990 жылдардың басында мектепке айналды. Қазір ескіріп бітті. Жаңа мектеп салынуы тиіс жерді даулап, наурыздан бері Тұрғанбаевпен соттасып келеміз. Барлық соттан ауыл тұрғындары жеңілді. Сот «бұрынғы директордың құжаттары дұрыс» дейді. Директор «мектепті әне салам, міне салам» деп халықты алдап, кейін жұмыстан кеткенде жерді де ала кетіпті, - дейді ауыл тұрғыны.
Директор жерді атына аударып алған. Балалар жаңа мектепте отыруы тиіс еді. Ал қазіргі мектеп ескіріп бітті. Наурыздан бері Тұрғанбаевпен соттасып келеміз. Сот «бұрынғы директордың құжаттары дұрыс» дейді.


Біләл Түймебаев ауыл балаларының «мектеп апатты жағдайда болғандықтан», басқа ауылдар мен қалаларға барып оқып жатқанын да айтты.

- Мектепте спорт залы жоқ. Бұрынғы директор «мектеп апатты жағдайда, балаларыңызды басқа ауылдарға апарып оқыта тұрыңыздар» деген. Қазір ауылдың кейбір балалары басқа ауылдарда, қаладағы интернаттарда оқып жатыр, - дейді Түймебаев.

Ал тағы бір ауыл тұрғыны Балғынбай Әмренов:

- Менің үш балам сабаққа бармады. Дау шыққаннан кейін, желтоқсанның 11-і күні ауданнан адамдар келді. Мектеп салып береміз деп уәде беріп кетті. Енді желтоқсанның 13-інен бастап, балаларымызды мектепке жібереміз. Егер уәде орындалмаса, тағы да осылай балаларды сабаққа жібермей қоямыз, - деді.

Әмренов «жерді 2000 жылы иелене бастаған Ынтықбай Тұрғынбаевтың 2012 жылы наурыз айында мектеп директоры қызметінен кеткенін және Ақтас ауылында тұрып жатқанын» айтты. Ал Тұрғынбаевтың өзі Азаттық тілшісінің телефон қоңырауына жауап қатпады.

«ЖАҢА МЕКТЕП САЛУҒА ШЕШІМ ШЫҚТЫ»

Ал Ақтас орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанат Кенжеханова (қазір мектеп директорының міндетін атқарушы - ред.) «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында «Мектеп салуға жер 2000 жылы бөлінген. Бірақ оны бұрынғы директор өз атына білдіртпей жаздырып алыпты. Жалпы, желтоқсанның 10-ы күні сабаққа жеті бала ғана келді. Кейін үйлерді аралап, ата-аналармен сөйлескеннен кейін, желтоқсанның 11-і күні 28 бала келді» деген.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы білім басқармасы бастығының орынбасары Бейбіт Сәдірбекова Азаттық тілшісімен тілдескенде, сәрсенбі, яғни желтоқсанның 12-сі күні Ақтас ауылында жаңа мектеп салуға шешім шыққанын хабарлады.
Бүгін арнайы шешім шығардық. Ауылда 200 орындық мектеп салынады.

- Ақтас мектебінде оқу процесі жалғасып жатыр. Бұрынғы директордың жерді иеленіп алғанын білеміз. Онымен тиісті органдар айналысады. Ал біз бүгін арнайы шешім шығардық. Ол шешім бойынша, ауылда 200 орындық мектеп салынады. Жаңа мектепті 2014 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, - деді Сәдірбекова.

Білім басқармасының маманы мектеп құрылысына кететін қаржы да желтоқсанның 12-сі күні анықталғанын айтты.
XS
SM
MD
LG