Accessibility links

Қаламен аттас театр акустикасының түзелгені айтылды


"Астана Опера" театры ғимаратының жалпы көрінісі

Үш жылда 33 елдің маманының араласуымен салынған «Астана опера» театры сахнасында әлемдік опера және балет өнерінің ең танымал әртістері де өнер көрсетеді. Театр әр маусымда 7-8 жаңа қойылым қояды.

Жаңа театрдың ғимараты ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынды. Ұсынылған жобалардың ішінен ұнаған нұсқаны президенттің өзі таңдап, түзетулер енгізді делінеді. Театр қызметкерінің айтуынша, президент бағанасы бар классикалық нұсқаны таңдаған.

"Астана опера" театрының жұмысы 2013 жылы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашылды.

- Біздің театрдың ерекшелігі – оны құруда біздің, яғни, әртістердің пікірі ескерілді. Әлемдік театрлардың бәріндегі қателіктер мен жетістіктер есепке алынды, ең жаңа технологиялар қолданылды, - деді Азаттыққа театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітов.

Ержан Дәуітов
Ержан Дәуітов

Оның айтуынша, театрды түрлі бейіндегі мамандардың халықаралық тобы жасаған. Италия, Швейцария, Марокко, Албания, Ресей мен Қазақстанның кәсіби шеберлері атсалысқан.

- Тетр құрылысын осы саланың шеберлері албандықтар жасады, интерьері мен дизайнын, ішкі безендіруін өнерді бәрінен жетік түсінетін француздар істеп шақты; акустикасын – операны ежелден бағалап үйренген италиялықтар; құрылғысы, механикасы мен инженерлік сахнасын – сағат сияқты дәлдікті сүйетін немістер әзірледі, - дейді Дәуітов.

Театрдың бас хормейстері ретінде Ержан Дәуітов хор кластарының ерекшеліктері жайлы да айтып өтті. Оның айтуынша, дайындық жасау класының өлшемі биіктігі мен ені жағынан сахнаның өлшеміне тең. Соның арқасында әртістер сахнадағыдай естілетін жағдайда дайындала алады. Хормейстер әлемнің көптеген театрын көргенін, бірақ осындай хор класының әлемде бірен-саран екенін айтады.

Мәселен, Ресейдегі жаңа Мариинск театрының өзінде акустика жағынан сахнамен бірдей өлшемдегі хор класы қарастырылмаған. Жаттығуға арналған бұндай арнайы жабдықталған ғимараттар саны – 26. Олардың едені мен қабырғасы емен ағашының ерекше түрінен жасалған, онда артық дыбысты жұтып қоятын тесік бар, солайша бөлмеден тек таза дыбыс ести аласыз. Залдағы дыбыстың естілуін әртістер шуды жұтатын портьерді ашып-жауып, өздері реттей алады.

"Астана Опера" театрының сахнасы
"Астана Опера" театрының сахнасы

Ержан Дәуітовтің айтуынша, театрдың грим залы да әртістер үшін өте қолайлы етіп салынған, ондай залдың саны алпыстан асады. Сахнаның да өз ерекшелігі бар. Мобильді етіп салынған сахнада кез келген режиссерлік шешімді орындауға болады. Сахна көтеріледі, төмен түсіріледі, кеңейеді немесе тарылады. Шахталық шаруашылықта да ең заманауи технологиялар мен жабдықтар қолданылған, соның ішінде түрлі сценографиялық әдістерге арналған жарық та бар.

БИІК ӨНЕРДІҢ БЕСІГІ

Ғимарат декорында қолданылған қазақы өрнек грек-римдік мотивпен үйлесім тапқан. Оған табиғи әрі «мәңгілік тас» деп аталатын сицилиялық мәрмәр тас пайдаланылған екен. Аспалы шам богем хрусталінен жасалған. Мұның бәрі ғибадатханаға тән үрдіспен өте сәнді әрі салтанатты етіп жасалыпты.

Театрда екі көрермен залы бар (негізгісі 1250 адамға арналған және камералық – 250 орынға арналған). Оркестрдің орыны да ерекше, бірнеше қабаттан тұрады, оған 100 астам музыкант сияды.

"Астана Опера" театры сахнасындағы оркестрдің орыны
"Астана Опера" театры сахнасындағы оркестрдің орыны

- Екі залдың акустикасы да тамаша: орындаушылардың дауысы кез келген жерден жақсы естіледі. Басында акустика туралы әңгімелер болды. Әрине, басында кемшіліксіз болмайды. Жаңа ғимарат, цемент бар, сылақ бар, табиғи ағаш – тірі материал, ол кепкен сайын жақсарады. Жыл сайын акустика оңалып келеді. Бес жыл бұрынғы мен қазіргіні салыстыруға келмейді. Тағы бес жылдан соң тіпті жақсы болады, - дейді бас хормейстер Дәуітов.

Театрға гастрольмен Санкт-Петербургтің Мариинск театрты, Новосибирск опера және балет театры, Захария Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театры, генуэздік «Карло Феличе», неаполитандық «Сан-Карло» және әйгілі миландық «Ла Скала» театрлары келіп кеткен.

Театрдың Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева бастаған өз әртістері де танымал тұлғалар. Ержан Дәуітовтің айтуынша, «Астана Опера» театрын әлемдік опера жұлдыздары: Пласидо Доминго, Зубин Мета, Елена Образцова, Валерий Гергиев, Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Марсело Альварес, Светлана Захарова, Вадим Репин, Денис Мацуев, Владимир Спиваков, Ильдар Абдразаков тәрізді театр қайраткерлері де мойындаған.

Майра Мұхамедқызы
Майра Мұхамедқызы

- Біз ойнаған бес маусымда залдың жартылай бос болғаны есімде жоқ. Премьераның билеті бір ай бұрын өтіп кетеді. «Кармен» қойылымының премьерасына билет бірнеше ай бұрын сатылып кетті. Аншлаг болды, оны көргісі келгендердің көптігі соншалық, жоспардан тыс тағы бір күн ойнадық. Билеттер санаулы сағатта сатылды, - дейді Ержан Дәуітов. – Жақында болған «Тұрандот» қойылымының премьерасына да билеттер лезде өтіп кетті. Осы жылдар ішінде музыканы өте сауатты түсінетін көрермен қалыптастырдық. Олар біздің сайтымызға жазады, сынайды, пікірлерін айтады, алғыс білдіреді.

КӨРЕРМЕННІҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітовтің айтуынша, «Астана Опера» театрына билет бағасы түрлі көрермен санаты үшін қолжетімді: 500 теңгеден 5000 теңгеге дейін. Бірақ Доминго келгенде адамдар 30 мыңның да билетін сатып алды, спектакль көргісі келгендер тіпті көп болды.

"Астана Опера" театрының реквизит бөлімінде
"Астана Опера" театрының реквизит бөлімінде

- Домингоның өзі «тағы бір көрініс жасайық» деді, бірақ тағы да көп адам кіре алмай, өкініш білдіріп жатты, - дейді Дәуітов.

Театр коллективі гастрольмен әлемнің көптеген елін аралаған. Голландия, АҚШ, Германия, Франция, Италия, Венгрия және т.б. елдерде өнер көрсетті.

- Шетелде адамдар әуесқойлық танытып келеді. Белгілі қойылым афишасын көреді, «стан» деген сөз тұрғасын олардың операсы қандай болуы мүмкін деп келеді, кейін біздің орындаушылардың кәсіби деңгейі мен талантына таң қалады, - дейді Ержан Дәуітов.

Оның сөзінше, «Астана Опера» жас опералық орындаушыларды да танытып келеді. Олардың қатарында Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев, Барсег Туманян, Медет Чотобаев, Жұпар Ғабдуллина, Талғат Ғалеев, Жаннат Бақтайлар бар. Қазір Италияның Генуя қаласына гастрольге дайындық жүріп жатыр, труппа ол жаққа Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» ұлттық операсын апарады.

"Астана Опера" театры сахнасындағы қойылымдардың бірі
"Астана Опера" театры сахнасындағы қойылымдардың бірі

«Астана Опера» репертуарында ұлттық композиторлардың туындысымен бірге әлемдік опера және балет классикасы бар: Джузеппе Вердидің «Аида» және «Травиатасы», Джакомо Пуччинидің «Мадам Баттерфляйы», Жоржа Бизенің «Кармені», Петр Чайковскийдің «Спящая красавица», «Лебединое озеро» және «Щелкунчик» шығармалары, Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульеттасы», Арам Хачатурянның «Спартак» туындысы, Бориса Асафьевтің «Бахчисарайский фонтан» шығармасы, Людвиг Минкустың «Баядерка» мен «Дон Кихоты», Ролана Петидің «Париж Құдай ана ғибадатханасы» балеті және т.б.

Спектакльдер Франко Дзеффирелли, Юрий Григорович, Борис Эйфман, Алтынай Асылмұратова, Михаил Панджавидзе сияқты шеберлердің қоюымен өтеді, танымал сценография маманы Эцио Фриджерио мен костюм бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино да қатысады. Әр маусым сайын театр төрт жаңа опера және балет қойылымын ұсынады.

БІР ОПЕРАНЫҢ МЫСАЛЫНДАҒЫ ТЕАТР

Маусым айының соңында «Тұрандот» операсының премьерасы болды, оны «Астана Опера» Қытай ұлттық опера театрымен бірге ұсынды. Жаңа қойылымға опера сахнасының әлемдік жұлдыздары қатысты: танымал австриялық сопрано Мартина Серафин, болгар теноры Камен Чанев, қытай әртістері Ю Цзинжень, Гэн Чжэ, Ли Сян, қазақстандық опера примасы Майра Мұхамедқызы. Қоюшы-дирижері – Алан Бөрібаев, сахнаға қоюшы – италиялық режиссер Давиде Ливермор.

"Астана Опера" театрының вестибюлі
"Астана Опера" театрының вестибюлі

«Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедияровтың айтуынша, түрлі елден келген әртістер мен режиссерлердің қатысуымен жасалған қойылым қысқа мерзімде әзірленген. Италиялық режиссер Ла Скаладағы осы қойылымның премьерасындағы нұсқаны сақтауға тырысты. Қытай опера театрынан Астанада 15 адам жұмыс істеді: хорда – он адам, бесеуі жетекші партияны орындады.

- Режиссер Ливермор Калаф қазақ болған деп ойлайды, - деді Азаттыққа қоюшының көмекшісі Сальваторе Никосия. – Аталған қойылымды осы түсінікке сай жасадық.

Суретші-сценограф Софья Тасмағамбетова да Тұрандоттың костюмдерін жасағанда қазақтың ұлттық өрнектері мен элементтерін көп қолданған. Басты кейіпкерлердің шапаны қазақтыкіне ұқсас, мойындарында тұмары бар.

Қойылым қоюшысының көмекшісі Сальваторе Никосияның айтуынша, бас қаһарманның костюмі өте еппен, бірнеше қабатты етіп жасалған, Гоцци жазған жылдарға тән. Бір көйлекке 12 метр мата кеткен. Костюмдер жасауға барлығы 2700 түрлі материя жұмсалған.

Сальваторе Никосия мен Джанкарло Юдика Кордилья
Сальваторе Никосия мен Джанкарло Юдика Кордилья

Ол қазақстандық әртістердің кәсіби деңгейі мен «Астана Операның» техникалық мүмкіндігі жайлы да айтып, жарық жөніндегі италиялық суретші Винченцо Рапони мен проекция жөніндегі дизайнер Карло Каморалидің тамаша жұмысына ризашылық білдірді.

– Механика-инженерлік шешім, цифрландыру, қабылдауды көрнекілендіру арқасында арнайы әсерлер көп. Сахнадағы шынайы жаңбырды айтсаңызшы, - дейді Никосия.

Театр басшылығының айтуынша, спектакль астананың мәдени өміріндегі тың оқиға болған. «Тұрандот» қойылымының барлық билеті премьераға бірнеше апта қалғанда сатылып кеткен.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Негативті емес, позитивті түсіріңдер"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00
XS
SM
MD
LG