Accessibility links

Қазақстан бірінші орын алуды жоспарлап отыр


Универсиадаға қатысатын Қазақстан спортшылары (Сурет универсиаданың баспасөз қызметінен алынды).

Алматыда қаңтардың 29-ы басталатын қысқы универсиадаға Қазақстаннан 170-тей спортшы қатысады. Мамандар «Қазақстанның жалпы есептегі 1-орынға таласатынын» айтады.

Дүниежүзілік қысқы универсиада осымен 28-рет өтіп тұр. Қаңтардың 29-ы мен ақпанның 8-і аралығында өтетін Алматыдағы универсиадада спортшылар 12 спорт түрінен жарысады. Бұл шараны өткізуге Қазақстан 17 миллиард теңге (50 миллионнан астам доллар - ред.) қаражат бөлген.

Универсиадаға қатысатындар арасында мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен, шорт-тректен әлем кубогының жеңімпаздары Абзал Әжғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев, АҚШ-та өткен халықаралық биатлон жарысында әлем чемпионы (2014) болған Галина Вишневская, 2015 жылғы универсиада чемпионы Алина Райкова, фристайлдан әлем кубогы кезеңдерінде алтын алған Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд, конькиден халықаралық жарыстардың жүлдегері Дарсиль Эссамамбо бар. 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алған кореялық Ким Йонг А (шорт-трек) да қатысушылар тізіміне енген.

Қазақстан керлинг құрамасы Алматыдағы универсиадаға дайындалып жатыр (Сурет универсиаданың баспасөз қызметінен алынды).
Қазақстан керлинг құрамасы Алматыдағы универсиадаға дайындалып жатыр (Сурет универсиаданың баспасөз қызметінен алынды).

Қазақстан универсиадаға сноуборд пен керлингтен алғаш рет қатысады. Бұдан бөлек ұйымдастырушы ел трамплиннен секіру, шаңғымен жүгіру, хоккей, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы тәрізді спорт түрлерінен де жүлделі орындарға таласпақ.

БАСТЫ ҚАРСЫЛАС - РЕСЕЙ

Қысқы спорт тақырыбын зерттеп жүрген спорт шолушысы Тимур Байкетаев Қазақстанның универсиадаға қатысатын құрамын «өте мықты кәсіби спортшылардан құралған» деп бағалайды.

Спорт түрлері

1. Мәнерлеп сырғанау (Алматы Арена)
2. Керлинг (Алматы Арена)
3. Шайбалы хоккей (Халық Арена, Балуан Шолақ сарайы)
4. Шорт-трек (Балуан Шолақ)
5. Конькимен жүгіру (Медеу)
6. Таушаңғы (Шымбұлақ)
7. Фристайл (Шымбұлақ, Табаган)
8. Сноуборд (Шымбұлақ, Табаган)
9. Биатлон ("Алатау" кешені)
10. Шаңғы жарысы ("Алатау")
11. Шаңғы қоссайысы ("Сұңқар" трамплині, "Алатау")
12. Трамплиннен шаңғымен секіру ("Сұңқар")

Бұл спорт түрлері әйелдер мен ерлер қатысатынына, жарыс жолы ұзақтығына, жеке және командалық сипатына, басқа ерекшеліктеріне қарай бірнеше тармақтарға бөлінеді.

- Универсиадаға басқа елдер екінші-үшінші құрамын алып келеді. Ал Қазақстан бұл жарысқа бірінші құраммен қатысады. Сондықтан жалпы есепте 1-орын алады, - дейді ол.

Қазақстан студенттер спорты федерациясының төрағасы Қайрат Закирьянов Азаттық тілшісіне Алматыдағы жарыста Қазақстанның барынша көп медаль алуға тырысатынын мәлімдеді.

- Астанада өткен үкімет отырысында (қаңтардың 17-сі) спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы премьер-министрге «мақсатымыз - жалпы есепте үздік бестікке ену» деді. Бірақ мен «жалпы есепте 1-орынға таласуымыз керек» дедім. Себебі 2013 жылы Словакия мен Испаниядағы универсиадада біз жеті спорттан қатысып жалпы есепте 3-орын алдық. Алматыда 12 спорттың барлығынан қатысамыз. Сондықтан, жалпы есептегі 1-орынға Ресеймен таласамыз, - деді Закирьянов.

ҚАРБАЛАС ГРАФИК

Қазір әлемде қысқы спорттық маусым өтіп жатыр. Қысқы спорт түрлерінен әлемге танылған спортшылардың дені әлем кубогы мен халықаралық чемпионаттарға қатысып жатыр. Олар Алматыдағы студенттер жарысына келе алмайды. Ал Қазақстанның мықты спортшылары үшін 2017 жыл қарбалас өтетін түрі бар. Өйткені, универсиадаға қатысудан бөлек, олардың көбі ақпанның 19-ы мен 26-сы аралығында Саппорода (Жапония) өтетін Азия ойындарына барады. Ал биатлоннан Қазақстан құрамасының бас бапкері Михаил Дудченко:

- Биатлоннан Қазақстан құрамасы универсиадаға қатысады. Универсиада біткен соң бірден ақпанның 9-ы мен 19-ы аралығында Австрияда өтетін әлем чемпионатына ұшамыз. Ол біте сала бірден Жапонияға Азия ойындарына барамыз. Қаңтар мен ақпан өте қарбалас болайын деп тұр, - дейді.

Журналист Тимур Байкетаевтің пікірінше, «спортшыларға жарыстар кестесінің тығыздығы ауыр тимек».

- Мемлекет спортшыларға жалақы төлеп жатырмыз дейді де оларды барлық жарыстарға қатыстыра береді және қатысуға міндеттейді. Азия мен Еуропаның арасында ұшып жүру биатлоншыларға өте қиын. Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен универсиададан кейін Азиадаға, одан кейін «Төрт құрлық чемпионатына», одан кейін әлем чемпионатына барады. Алматыдағы универсиадаға жас спортшыларды қатыстырып, соларға мүмкіндік беру керек еді, - дейді ол Азаттыққа.

ВИДЕО: Боран өтіндегі универсиада алауы

Ал биатлоншы Галина Вишневская барлық жарыстарға дайын екенін, универсиаданың алтын жүлдесі спорттық карьерасындағы басты мақсаты болып тұрғанын айтады.

Қазақстан 2015 жылы Словакия мен Испания бірігіп өткізген қысқы универсиадаға 89 спортшы апарып, бес алтын, алты күміс жүлде иеленген. Қазақстан ол жолы жалпы есепте Ресей мен Оңтүстік Кореядан кейінгі 3-орынды алған болатын.

Универсиаданың ашылу салтанаты қаңтардың 29-ы күні «Алматы Арена» мұз айдыны сарайында кешкі сағат 19:00-де басталады. Универсиаданың спорт шараларына билет алу туралы ақпаратты универсиаданың ресми сайтынан біле аласыз.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG