Accessibility links

Обаманың «Жаңаөзен мен сайлау туралы сөзі» дау тудырды


АҚШ президенті Барак Обама мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық ядролық қауіпсіздік саммитінде. Сеул, 26 наурыз 2012 жыл:
АҚШ президенті Барак Обама мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық ядролық қауіпсіздік саммитінде. Сеул, 26 наурыз 2012 жыл:

Сеулде 26 наурызда 50-ден астам мемлекеттің басшылары қатысқан ядролық қару мәселелеріне арналған саммит өтті. Бұл саммитте АҚШ президенті Барак Обама Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа айтты деген кей сөздер интернетте қызу талқыланып жатыр.


Саммитте сөйлеген сөзінде Барак Обама Қазақстан мен Украинаны және басқа да мемлекеттерді «ядролық материалдарын барынша қауіпсіз жерге орналастырғаны үшін» мақтады.

«КӨШБАСШЫҒА ЗОР СЕНІМ»

Наурыздың 26-сы күні қазақстандық «Тенгриньюс» агенттігі Қазақстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сеулдегі ядролық қауіпсіздік саммитінде АҚШ президенті Барак Обамаға «алдағы президенттік сайлауда табыс тілей отырып, дәстүрге сай қазақтың тұмарын сыйлады» деп хабарлады.

Агенттік жариялаған ақпаратта Барак Обама айтты деген мынандай сөз бар: «Мен сондай-ақ Қазақстанда көппартиялы парламенттің құрылуына себеп болған өткен сайлаудың нәтижесін қолдаймын. Сіздің басшылығыңызбен Жаңаөзендегі жағдай тұрақтанғанын ерекше атап өткім келеді. Осының барлығы Қазақстан халқының өз көшбасшысына деген зор сенімін тағы көрсетіп берді».

Дәл осы сөз әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды.

«ЖАЛҒАН МӘЛІМЕТ ҮШІН ЖАУАП БЕРУ КЕРЕК»

Қазақстандық саясаткер, «Руханият» партиясының бұрынғы төрағасы Серікжан Мәмбеталин Барак Обаманың мәлімдемесін толық тыңдап шыққанын, АҚШ президенті «көппартиялы парламент пен Жаңаөзен туралы ешнәрсе демегенін» айтады.

Ол өзінің Facebook парақшасында «Тенгриньюстің» ақпаратын «бос сөз» деп, агенттікті «өтірік айтқаны үшін сотқа берсе қайтеді» деп жазды.

Жасұлан Ханалиев есімді азамат «шынында да бұл туралы ешнәрсе айтылмаған екен... ал мен «Тенгриньюске» сеніп қалдым» дейді.

Facebook-те Әбеке Сыргелі деп тіркелген адам «Еуропа Одағының сыртқы саясат бойынша жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон мен Қазақстан сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың кездесуі кезінде де осылай болған... Эштонның сөздері мүлдем бұрмаланып берілген» дейді.

Ал Серік Тұрсын деген азамат «жалған мәлімет үшін жауап беру керек» деп ойлайды.

Ақ үйдің ресми сайтында жарияланған, Обама мен Назарбаевтың Сеулдегі ресми кездесуі туралы 12 минуттық бейнетаспаны көріңіздер:

XS
SM
MD
LG