Accessibility links

Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің соты басталды


Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің соты басталды. Ақтау, 25 мамыр 2012 жыл. (Суретті блогшы Дина Байділдаева түсірген).
Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің соты басталды. Ақтау, 25 мамыр 2012 жыл. (Суретті блогшы Дина Байділдаева түсірген).

Сот отырысы Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр.


Сотқа қатысып отырған «Стан ТВ» арнасының тілшісі Арыстан Арыстановтың айтуынша, бүгін түске дейін судья Руслан Тасмамбетов процеске қатысушыларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, алқа билер құрамын анықтауға кіріскен. Twitter-дегі блогшы Дина Байділдаеваның ақпараты бойынша, алқа билер құрамына үміткерлер Ақтау, Жаңаөзен және Жетібай тұрғындары.

- Алқа билер ретінде 64 адамнан 12 адам іріктелуі керек екен. Олардың құрамы анықталғаннан кейін, сот іске көшеді, - деді «Стан ТВ» арнасының тілшісі.
Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. Фотоны «Новая газета» басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген.
Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. Фотоны «Новая газета» басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген.

Оның айтуынша, судья Орақ Сарбөпеевке Қазақстанның қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылғанын мәлім еткен.

- Оған «пара алды» (қылмыстық кодекстің 311-бабы), «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды (307-бап) және «қылмысқа дайындалды және қылмыс жасауға оқталды» (24-бап) деген айыптар тағылғаны турасында айтылды, - дейді Арыстан Арыстанов.

Журналистің айтуынша, судья сот отырысына ақпарат құралдары өкілдерін кіргізгенімен, сот залын түсіру үшін тек он минут қана уақыт берген.

Жергілікті уақыт бойынша түскі үзіліс жарияланып, қазір сот отырысы қайта басталды.

Қаңтардың 25-інде Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасаған Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев «Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Жалғас Бабаханов пен қазіргі әкімі Орақ Сарбөпеев бірнеше жыл бойы «Жанашыр» және «Жарылқау» қорлары арқылы мемлекеттік мүлікті жымқырумен айналысқан. Жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан мұнайшылардың ұзақ ереуіліне және әлеуметтік шиеленістің үдеуіне жергілікті атқарушы органдар мен мұнай кәсіпорындарының лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері ықпал етті» деп мәлімдеген еді.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің өртеніп кеткен ғимараты. 18 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің өртеніп кеткен ғимараты. 18 желтоқсан 2011 жыл.

Ақпан айында қаржы полициясы Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімдері Жалғас Бабаханов пен Орақ Сарбөпеевтің «188 миллион теңге бюджет қаражатын ұрлады» деп айыпталғанын хабарлады.

Бұған дейін Жаңаөзен оқиғасына байланысты өткен 37 айыпталушының сотына куәгер ретінде шақырылған, үйқамақта отырған Орақ Сарбөпеев «мұнайшылардың талабы заңды болғанын мойындайтынын» айтқан.

Журналист Арыстан Арыстановтың айтуынша, Орақ Сарбөпеев бүгінгі сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген. Сарбөпеевті екі адвокат қорғап отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG