2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция қолынан жараланып, тамағынан оқ тиген мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, бір топ жәбірленуші желтоқсанның басында Жаңаөзен қаласы әкіміне арнайы хат жолдаған. Онда Жаңаөзен оқиғасының екі жылдығына орай 2011 жылы ереуіл өткен орталық алаңда жиналып, құрбандарды еске алу және ас беруге рұқсат сұраған.
– Біз қала әкімі Серікбай Тұрымовпен арнайы кездестік. Ол «ас беруге қарсы емеспін, бірақ алаңға жиналуға рұқсат жоқ» деп шығарып салды, – деді Нұрлыбек Нұрғалиев Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша қала іргесіндегі Теңге ауылында Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алуға дайындық жасалып жатыр.
– Қайғылы күндерді бастан кештік. Оны ешуақытта ұмытпаймыз. Маңғыстаулықтарда қайтқан адамға үш жылға дейін садақасын беру бар. Одан соң 10 жылдан соң, 15 жылдан соң еске алып, беруге болады, – деп түсіндірді ол.
«ІШТЕ ҚАЛҒАН ҚЫЖЫЛ КӨП»
Екі жыл бұрынғы қанды оқиғаның ізі көмескілене бастаса да, қала тұрғындары журналистермен еркін пікірлесіп, ашық әңгіме айтуға тартынып тұрады. Жаңаөзенге арнайы барған Азаттық тілшісімен кездескен бірсыпыра мұнайшылар аттарын атамауды өтінді. Оның себебін «әлі күнге дейін бақылаудамыз» деп түсіндірген олар Жаңаөзен оқиғасынан соң қаладағы жағдайдың көп өзгергенін айтты.
– Бейкүнә адамдардың қырылғаны ғана қиын, кейін қала көп өзгерді. Қала ішіндегі асфальттер жаңаланып, тротуралар салынды. Егер сол ереуіл болмаса, ол қағаз жүзінде ғана салынар еді. Бүгінде Жаңаөзенде көзқарас басқаша, оны сезінеміз. Биліктің құлағы еститін болды бізді, – деді аты-жөнін жарияламауды өтінген бір мұнайшы.
Тұрғындардың айтуынша, шын мәнінде Жаңаөзендегі жағдай Қазақстанның басқа аймағына да тән. Тек басқа өңірдің халқы әлеуметтік құқықтарын талап етуге келгенде көнбістік танытады.
– Біз көп затты ұқтық. Халықтың әлі оянбағанын түсіндік. Біз өзімізге тиесіліні талап етіп жатқанда жалпақ Қазақстан концерт көріп жатты. Сол үшін «мешкей» атандық. Тек Шетпе шырылдап араша тұрды. Сөйтсек, басқа аймақтар өзінде барына қанағат тұтып жатыпты. Тек біздер, жаңаөзендіктер ғана «тойымсыз» екенбіз. Бізде азаматтық қоғам жоқ екен, – деп ой түйді 2011 жылы ереуілге шыққан жаңаөзендіктің бірі.
Екі жыл ішінде Жаңаөзен қаласының инфрақұрылымы мен әлеуметтік өмірінде біраз өзгеріс болғаны көрінеді. Ең әуелі көзге түсетіні – қаладағы жолдардың тегістеліп, жөнделгені. Елдегі ірі мұнай компанияларының бірі орналасқан қаладағы кейбір ауқатты тұрғындардың Алматы сияқты ірі қалалармен жарыса алатын шамасы бар сияқты. Азаттық тілшісі желтоқсанның 8-і, жексенбі күні қаланың орталығында жүріп үйлену тойы үшін жалға алынған 5 лимузинді санап шықты. Оның бірі – Hummer маркалы қымбат көлік еді.
Қаланың әрбір ауданында бой көтере бастаған шағын құрылыс нысандары байқалады. Жаңадан салынған ғимараттардың бірі бөлмелері арзандатылған бағаға жалға берілетін «Бизнес-инкубатор» атты кәсіпкерлер орталығы болып шықты.
Такси жүргізушілері мен өзге де қарапайым тұрғындардың аузындағы тағы бір әңгіме – Жаңаөзенді моноқала ретінде кешенді дамыту жоспары үшін қомақты қаржы бөлінгені.
Азаттық тілшісі 2011 жылғы қайғылы оқиға болған Тәуелсіздік атты қаланың орталық алаңына жеткенде алаңды айналдыра орындықтар мен жарық бағаналары орнатылғанын көрді. Алаңға жақын маңда жаңа сауда орталығы көзге түседі.
«НЕГЕ ӘЛІ ТҮРМЕДЕ ОТЫР?»
Алайда Жаңаөзен оқиғасы соңғы уақытта қалада жүзеге асып жатқан азды-көпті әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің тасасында қалды деп айтуға келмейді.
Жергілікті халық қанды қырғыннан соң айыпты болып танылып сотталып кеткен мұнайшылардың ахуалына әлі алаңдайды. Азаттық тілшісі сөйлескен жаңаөзендіктердің бірқатары «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталған мұнайшылардың қамауда жатқанын әділетсіздік деп білетінін айтты. Қаладағы ең ірі жұмыс беруші «ӨзенМұнайГаз» компаниясының операторы Күнсұлу Әйтішова да осындай пікірде.
– Президент Назарбаевтың өзі Жаңаөзен оқиғасына мұнайшылар кінәлі емес деді. Онда неге мұнайшылар әлі түрмеде отыр? – деп сұрады ол.
Жаңаөзен қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Таусұлу Атыбайқызы Азаттық тілшісіне Жаңаөзеннің екі жылдығына орай 16 желтоқсанда қалалық әкімдік ешқандай шара жоспарламағанын айтты. Ол жергілікті мұнайшылардың қаралы еске алу жиынын өткізу туралы өтінішіне қатысты жауап бере алмайтынын жеткізді.
2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілі күшпен басылып, полицияның қолынан 16 адам қаза тапқан еді. Қанды оқиғаның ертеңінде жаңаөзендіктерді қолдап осы облыстағы Шетпе стансасының тұрғындары темір жолды бөгемек болған. Шетпедегі толқу кезінде тағы бір адам оққа ұшқан. Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» компаниясының жұмысшылары жалақыларын көбейтіп, әлеуметтік жеңілдіктер беруді талап етіп келген. «Жаңаөзен ісі» бойынша «өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен жергілікті абақты басшысы, бірнеше полицей, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімі, мұнай компаниясы менеджерлері және оппозиция өкілі де сотталды.
Алайда «жаппай тәртіпсіздік тудырғаны үшін» сотталған мұнайшылар мен белсенділердің саны әлдеқайда көп болды.
Жаңаөзен оқиғасына қатысты «айыпты» деп танылған мұнайшыларға 2012 жылғы маусымның 4-і күні үкім шықты. 37 мұнайшының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілсе, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Халықаралық және жергілікті адам құқықтарын қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін Жаңаөзен оқиғасына қатысты айыптап мәлімдеме жасады және тәуелсіз тексеру жасауға шақырды. Бірқатар құқық қорғаушылар мен адвокаттар осы оқиғаға қатысты тергеліп, қамалғандардың азапталғаны және ұрып-соғылғаны туралы шағым түсірген. Алайда Астана үкіметтік комиссияның жасаған қорытындысын ғана қабыл етіп, оқиғаның себеп-салдарын тәуелсіз тексеру туралы талап-тілектерді жауапсыз қалдырып келеді.
(Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты).