АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс әзірге бәсеңдегендей көрінгенімен, оның геосаяси салдары енді ғана айқындала бастады.
Ормуз бұғазы мен аймақтағы қауіпсіздіктің болашағы бұлыңғырлана түсіп, Орталық Азия елдері сауда, көлік дәліздері және әлемдік нарықтарға шығу жөніндегі ондаған жыл бойы қалыптасқан стратегиялық ұстанымдарын үнсіз қайта қарастырып жатыр.
Вашингтондағы Хадсон институтының зерттеушісі, Еуразия мәселелеріне маманданған сарапшы Кен Мориасу жуырда Орталық Азияға барып қайтқан. Өзінің айтуынша, оның бұл сапардан түйгені – Иранды теңізге шығатын негізгі қақпа деп санап келген Орталық Азия елдері енді басқа бағыттарды қарастырып жатыр.
Азаттық: Орталық Азиядан оралып отырсыз. Аймақ өкіметтерінің Ирандағы қақтығыстан кейін жасаған негізгі өзгерістері қандай?
Кен Мориасу: Негізгі түйін – Иранға деген көзқарастың өзгеруі.
Ақпанның аяғында қақтығыс басталғаннан кейін наурыз айында сараптама орталықтарында талқы өтіп, онда Орталық Азия елдерінің елшілері Иранда тұрақтылық орнағанда пайда болатын мүмкіндіктер туралы айтқан.
Елшілердің сөзінше, егер Тегеранда бизнеске қолайлы үкімет құрылса, Иран Орталық Азия үшін теңізге шығудың ең қысқа жолы болмақ. Ирандағы ахуал реттелсе, бұл бағыттың іске асуы ықтимал деген үміт болды.
Бірақ осы сапарымда Орталық Азия елдерінің бұл бағыттан алыстап бара жатқаны анық байқалды. Олар қазір Пәкістан мен Ауғанстан туралы әлдеқайда көп айтады. Яғни Ауғанстан арқылы Пәкістанға шығатын бағытты қарастырып жатыр.
Ауғанстан мен Пәкістанның өзара шиеленістері бар екені белгілі. Бірақ Орталық Азия елдері Ирандағы режимнің өзгергенін немесе Тегеран мен Тель-Авив қарым-қатынасы тұрақталғанын күткеннен гөрі Кабул мен Исламабад арасындағы шиеленістің шешімі жылдамырақ болады деп сенеді.
Олар әуелі Ауғанстан бағытын қарастырып отыр. Егер ол іске аспаса, онда Қытай–Пәкістан экономикалық дәлізіне (CPEC) назар аударады. Қағаз жүзінде бұл өте тартымды жоба. Іс жүзінде күткендей қарқынмен дамыған жоқ. Соған қарамастан, Орталық Азия елдері үшін Қытай–Пәкістан бағыты Ирандағы жағдайдың жақсарғанын күтуден гөрі оңтайлырақ жоба болып көрінеді.
Азаттық: Ауғанстан әлі де тұрақсыз ел саналады (2021 жылы халықаралық қауымдастық мойындаған ауған үкіметі құлап, орнына билікке "Талибан" қозғалысы келген). Осындай жағдайда Орталық Азия елдері неліктен Ауғанстанды шиеленіс көзі емес, шешім көзі ретінде қарастыра бастады?
Мориасу: Орталық Азия үшін ең үлкен мәселелердің бірі – су. Аймақтағы судың басым бөлігі Тәжікстан мен Қырғызстаннан бастау алып, ол су кейін Өзбекстан мен Қазақстанға ағады.
Ауғанстан осы судан өзіне қарай канал қазып жатыр. Орталық Азия елдері бұған разы емес. Бірақ егер Ауғанстанда тұрақтылық орнаса, мұның аймаққа елеулі пайдасы тимек. Осы себепті болса керек, су мәселесіндегі қайшылықтарға қарамастан, Орталық Азия елдері Ауғанстанмен жақындасуға құлықты болып отыр.
Азаттық: Пәкістан Орталық Азияның ұзақмерзімді сауда стратегиясында қаншалықты маңызды орын ала бастады?
Мориасу: Пәкістанның ерекшелігі – оның географиясы. Бұл – әрі құрлықтағы ел, әрі теңіз бойындағы ел.
Үндістаннан айырмашылығы да осындай. Үндістанды Гималай таулары мен Пәкістан қоршап тұр. Оның Орталық Азияға тікелей шығу мүмкіндігі жоқ.
Ал Пәкістанның Орталық Азиямен құрлық арқылы байланысы бар әрі Қарачи мен Гуадар секілді ірі теңіз порттарына ие.
Сонымен қатар, Пәкістан армиясының бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунирдің [АҚШ президенті Дональд] Трамппен қарым-қатынасы жақсы. Президент Трамп мұны бағалап, Пәкістанға көбірек сүйене бастаған сияқты. Бұл тек Иран мәселесіндегі делдалдық үшін ғана емес. АҚШ қазір Қытай мен Ресейге қатысты Еуразиядағы кең ауқымды стратегиялық бәсекеде де Пәкістанды маңызды серіктес ретінде көретінін аңғартады.
Азаттық: Қытай–Пәкістан экономикалық дәлізі енді Орталық Азия үшін Иранға балама негізгі бағытқа айналып келе ме?
Мориасу: Мұнда қызық нәрсе – Пәкістанның қалай әрекет етіп жатқаны. Пәкістан АҚШ-пен байланысын күшейтіп жатыр. Бірақ бұл оның Қытайдан алыстап бара жатқанын білдірмейді.
Америкалықтардың түсінуі керек маңызды жайт – Вашингтонмен жақындасу арқылы Пәкістан, керісінше, Пекинді Қытай–Пәкістан экономикалық дәлізіне бұрынғыдан да көбірек инвестиция салуға ынталандырып отыр.
Яғни Пәкістан екі тараппен де жұмыс істеп отыр және бұл стратегия нәтиже беріп жатыр. Мысалы, жақында Қырғызстанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Пәкістан басшылығы Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті. Сол кезде Қытай Пәкістанның Иран мен АҚШ арасындағы делдалдық әрекетін жоғары бағалап, бұл бастамаларға барынша қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Бұл – шілде айында болған оқиға. Содан екі ай бұрын ғана Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездескен кезде Пекиннің мәлімдемесі әлдеқайда ұстамды еді. Қытай Пәкістанның әрекетін құптады, бірақ қосымша қолдау туралы айтқан жоқ.
Бар болғаны екі ай ішінде Қытайдың ұстанымы едәуір өзгерді. Меніңше, бұл Пәкістанның Трамп әкімшілігімен жақындасуының тікелей нәтижесі.
Азаттық: Ирандағы қақтығыс ақыр соңында Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалын күшейте ме?
Мориасу: Менің байқағаным, Орталық Азия Ресейге деген тәуелділікті Қытайға тәуелділікпен алмастырғысы келмейді. Бірақ іс жүзінде Қытай жалғыз қисынды балама болып келеді.
Бұған Қазақстанды мысал етуге болады. Қазақстан мұнайы Қара теңізге жеткізетін экспорт құбыры дрон шабуылдары салдарынан толыққанды жұмыс істей алмай қалды. Құбыр көбіне Украинаның Ресей инфрақұрылымдарына соққы жасауынан істен шығып жатқан болуы мүмкін. Қазақстанның шетелге сатылатын мұнайының 80 пайызы осы құбырдан өтеді.
Қазақстанда екі балама бар. Бірі – Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға апаратын Орта дәліз, екіншісі – Қытайға апаратын қазіргі құбыр.
Қазақстан Орта дәлізді құп көргенімен, мұнайды алдымен Каспий арқылы танкерлермен Бакуге жеткізу қажет, ал бұл өткізу қабілетін шектейді. Ең жылдам шешім – Қытайға мұнай жеткізуді көбейту. Менің ойымша, дәл солай болады.
Сондықтан Орталық Азия елдері Қытайға тәуелділіктің күшеюінен алаңдағанымен, егер АҚШ пен Жапония секілді елдер Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мұнай тасымалын ұлғайтатын Каспий инфрақұрылымына инвестиция салмаса, бұл тәуелділік арта береді.
Азаттық: Тегеранның көзімен қарап көрелік. Орталық Азиядан айырылу Иран үшін санкцияға іліккелі ең үлкен стратегиялық соққы бола ма?
Мориасу: Иә. Иран бұл соғыста жеңілмеуге тырысып жатыр. Бірақ өз әрекеттерінің салдарынан Орталық Азиядан біртіндеп айырылып жатыр. Сонымен бірге Орталық Азияны Ираннан алыстатып жатқан тек Иранның өзі емес. Бұған АҚШ саясаты да әсер етіп отыр.
Мысалы, Үндістан Гуадар портына балама ретінде дамытуға қаржы құйған Иранның оңтүстігіндегі Чабахар порты маңында да шабуылдар болды. Мұндай жағдайлар Иран арқылы өтетін сауда дәлізінің Қытай–Пәкістан экономикалық дәлізімен бәсекелесуін барған сайын қиындатады.
Сондықтан бұл – бір жағынан Иранның өз әрекеттерінің, екінші жағынан АҚШ саясатының салдары. Екеуі қосылып, Иран бағытының стратегиялық маңызын айтарлықтай төмендетіп отыр.