Киберқылмысқа күдікті Қазақстан азаматы Италиядан АҚШ-қа жеткізілді

АҚШ әділет министрлігі 43 жастағы Қазақстан азаматы Роман Хлыновский Италиядан АҚШ-қа экстрадициялағанын хабарлады.

Америкалық ауруханалар, медицина мекемелері мен мектептер зардап шеккен ауқымды кибербопсалауға қатысы бар деген күдікке ілінген Хлыновский 16 қарашада алғаш рет Теннесси штаты Ноксвилл қаласындағы федералдық сотына апарылған.

Айыптау тарапының айтуынша, Қазақстан азаматы "кейінгі онжылдықтардағы медицина мекемелерінен деректердің таралып кетуіне қатысты ең ірі оқиғалардың біріне қатысқан" деген күдікпен ұсталып отыр.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс жасағандар ауруханалар мен медицина ұйымдарының компьютер желілерін бұзып кіріп, пациенттер туралы құпия ақпараттың үлкен көлемін ұрлап алып, кейін ұрланған деректерді жариялаймыз деп қорқытып, өтемақы талап еткен. АҚШ прокурорының қылмыстық істер жөніндегі көмекшісі А. Тайсен Дюваның айтуынша, қаскөйлер миллиондаған адамның денсаулығы туралы жеке деректерді жария етеміз деген бопсамен пайда табуға тырысқан.

АҚШ федералдық тергеу бюросының (FBI) директоры Кэш Патель Хлыновский мен 8-Digits Team тобының өзге де мүшелері ұрланған мәліметтерді жарияламау үшін ақша бопсалап, ауруханалар мен мектептерге бірнеше рет шабуыл жасаған деп мәлімдеді. Оның сөзінше, қаскөйлер талап еткен өтемақының жалпы сомасы 500 миллион доллардан асқан. Патель Хлыновскийді экстрадициялау АҚШ пен Италия мемлекеттік органдарының ынтымақтастығының арқасында мүмкін болғанын айтты.

Айыптау қорытындысында Роман Хлыновский бопса жасауға қолданылған INC және Lynx бағдарламаларымен байланысы бар 8-Digits Team тобы құрамында болған деп жазылған. Топ мүшелері кемінде алты америкалық штаттағы ұйымдарға кибершабуыл жасаған. Жәбірленушілердің компьютер желілеріне қол жеткізген хакерлер ақпаратты ұрлап алып, оны жарияламаудың өтеміне ақша талап еткен. Айыптау тарапының дерегінше, олар өз қолында 70 миллионнан астам құпия медициналық жазбаны қамтитын 50 терабайттан астам дерек барын алға тартқан. Тергеу мәліметінше, зардап шеккен ұйымдарға қысымды күшейту үшін қаскөйлер бұл мәліметтерді жария етеміз деп қоқан-лоқы жасаған.

Роман Хлыновскийге компьютерлік алаяқтық жасау және жеке деректерді ұрлау мақсатында сөз байласу, электрондық байланыс құралдарын пайдаланып алаяқтық жасау мақсатында сөз байласу, компьютерлік технологиялар қолдану арқылы бопса жасау, ақшаны жылыстату мақсатында сөз байласу, сондай-ақ АҚШ заңын бұза отырып, жеке бастың құпиясына жататын суреттерді таратамыз деп қорқыту айыптары тағылып отыр. Кінәлі деп танылған жағдайда ол 27 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін.

АҚШ әділет министрлігі Хлыновскийді ұстау мен экстрадициялауды ұйымдастыруға Италия билігі де қатысқанын және Украинаның мемлекеттік тергеу бюросы мен бас прокурор кеңсесі және Литва билігі көмектескенін хабарлады.

Италиялық ANSA ақпарат агенттігі дерегінше, Хлыновский Киевте тұрып, ақпараттық технологиялар саласында кәсіпкерлікпен айналысқан. 2025 жылдың жазында ол америкалық құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша берілген халықаралық ордер негізінде Италияда қамауға алынған.

2026 жылдың ақпанында Хлыновскийдің жұбайы Олена Италияның әділет министрі Карло Нордиоға күйеуін АҚШ-қа бермеуді сұрап жүгінген. Ол күйеуінің "қылмыскер емес екенін және қоғамға қауіп төндірмейтінін", сондай-ақ "оның тәжірибесі мен білімі Италияға киберқауіпсіздік, инфрақұрылымды қорғау және киберқылмыстардың алдын алу мәселелерінде пайдалы болуы мүмкін екенін" мәлімдеген. Бұған қоса ол күйеуінің мемлекеттік құрылымдармен заңды түрде ынтымақтасуы үшін оны Италияда қалдыру мүмкіндігін қарастыруды сұраған.

​
XS
SM
MD
LG