21 қараша кешке Ресей дроны Киев облысындағы Вышгород қаласына жақын Дымер елді мекеніндегі бес қабатты тұрғын үйге соққы жасады. Салдарынан ғимараттың бір кіреберісі толығымен қирады. Үйінді астында адамдар қалуы мүмкін. Қазір құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Украинаның төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметінің мәліметінше, тоғыз адам эвакуацияланған, екеуі жарақат алған. Үйінді астында тағы бірнеше адам болуы мүмкін.
Украина әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей түнде Украинаға 186 дронмен шабуыл жасаған. Олардың 161-і атып түсірілген деп айтылады. Дрондар 18 жерде нысанаға тиген. Бұл мәліметті тәуелсіз дереккөздер әзірге растаған жоқ.
Украинаның төтенше жағдай қызметі мен жергілікті билік Запорожье қаласына, Харьков облысындағы Лозовая қаласына және Чернигов облысына да шабуыл жасалғанын хабарлады. Запорожьеде екі адам, Лозоваяда бір адам зардап шеккен. Бұдан бөлек, майдан шебіне жақын Сумы және Донецк облыстарында да атқылау салдарынан жараланғандар бар.
Ресей қорғаныс министрлігі Запорожьедегі қосалқы электр станциясына, Одесса облысындағы Килия портына және Қара теңіздегі құрғақ жүк таситын кемеге соққы жасалғанын мәлімдеді.