Ресей күштері 5 тамызға қараған түні Украина астанасы Киев пен Киев облысына ондаған баллистикалық зымыранмен және 115 дронмен жаппай шабуыл жасаған. Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше, әуе шабуылы салдарынан кемінде 17 кісі өліп, 40-тан астам адам жараланған.
Қаза тапқандардың үшеуі – Киевтегі "Нова пошта" сұрыптау орталығының қызметкерлері. Киев облысында 14 адам көз жұмған, оның сегізі Броварыдағы "Квитнева" теміржол платформасына зымыран түскенде қаза тапқан.
Шабуылдан кейін Киевтің бірнеше ауданында қоймалар мен өндіріс нысандары өртенді. Голосеев ауданында аммиак ағыпты деген ақпарат тарады, қала билігі оның оқшауланғанын және тұрғындарға қауіп жоғын мәлімдеді.
Ресей қорғаныс министрлігі шабуылдар логистика инфрақұрылымына жасалғанын айтып, нысанаға "Нова пошта", "Эпицентр" және басқа да қойма кешендері алынғанын хабарлады. Украиналық басылымдар бұл нысандардың бір бөлігіне шабуыл жасалғанын растады.
Украина әуе күштерінің мәліметінше, Ресей өткен түні Украинаға қарай төрт "Циркон"/"Оникс", 24 "Искандер-М"/S-400 зымыранын және 115 дрон ұшырған.
Украина әскері 98 дронды атып түсіргенін, бірақ баллистикалық зымырандардың ешқайсысын жоя алмағанын мәлімдеді.