Колумбия АҚШ-тан депортацияланған азаматтарын елге кіргізуге келісті. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Колумбия азаматтары мінген америкалық әскери ұшақтарды қабылдаудан бас тартқан бұл елге санкция салмақ ниеті барын айтқан еді. Колумбия өз азаматтарын қабылдайтын болған соң АҚШ оған әзір санкция енгізбейді. Бұл туралы Ақ үйдің мәлімдемесіне сілтеп Reuters агенттігі жазды.
"Колумбия үкіметі президент Трамптың барлық шартына, соның ішінде америкалық әскери ұшақтармен АҚШ-тан қайтқан Колумбияның заңсыз иммигранттарын шектеусіз және кідіртпей қабылдауға келісті", – деп жазылған хабарламада.
Ақ үй Трамп депортация мәселесі бойынша басқа да елдерден "әріптестік" күтеді деп айтты.
Мигранттар отырған ұшақтарды қабылдағысы келмеген Колумбияға Трамп санкция енгізетінін мәлімдеген. Колумбия келісімді сақтап отырса, санкция резервте қалып, Трамп оған қол қоймай, кідіре тұрады. Бұл туралы Трамп әкімшілігінің мәлімдемесінде айтылған.
АҚШ президенті өз әкімшілігіне Колумбиядан әкелінетін барлық тауарға 25 пайыз баж салығын дереу енгізуді жүктеген және алдағы уақытта ол тағы көтерілетінін айтқан. Бұған қоса, Трамп Колумбия үкіметінің ресми өкілдеріне және "олардың жақтастарына", соның ішінде олардың отбасы мүшелеріне виза шектеуін енгізуді бұйырған. Сонымен бірге Колумбияға қаржылай санкциялар салынатын болады деген ол.
Трамп сес көрсеткеннен кейін Колумбия президенті Густаво Петро АҚШ-тан депортацияланатын ел азаматтарына өз ұшағын бере тұруға уәде етті.
АҚШ – Колумбияның ең ірі сауда серіктесі. АҚШ үшін Колумбия сауда көлемі бойынша Латын Америкасында үшінші орында тұр.
Трамп президент қызметіне кіріскен алғашқы күннен – 20 қаңтардан бастап Ақ үй әкімшілігі елде ешқандай құжатсыз жүрген мигранттарды депортациялау бойынша ауқымды науқан бастаған. Бұл – президент сайлауына республикалық партиядан түскен Трамптың сайлау алдында берген уәделерінің бірі болатын.
Кейінгі бір апта ішінде АҚШ үкіметі Мексикамен шекарадан баспана іздеп келген адамдардың АҚШ-қа кіруіне тоқтау салды, ел аумағында заңсыз жүрген иммигранттарды өз отанына депортациялайтын арнайы әуе рейстерін ұйымдастырды. Латын Америкасының бірқатар елі, соның ішінде Мексика мен Бразилия АҚШ билігінің бұл әрекетін сынға алды. Колумбия сияқты, Мексика да депортациялау ұшақтарын қабылдаудан бас тартты, бірақ Трамп әзірге ол елге қарсы санкция жариялаған жоқ.
ПІКІРЛЕР