Accessibility links

Краковтағы атыс: 6 адам қаза болды, 15 адам жарақаттанды

7 қарашада күндіз Краков қаласының орталығында болған атыстан 6 адам қаза тауып, 15 адам жарақаттанды. Зардап шеккендердің арасында алты шетел азаматы бар.

Куәгерлердің айтуынша, қара түсті көлік мінген ер адам оқ атқан. Ол алаңға кіріп, көлігін тоқтатқан соң сыртқа шығып, автоматтан оқ жаудырған. Сол маңда жүрген адамдар, трамвай мен дүкен оқ астында қалған.

Полициямен атыс кезінде шабуыл жасаған адам жараланып, ұсталды. Екі полиция қызметкері де ауыр жарақат алған. Польша ішкі істер министрі Марцин Кервинский полицейлердің «ерлікпен» әрекет еткенін айтты.

Польша премьер-министрі Дональд Туск сенбі күні кешке өткен баспасөз мәслихатында шабуыл жасаған адам 25 жастағы Польша азаматы екенін айтты. Оның аты-жөні аталмады. Премьердің сөзінше, ол «әсіре оңшыл идеологияның ықпалында болғанға ұқсайды».

Оқ атқан адам әскери формаға ұқсас киім киген, жанында әскери үлгідегі қару болған. Оның көлігінен тағы бір қару мен көп мөлшерде оқ-дәрі табылған.

Дональд Тусктің айтуынша, ұсталған адам тұрған үйден үш адамның мәйіті табылған. Польша басылымдары олардың шабуыл жасаған адамның жақын туыстары — әкесі, анасы және әпкесі екенін жазды. Сондай-ақ үйден қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған болуы мүмкін деген болжам бар.

Краков орталығын полиция қоршауға алды. Польшаның басқа қалаларында да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Елде аза тұту жарияланады.

Көптеген елдің басшылары шабуыл салдарынан қаза тапқандардың жақындарына, зардап шеккендерге, сондай-ақ Польша үкіметі мен халқына көңіл айтты.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG