Кремльде Путин, Уиткофф және Кушнердің кездесуі аяқталды

Ресей президенті Владимир Путин және АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф, күйеубаласы Джаред Кушнер. Мәскеу, 12 қараша 2026 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин және АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф, күйеубаласы Джаред Кушнер. Мәскеу, 12 қараша 2026 жыл.

Бейсенбі, 12 қарашада Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы уәкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен кездесті. Келіссөз шамамен екі жарым сағатқа созылды.

Кездесуден кейін америкалық өкілдер Дублинге аттанып, сол күні түнде Украина президенті Владимир Зеленскиймен жүздесті. Украиналық Telegram-арналар кездесудің басталған сәтінен видео жариялады.

Мәскеуден ұшар алдында Стив Уиткофф келіссөзде "ілгерілеушілік барын" айтты. "Жұрт үшжақты келіссөзді қалпына келтіре алады деп ойлаған жоқ. Біз қалпына келтірдік. Жаңа кездесуді бекіттік" деді ол. Уиткофф келесі кездесуге Еуропа елдерінің өкілдері де қатысатынын мәлімдеді. Алайда оның нақты қашан өтетінін айтпады.

Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеудегі келіссөзді «мазмұнды, сындарлы әрі пайдалы» деп бағалады. Оның айтуынша, Ресей Еуропа елдері жаңа ұзақмерзімді қауіпсіздік жүйесінің шарттарын келісу жұмысына қолдау білдіреді деп үміттенеді.

Ушаковтың сөзінше, Путин 2021 жылы Ресей АҚШ пен НАТО-ға ұсынған қауіпсіздік кепілдіктері туралы келісім жобаларын еске салған. Мәскеу бұл ұсыныстарға «жаңа пайымдарын» қосуды көздейді.

Бұған дейін Путин америкалық келіссөз жүргізушілерден АҚШ президенті Дональд Трампқа араағайындық жасағаны үшін, ал оның жұбайы Мелания Трампқа Олешки қаласының тұрғындарын эвакуациялау мақсатында гуманитарлық бітім ұйымдастырғаны үшін алғыс жеткізуді сұрағаны белгілі болған еді.

Сонымен бірге Путин Донецк облысындағы Константиновка қаласында да осындай гуманитарлық бітім жариялауды ұсынды. Ресей әскері қаланы бақылауына алғанын мәлімдегенімен, Украина жағы онда әлі де ұрыс жүріп жатқанын айтады. Ашық деректерге қарағанда, Константиновканың бір бөлігі ғана Ресей бақылауында.

Зеленский кеңсесі бұл ұсынысқа күмәнмен қарады. Украина президентінің коммуникация мәселелері жөніндегі кеңесшісі Дмитрий Литвиннің айтуынша, Ресей Олешкидегі гуманитарлық операцияны әскерін ауыстыру және техника кіргізу үшін пайдаланған. Сондықтан Константиновкаға қатысты ұсыныстың да мән-жайын анықтау қажет.

Кездесу барысында Путин Ресей үшін Украинамен арадағы «жалғыз шеп» — мемлекеттік шекара екенін айтты. Бұл Мәскеудің Донецк облысымен қатар, Херсон және Запорожье облыстарының өзі бақыламайтын бөліктерін де беруді талап етуі мүмкін екенін аңғартады. Ресей бұл аумақтарды өз Конституциясында Ресей жері деп көрсеткен. Алайда Путин бұл сөзінің мәнін ашып түсіндірмеді. Сондай-ақ Украина аумағында шетел әскерінің орналасуына қарсы екенін мәлімдеді.

Уиткофф тұтқын алмасу туралы келісімді келіссөздердегі ілгерілеудің белгісі деп атады.

Ал Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер бұған дейін Украина бойынша келіссөздерге Еуропа елдерін қосудың маңызын айтқан. Еуропаның бірқатар мемлекеті Украинаға Ресей басқыншылығынан қорғануға көмектесіп келеді. Кушнердің пікірінше, келіссөздер көпжақты форматқа көшуі керек.

Путин болса, бейсенбідегі кездесуде АҚШ Еуропамен жұмыс істеп, оның «бейбітшілікті ме, әлде соғысты ма» қалайтынын анықтауы қажет екенін айтты.

Путиннің Уиткофф пен Кушнермен кездесуі Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ делегациялары екі күн бойы келіссөз жүргізгеннен кейін өтті. Сол кездесулерден соң Уиткофф пен Кушнер негізгі түйткіл жер мәселесі екенін, ал соғыстан кейінгі қауіпсіздік жүйесін тек осы мәселе шешілген соң талқылауға болатынын айтқан. Кушнер келіссөздерді нәтижелі деп бағалағанымен, жер мәселесі «ең қиын түйін» болатынын ескерткен.

Абу-Дабиде Еуропа делегациясы АҚШ және Украина өкілдерімен бөлек кездескен. Ресей делегациясымен байланыс болмаған. Ресей делегациясын басқарған Владимир Мединский Еуропа елдерін сынап, Мәскеу олардан бірде-бір бейбіт бастама немесе ұсыныс алмағанын, сондықтан талқылайтын мәселе жоқ екенін мәлімдеген.

​
XS
SM
MD
LG