9 ақпан күні Куба үкіметі елге қатынайтын халықаралық әуе компанияларын аралда авиация отыны сейсенбіде толық таусылады деп ескертті. Гаванадағы билік жолдаған хабарламада елде кемінде бір ай – 11 наурызға дейін ұшақтарды жанармаймен қамтамасыз ету мүмкін болмайтыны айтылған. Ал содан екі күн бұрын, билік өкілдері елдегі қазіргі отын тапшылығы әуе қатынасына әсер етпейді деп мәлімдеген еді.
Кейінгі жылдары Куба авиация жанармайымен қамтамасыз ету мәселесінде Николас Мадуро басқарған Венесуэлаға сүйеп келген. Алайда, хабарларға қарағанда, АҚШ былтыр желтоқсанның ортасынан бастап Венесуэладан мұнай экспортын іс жүзінде тоқтатып тастағаннан кейін, Кубаға ол елден шикі мұнай да, мұнай өнімдері де жеткізілмеген. Бұл жағдай АҚШ арнаулы операция жүргізіп, Мадуроны ұстап әкеткеннен кейін де өзгерген жоқ.
АҚШ билігі биыл қаңтар айында Кубаға жанармай бермеуді көздейтін шаралар қабылдайтынын, соның ішінде аралға жанармай жеткізген елдерге қосымша баж енгізуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Кубада АҚШ-тың экономикалық блокадасына байланысты авиация отыны тапшылығы бұрын да бірнеше рет болған деп жазды ақпарат агенттіктері. Былтыр әуе компаниялары мәселені шешудің жолын тапқан: ұшақтарды Панама, Багам аралдары, Доминикан Республикасы немесе тіпті АҚШ аумағында қосымша жанармаймен толтырған. Дүйсенбі күні әуе рейстерінің басым бөлігі Кубаға кестеге сай қатынағаны хабарланды.
Кубаға қатынайтын халықаралық рейстер арасында Ресейдің "Аэрофлот", "Россия" және Nordwind Airlines әуе компаниялары ұшақтары да бар. Mash телеграм-арнасы 9 ақпанда жолаушылар сөзіне сүйеніп, Кубада қосымша жанармай құю мүмкін болмағандықтан "Россия" әуе компаниясының Мәскеу – Гавана бағытындағы жолаушы рейсі тоқтатылғанын хабарлады. Кейін ұшақ Гаванаға жолаушысыз ұшып кеткен. Туроператорлар қауымдастығы (АТОР) Ресейден жолаушысыз бос кеткен ұшақ аралдағы ресейлік туристерді алып қайту үшін жіберілгенін растады.
Дүйсенбі күні "Аэрофлот" компаниясы Кубаға әуе қатынасын жалғастыратынын, бірақ қосымша жанармай құю үшін маршруттарға өзгерістер енгізіп, жол-жөнекей қонатын басқа орындар қарастыратынын хабарлады. АТОР дерегінше, Гавана мен Варадеро бағыттарына билетке тапсырыс беру 20 наурызға дейін уақытша тоқтатылған.
Ресей туризм индустриясы одағының мәліметінше, қазіргі уақытта Кубада шамамен 4 мыңға жуық ресейлік турист бар.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков дүйсенбі күні АҚШ Кубаны "тұншықтыру саясатын" қолданып отыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей билігі "кубалық достармен" жағдайды талқылап, "мәселені шешу және мүмкіндігінше көмек көрсету жолдарын" қарастырып жатыр. Ол нақты қандай көмек екенін айтқан жоқ.