Accessibility links

Күні қайнап, суы тартылған Орталық Азияны қуаңшылық қысып тұр


Түркіменстанда су мен жем тапшы болып жатқанда билік малды орылған бидайдан қалған сабанға жайдырмай отыр.
Түркіменстанда су мен жем тапшы болып жатқанда билік малды орылған бидайдан қалған сабанға жайдырмай отыр.

Орталық Азияның кей жерлерінде күн шамадан тыс ысып кетіп, аймақ суларының деңгейі төмендеп кетті және бұл қиындықтардың бастауы ғана.

Орталық Азияда маусым айында күннің ыстық болатыны айтпаса да белгілі. Бірақ биыл көптеген жерде ауа температурасы ондаған, тіпті жүздеген жылдың рекордын жаңартып жатыр. Оған қоса құрғақшылық та күшейіп, зардабы зор болып тұр.

Сырдария мен Әмударияның жоғарғы сағасында орналасқан Қырғызстан мен Тәжікстан су тапшылығынан қысылып, ағын суды мейлінше өзінде алып қалғысы келеді. Ал төменгі сағадағы Өзбекстан мен Қазақстан суға зар болып, көршілерінен суды молырақ жіберуді сұрап отыр. Құр қолға емес әрине.

БҰРЫН БОЛМАҒАН ЫСТЫҚ КҮН

Өзбекстанда маусым айы метеорология агенттігінің ескертуінен басталды. 3-7 маусым күндері күн күрт ысып кетіп, қалыпты көрсеткіштен 7-10 градусқа жоғары болады деді Узгидромет.

Ел астанасы Ташкентте 6 маусымда ауа температурасы 42,6 градусқа жетті, сол күннің рекорды жаңарды. Осыған дейін ең жоғары температура 38,5 градус болған және ол сонау 1811 жылы тіркелген.

Келесі күні ауа райы 40,8 градусқа дейін төмендеген, бірақ мұның өзі 7 маусымның тарихи рекордын жаңартып тұр. Оған дейінгісі 1894 жылы бекітілген.

Узгидромет дерегінше, Ташкенттегі ең ыстық күн 1997 жылы 18 шілдеде тіркелген. Ол күні термометрлер 44,6 градус көрсеткен.

8 маусымда Тәжікстан метеорология орталығының директоры Жәмила Байдуллоева Азаттықтың Тәжік қызметі Озодиға күннің ерекше ыстық болғанын айтты. Оның сөзінше, маусымның бірінші аптасында ел астанасы Душанбе мен оңтүстіктегі Хатлон облысында ауа температурасы 45 градусқа жеткен. Бұл – маусымның басы үшін кейін онжылдықтарда бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Түркіменстан астанасы Ашғабатта да маусымда температура 45 градусқа жеткен.

Бұл жаздың басы ғана. Әдетте ең ыстық айлар шілде мен тамыз саналады.

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ

Орталық Азияда құрғақшылық болатыны бірнеше ай бұрын белгілі болды. Алғашқы белгі Қырғызстандағы алпауыт су қоймасы Тоқтоғұлдан байқалды.

Наурызда қырғыз шенеуніктері Тоқтоғұлдағы су көлемі тым төмендеп кеткенін мәлімдеді. Сыйымдылығы 19,5 миллиард текше метр болатын қоймадағы судың көлемі 8,7 миллиард текше метрге дейін азайып кеткен.

Қойманы сумен Нарын өзені қамтамасыз етеді. Бұл өзеннің өзі Сырдарияға барып құяды. Ал Тәжікстаннан бастау алатын Сырдария Орталық Азиядағы ең ұзын өзен саналады және ол Өзбекстан арқылы Қазақстанға жетеді.

Тоқтоғұлда су электр станциясы да бар. Ол Қырғызстан электр энергиясының 40 пайызын береді.

Қырғызстанда су бекеттерін жауып, қойманы толтыру жайы талқыланып жатыр. Бірақ 16 маусымда елдің энергия министрі Досқұл Бекмұрзаев су көлемі 10,9 миллиард текше метрге дейін көтерілгенін мәлімдеген.

Өзбекстан мен Қазақстан сірә Тоқтоғұл бекеттерін жабуға қарсы. Бұл екі ел қазір Қырғызстанмен келіссөз жүргізіп, одан суды көбірек жіберуді сұрап отыр. Қайтарым ретінде оны электр энергиясымен қамтамасыз етпек. Осылайша Қырғызстанның Тоқтоғұлға тәуелдігін азайтпақ.

Қазақстан қазір Сырдария суына аса мұқтаж. Қазгидромет қазірдің өзінде алты облыста ауыр құрғақшылық болады деп болжап отыр. Олар: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда және Қостанай облыстары.

Суды негізінен Сырдариядан алатын Қызылорда облысында жергілікті билік биыл егілетін күріш ауқымын шектеп отыр. Облыста мал азығы да тапшы. Салдарынан төрт түлік өліп жатыр.

Маңғыстау облысында да осыған ұқсас жағдай орнаған.

Үкімет Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында қазірдің өзінде 2 мыңнан астам малдың өлгенін, оның көбі су мен азық тапшылығына тап болған жылқы малы екенін айтып отыр.

Түйелері мен жылқылары картон қағазын жеуге мәжбүр болған Маңғыстау облысында билік су мен шөпті өзге облыстардан әкелетінін, көбірек құдық қазатынын айтады.

"Жылқы топырақ жеп жатыр". Қуаңшылық қинаған шаруа көмекке мұқтаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

Тәжікстандағы Хатлон облысы Яван ауданында да құрғақшылық қатты байқалады. Шопан Аброриддин Хайдаров мал жаятын шөп жоқ дейді.

Ірі өзеннің басында отырған Қырғызстанда да қуаңшылық сезіледі. Маусымның екінші аптасында елде шөп бағасы 50 пайызға қымбаттаған.

ДӘНДІ ДАҚЫЛДАРДЫҢ ҚУРАП КЕТУІ

Қырғызстанның Шу облысында кей шаруалар биылғы егіннен тұтас айырылып қалуы мүмкін екенін айтады. Су тапшылығы, арықтардың ескіруі салдарынан егін алқаптары кеуіп жатыр.

Елдің ауыл шаруашылық министрі Алмазбек Сокеев облыстағы шағын су қоймалары мен өзендердегі су деңгейі әдеттегіден екі есе төмен екенін айтты. Шамасы министр 14 маусымдағы сөгісті осы үшін алған болуы керек. Сол күні облыс шаруалары Бішкектегі үкімет үйінің алдына жиналып, биліктен егінді құтқаруды талап еткен.

Қырғыз премьер-министрі Ұлықбек Марипов шаруаларға көмектесуге уәде берді.

"Бюджет тапшылығына қарамастан, келтірілген залалды өтеуге тырысып жатырмыз" деді Марипов 17 маусымда. Сөйте тұра ол ақша жетпей жатқанын, шаруаларға өтемақы ретінде берілетін қаржының қайдан алынатынын білмейтінін айтты.

Түркіменстанның Мары және Лебап облыстарында құрғақшылық орнап, дихандар егіннен жаппай айырылып қалудан қорқады.

Бірақ мемлекет басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов 2 маусымда өткен үкімет отырысында егін мол болады деп, дихандарды ұрықпен, тыңайтқышпен, заманауи құралдармен және сумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Мары облысы Қарақұм ауданының шаруалары Азаттықтың Түркімен қызметі Азатлыққа егіннің қурап кеткенін айтты.

"Алқаптарымыз басынан су мен тыңайтқыштан жұрдай болған. Енді күннің қатты ысуы қосылып отыр. Жасыл түске енді боялған мақта алқаптары қурап кетті. Мақтаның мұншалық жаппай қурауын бірінші рет көріп отырмын" деді шаруалардың бірі.

Жергілікті су қоймасы қараусыз қалған. Бірқатар шаруа Азатлыққа жергілікті биліктің мәселені қалай шешерін білмей отырғанын айтты.

Суға зар болып отырған жалғыз Мары облысының шаруалары емес. Азатлықтың тағы бір хабарында ел астанасы Ашғабат тұрғындары күннің едәуір бөлігінде ауыз судан қағылып отырғаны, ал осы уақта ауа температурасы 45 градусқа жеткені айтылады.

Түркіменстанда ауыз су кезегінде тұрған адамдар. Архив суреті.
Түркіменстанда ауыз су кезегінде тұрған адамдар. Архив суреті.

Шаруалардың көрген азабы аздай, түркімен билігі Мары облысы Пешанай ауылында бидай алқаптарындағы сабанды өртеуді бұйырған. Ал сабан мал ұстайтын шаруалар үшін аса маңызды. Оны малға азық етіп береді. Билік бұл шешімнің артында қандай себеп барын түсіндірмеді, шаруаларға басқа мал азығын ұсынбады.

САЛДАР

Орталық Азия елдерінде азық-түлік бағасы онсыз да артып барады.

2020 жылы ғаламдық коронавирус пандемиясы аймақтағы сауда айналымына соққы болып тисе, биылғы құрғақшылық алдағы айларда азық-түлік тапшылығын күшейтпек.

"Настоящее время" телеарнасы Қазақстан мен Қырғызстанда көкөніс бағасының көтеріліп кеткенін айтады.

Осы аптада Қазақстан сауда министрі Бақыт Сұлтановтың Ташкентке жол тартып, өзбек сәбізі мен картобын Қазақстанға экспорттау мәселесін талқылайтыны хабарланған.

Түркіменстанда бір келі ет 65 манат (ресми бағаммен 20 доллар), бес литр сұйық май 250 манат (ресми бағаммен 70 доллардан астам) тұрады.

Тәжікстанның шығысында тұратын адамдар күнделік азық-түлік бағасының Мәскеу дүкендеріндегі бағамен теңесіп қалғанын айтады.

Осыған дейін Орталық Азия үкіметтері кей мәселелерге қарамастан жақсы қарым-қатынаста болды. Бұл ретте көршілерін азық-түлікпен, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Өзбекстанның рөлі жоғары. Алайда өзбек баспасөз құралдарының Өзбекстандағы құрғақшылық ахуалының қандай екені туралы ешнәрсе айтпауы аздап таңғалдырып отыр.

Бірақ осы бір қиын тұста бес елдің бұл орнықты қарым-қатынасы қашанға дейін сақталады? Үкіметінің тиісті шешімдерін күтіп отырған ел тұрғындарының шыдамдылығы ше? Осы екеуі қазір ең маңызды сұрақ болып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG