АҚШ президенті Дональд Трамп 9 наурызда CBS арнасына берген сұхбатында "соғыс жақын арада аяқталуы мүмкін, бірақ дәл бұл аптада емес" деп мәлімдеген.
X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған постында CBS News тілшісі Вэй Цзян Трамптың: "Соғыс іс жүзінде аяқталуға жақын деп ойлаймын. Оларда флот та, байланыс та, әуе күштері де жоқ" деген сөзін келтірді.
Бұған қоса Трамп бастапқыда 4-5 апта болады деп болжанған АҚШ әскери операциясы одан әлдеқайда тез жүріп жатқанын айтқан.
Әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт өсуіне себеп болған Ормуз бұғазын бұғаттауға байланысты Трамп қазір ол жерден кемелер өтіп жатқанын, бірақ бұғазды "өз бақылауына алсам ба" деген ойы барын айтқан.
Трамптың айтуынша, "қолда бар барлық құралдарын пайдаланып болған Иран тағы қандай да бір қулық жасауға тырыспағаны жөн, әйтпесе оның түбі елді құртады".
АҚШ пен Израильдің 28 ақпандағы әуе шабуылы кезінде қаза тапқан Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеидің орнына тағайындалған оның ұлы Мұжтаба Хаменеиге "жолдайтын үндеуі жоғын" мәлімдеген Трамп, өлген аятолланың орнын кім баса алатыны жайлы идеялары барын айтқанымен, егжей-тегжейін жариялауға ықылас білдірмеді.
Мұнай бағасының өсуіне G7 реакциясы
Әлем бойынша экономикасы дамыған жеті ел (G7) АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бастаған соғыстың салдарынан нарықта мұнай бағасы күрт өскеніне қарамастан, әзірге төтенше мұнай қорларына тиіскен жоқ.
Reuters агенттігі "үлкен жетілік" елдері "нарықты тұрақтандыруға қажет шараларды" қабылдауға әзір екенін мәлімдеді, бірақ қорларға қол тигізуге "әзірге дайын емес" деген Францияның қаржы министрі Ролан Лескюрдің сөзін келтірген. Оның айтуынша, қазір Еуропада да, АҚШ-та да мұнай жеткізуге байланысты проблема жоқ. Дегенмен, түпкілікті шешімді G7 елдері көшбасшылары қабылдайды.
Дүйсенбі күні әлемдік нарықта мұнай бағасы 2022 жылдың ортасынан бергі кезеңде ең жоғары деңгейге жетті: сауда басталған кезде Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 120 доллардың маңайына дейін көтеріліп, кейін сәл түсті.
Жалпы, соғыс басталғалы бері Brent маркалы мұнай бағасы 65% өскен.
Трамп соғыс жақын арада аяқталуы мүмкін деп мәлімдемегеннен кейін мұнай бағасы төмендеп, қор нарқы өсе бастағанын Bloomberg агенттігі хабарлады.
Таяу Шығыстағы жағдай
Иран АҚШ пен Израильдің шабуылдарына қарымта ретінде Израильге қоса, АҚШ әскери базалары орналасқан Таяу Шығыстағы мемлекеттер аумағына зымыран мен дрон атқылауды бастаған, нысанаға сол елдердегі мұнай нысандарын да алған.
Иран қарымта соққыны әлі жалғастырып жатыр. Әлем нарығына шығарылатын мұнайдың 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазы соның салдарынан іс жүзінде жабылып қалды.
Мұнай тасымалдау мүмкіндігі шектеліп, қоймалар да толып қалғандықтан кейбір ел мұнай өндіру көлемін азайта бастады. Тіпті Ормуз бұғазы жақын арада қайта ашылған күннің өзінде экспортты қалпына келтіруге уақыт қажет болады, ал мұнай тапшылығы мен оның бағасының өсуі және соғыс ұзаққа созылса, инфляция күшейіп, жаһандық экономика құлдырауы мүмкін дейді сарапшылар.
Бұған дейін Дональд Трамп мұнай бағасының өсуі "АҚШ пен бүкіл әлемнің қауіпсіздігі мен бейбітшілігі үшін төленетін болмашы шығын" деп мәлімдеген. Оның пікірінше, Иранның ядролық бағдарламасынан төнген қауіп толық жойылған кезде мұнай бағасы да тез төмендемек.