Украинада бейбітшілік орнату туралы келісімге қол жеткізуде ең қиыны жер мәселесі болып отыр. Бұл жөнінде АҚШ президентінің арнайы уәкілі, Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер мәлімдеді. Ол жуырда АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткоффпен бірге Мәскеу мен Киевке барып келген еді.
"Бітістіруші ретіндегі міндетіміз - Украинаның мүддесіне қайшы емес креативті шешім табу" деді YES Annual Meeting 2026 форумына онлайн қатысып, украиналық кәсіпкер, форумның негізін қалаушы Виктор Пинчуктің сұрақтарына жауап берген Кушнер.
"Президент Путин нені көздейтіні жөнінде ұстанымын айтты. Егер Украина бұл мәселе бойынша шарттарға көнгенде, келісімнің қалған тармақтары бойынша келісер едік. Бірақ Украина қазір мұны істеуге құлықсыз" деді Кушнер.
Оның сөзінше, кейінгі 9 айда АҚШ Ресей және Украинамен келіссөзде жерге қатысты мәселеден бөлек барлық мәселеде "алға жылжыған".
Ресми ақпарат бойынша, Ресей Украинаның төрт облысын өзіне қосуды, Қырым мен Севастопольды талап етеді. Дегенмен Ресей өкілдерінің айтуынша, Анкоридждегі саммит кезінде Владимир Путин тек Донбасты ғана талап еткен, ал Херсон мен Запорожье облыстарында соғысты майдан сызығында тоқтатуға келіскен. Украина билігі соғысты майдан сызығында тоқтатуға дайын, бірақ Ресейге орыс әсері әлі бақылауға алмаған аумақтарды беруге қарсы және Ресей басып алған аумақты орыс жері деп танудан бас тартқан.
Кушнер АҚШ әкімшілігі тараптарды соғысты экономикалық жақтан ынталандыру негізінде тоқтатуға көндіре алады деп санайды.
"Екі ел де соғыс аяқталғаннан кейін орнаған бейбітшілікті инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жалақы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға қалай пайдалануға болатынын ойлауы керек. Қоғамды бейбітшілік үдерісіне тартатын әрі қауіпсіздіктің ең мықты кепілі болатын нәрсе де — осы. Бұл біздің басты басымдығымыз. Егер осы жерде бейбітшілік орната алсақ, ол екі елдің де орасан зор әлеуетін ашуға мүмкіндік береді" деді Кушнер.
Бұған дейін АҚШ Донбасс аумағын демилитаризацияланған немесе арнайы бақылаудағы еркін экономикалық аймаққа айналдыруды ұсынғаны хабарланған болатын. Киев бұл ұсынысқа қарсы емес, бірақ ол тек Украина емес, сонымен қатар Ресей бақылауындағы аумақтарға да қолданылуы керек деп талап етеді.
Кушнердің айтуынша, тараптар бейбітшілік келісімін жасағысы келеді, бірақ параметрлерін келісе алмай жатыр.
"Бізге тек бәрін риза ететін дұрыс формула табу керек" деді ол.