Accessibility links

Британияның жаңа заңы мен Бакиевтің ұлының мүлкі


Лондонның шетіндегі Максим Бакиев тұрады деп болжанатын үй.
Лондонның шетіндегі Максим Бакиев тұрады деп болжанатын үй.

Ұлыбританияда күшіне енген күмәнді дүние-мүліктің төркінін тексеруге мүмкіндік беретін жаңа заң Қырғызстанның экс-президентінің ұлы Максим Бакиевтің мүлкіне қозғау сала ма?

2018 жылдың басында Ұлыбританияда күмәнді жолмен сатып алынған дүние-мүлікті, оның ішінде жылжымайтын мүлікті тексеруге мүмкіндік беретін заң күшіне енген. Жаңа заң Қырғызстанда 2010 жылғы сәуір революциясы кезінде биліктен қуылған бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиев тұрады деп болжанған үйге қатысты қолданылуы мүмкін бе?

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Ұлыбританияда баспана алған Максим Бакиев тұрады деп болжанатын үйге барған еді. Үйдің құны бірнеше миллион фунт стерлинг деп бағаланады. Бұл ақпаратты алғашқы болып Табиғи ресурстарды экспорттайтын елдердегі адам құқығын бұзуға қарсы күрес жөніндегі халықаралық Global Witness үкіметтік емес ұйымы жариялаған. Ұйым әлгі үйді сатып алу процедурасы мұқият тексерілуі тиіс деп санайды.

Ұлыбританияда биылғы жылдың басында күшіне енген коррупцияға қарсы жаңа заң мұндай тексеру жүргізуге негіз бола ала ма?

Максим Бакиев, Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы.
Максим Бакиев, Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы.

Лондонның шетінде орналасқан жеке тұрғын жайда жеті бөлме, кітапхана, үй кинотеатры және бау-бақша бар. Оны салған құрылыс компаниясы сайтында әлгі үйдегі бар туралы ақпарат та кездеседі. Бірақ, ең бастысы, зәулім үй қымбат ауданда – Лондон орталығынан небәрі бір сағаттық жерде орналасқан.

Бұл үйде тұратын адамдардың әл-ауқаты деңгейін аулада тұрған көліктерге қарап та бағалауға болады. Азаттық тілшілері ол жерде тұрған төрт көлікті байқады. Оның кемі екеуі – соңғы жылдары шыққан Mercedes және BMW маркалы көліктер. Мұны ұлыбританиялық автомобильдерді тіркеу жүйесі де растайды. Бірақ, өкінішке қарай, әлгі көліктердің иесін анықтау мүмкін болмады. Әйткенмен олардың құны туралы ақпарат интернетте көп – әрбірі 30 мыңнан 50 мың долларға дейін тұрады.


Ресми құжаттарда Максим Бакиев әлгі үйдің иесі ретінде тіркелмеген. Ал осы үйге қатысты жасалған мәмілелерге қарағанда, 2010 жылдың басында бұл жайды төрт миллион фунт стерлингке – қазіргі бағам бойынша 5,3 миллион долларға сатуға қойған.

Ұлыбритания үкіметінің жер кадастры дерегінше, сегіз сотық жерде орналасқан үйді 2010 жылғы тамызда, яғни Максим Бакиев бұл елге барған сәттен екі ай өтпей "Лимиум Партнерс Лимитед" компаниясы 3,5 миллион фунт стерлингке сатып алған. Әлгі компания Максим Бакиев Ұлыбританияға барған соң бірер аптадан кейін Белизде (Орталық Америкадағы мемлекет – ред.) құрылған.

Бұл үй Максим Бакиевке тиесілі болуы мүмкін деген ақпаратты алғаш жариялаған Global Witness ұйымы әлгі компанияның Белиздегі мекенжайына қатысты күдік тудыратын жайттарды тапқан.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Кубат Қасымбековтің зерттеуі ықшамдалып аударылды. Қырғыз тіліндегі зерттеудің толық нұсқасын осы жерден көре аласыз:

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG