Accessibility links

Қырғызстанда сайлау нәтижесін мойындамаған саясаткерді ұрып кетті. Полиция бейжай қарап отыр


Omurbek Tekebaev
Omurbek Tekebaev

1 желтоқсанда Қырғызстанда "Ата Мекен" оппозициялық партиясының лидерін ұрып кетті. Ол сайлаудың алдын ала нәтижесін мойындамайтынын айтқан. Күдікті қамауға алынды. Бірақ оқиға орнында түсірілген видео мұның жоспарлы түрде ұйымдастырылғанын көрсеткендей.

"Бұл – саяси шабуыл, саяси террордың басталуы" деді Бішкекте оқиғадан кейін оппозицияшыл саясаткер Өмірбек Текебаев журналистерге.

1 желтоқсанда Өмірбек Текебаевты Бішкектегі Park Hotel қонақ үйінің маңында бір топ адам қоршап алып, ұрып кеткен. Оппозиция өкілі оқиға жайлы бірден айтқан.

Текебаев басқа оппозиция өкілдерімен кездесу үшін қонақ үйге бара жатқанын, сол кезде бір топ адам оған сайлаудың алдын ала қорытындысына қарсы шыққаны үшін шүйліккенін айтты.

Текебаев пен басқа да оппозициялық партиялар 28 қарашадағы парламент сайлауында алаяқтық болды деп күдіктенеді. Олардың бұлай күдіктенуіне Орталық сайлау комиссиясы сайтының істен шығып қалуы түрткі болған.

Қырғызстанда сайлау кезінде дауыс бюллетеньдерін санайтын аппарат қолданылады. Машина дауысты лезде тіркеп, ОСК сайтына шығарып тұрады. 28 қарашада ол аппарат берілген дауыстың 70 пайызын санап, Өмірбек Текебаевтың "Ата Мекен" партиясы 6,17 пайыз дауыс жинағанын көрсетіп тұрды. Яғни партия парламенттік меже – 5 пайыздан көп дауыс жинап тұрған.

Содан кейін ОСК сайты істен шығып, экран 40 минуттай бос тұрған. Ал сайт қайта іске қосылғанда, дауыстың 90 пайызы саналып тұрған. Сондағы нәтижеде "Ата Мекен" партиясының 5 пайыздан аз дауыс жинағаны көрсетілген.

Тиісті межені тағы үш партия жинай алмаған.

Содан бері Өмірбек Текебаев партия мен оның мүшелерін парламент мандатынан айырған Орталық сайлау комиссиясы мен билікті қатты сынап жүр.

Өмірбек Текебаев журналистерге соққыға жығылғанын, телефоны мен көзілдірігі ұрланғанын хабарлаған.

Бішкек түбіндегі Горная Маевка ауылындағы дауыс беру. 28 қараша 2021 жыл.
Бішкек түбіндегі Горная Маевка ауылындағы дауыс беру. 28 қараша 2021 жыл.

Текебаевтың қарсыласы, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров оппозиция лидерімен сөйлесіп, ішкі істер министрлігіне оны ұрып-соққан адамдарды тауып, қамауға алуды бұйырды.

Премьер-министрдің орынбасары Еділ Байсалов оқиғаны тергеуге шақырып, "Қырғызстанда саяси зорлыққа" жол жоқ деді.

Оқиға болған күні кешкісін Өмірбек Текебаевты тонап, ұрып-соқты деп күдікке ілінген бір адам ұсталды.

Садыр Жапаров пен үкіметтегі шенеуніктер оқиғаны тергеуді тапсырғанымен, жалғыз күдіктіге тек ұрлық жасады деген айып тағылған. Бұл жайт милицияның оқиғаны маңызды санамайтынын көрсеткендей болды.

Бірнеше хабарламада ондаған адам мінген екі автобус ОСК ғимараты маңындағы митингіге барғаны айтылды. Митинг сайлау нәтижесіне қарсы шыққан Текебаев пен басқа оппозиция лидерлерінің кездесуі қарсаңында болғаны хабарланды.

Видеода оппозицияшыл саясаткерді бір топ адам қоршап алғаны, кемінде біреуі ұрып-соққаны көрінеді.

Текебаев сол жерге жақын маңда жүрген милиция ешқандай шара қолданбады дейді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы, Садыр Жапаровтың досы және "қайсар азамат" образын жасап алған Қамшыбек Ташиев бұл жағдайды шабуыл деуге келмейтінін, Текебаевты "жай ғана ұрып кеткенін" айтты.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев

Ташиев шабуылға нені жатқызатынын нақтыламады.

Бірақ оның пікірі биліктің оқиғаны тергеуге мүдделі емесін көрсететіндей. Мысалы, жастарды Текебаевтың кездесу орнына автобуспен кім апарды? Бішкек ортасында, үкімет ғимаратынан жүз метр жерде Текебаевты қоршап алғандар кімдер?

Күдікті 23 жастағы Ыбыш Эшпаевтың Тоқмақ қаласына жақын маңдағы ауылдан шыққаны хабарланды.

24.kg сайты Тоқмақ қалалық мәслихатының депутаты Шолпон Сыдықовамен сөйлескен. Ол Эшпаевтың Токмақ қаласының әкімі Урмат Самаевтың жүргізушісі болғанын айтқан.

Самаев Kaktus.media сайтына күдіктіні өзі ғана емес, Тоқмақта тұратындардың 70-80 пайызы танитынын, бірақ оның өзіне жүргізуші болмағанын айтты.

Дәл қазір Қырғызстанға Текебаевтың оқиғасы қажет емес еді, себебі дауыс санау әлі жалғасып жатыр.

Дауыстың үштен екісі саналған соң, нәтиже машина шығарған қорытындыдан анағұрлым өзгереді. Оппозиция соған қарсы шығып келеді.

Мұны билік жақтырмайды, себебі олар үкімет пен ОСК дауысты дұрыс санамады деп айыптап жатыр.

2020 жылы қазанда болған парламент сайлауы үкімет пен президенттің биліктен кетуіне алып келген еді.

Садыр Жапаров бір жылдан соң ұйымдастырылған саяси науқан әлемге Қырғызстанның дау-дамайсыз сайлау өткізе алатынын көрсетуі керек екенін айтқан.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Роза Отынбаева Азаттықтың Қырғыз қызметіне Текебаевты ұрып-соғу президент беделіне нұқсан келтіретінін, бұл оқиға әлем үшін "үлкен жаңалық" болатынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG