Accessibility links

63 адам өтініш берді. Үміткердің көп болуы президент сайлауына қалай әсер етпек?


Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы.
Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы.

Қырғызстанда 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ретінде қатысуға 63 адам өтініш берді. Саяси партия ұсынған біреуінен өзгесі – өзін-өзі ұсынғандар. Арасында сегіз әйел бар. Елде президенттік сайлауға түсуге алғаш рет осыншама көп адамнан өтініш түскен.

Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы (ОСК) 15 қарашаға қараған түні президенттік сайлауға түсуге тілек білдірген азаматтардан өтініш қабылдауын аяқтады. Комиссияға барлығы 65 адамнан өтініш түскен, алайда екеуі кейін өтінішін қайтарып алған.

Қазір ОСК-де мемлекет басшысы болғысы келетін 63 адамның құжаты жатыр. Оның 62-сі өзін-өзі, ал біреуін саяси партия ұсынған. Әлі тіркелмеген үміткерлердің сегізі – әйел. Олар енді 3 желтоқсанға дейін 30 мың қол жинауы тиіс.

Қырғызстанда президенттік сайлауға түсуге бұрын-соңды мұншалық көп адам өтініш бермеген.

Өтініш бергендер арасында Жогорку Кеңештің бұрынғы және қазіргі депутаттары, саяси қайраткерлер, зейнеткерлер, экономистер, бизнесмендер мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) бұрынғы басшысы бар.

Каныбек Осмоналиев.
Каныбек Осмоналиев.

Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты Каныбек Осмоналиевтің сөзінше, өтініш беруші көп болғанына қарамастан, нағыз тартыс 5-6 үміткердің арасында өтпек.

– 5-6 қазан күні наразылыққа шыққан адамдар әділ сайлау өткізуді талап еткен. Әрине, халық арасында аса танымал Садыр Жапаровтың (4 қазандағы парламент сайлауынан кейінгі толқу кезінде жақтастары түрмеден босатып, артынан премьер-министр және президент міндетін атқарушы атанған саясаткер – ред.) жеңіске жетуге мүмкіндігі көп. Бірақ одан өзге де мықты саясаткерлер сайлауға қатысқысы келеді. Олар – Адахан Мадумаров, Канатбек Исаев, Бактыбек Калмаматов, Равшан Жеенбеков және басқалар. Бірақ олар саяси амбициясын азайтып, қоғам мүддесіне сай бәсекелі тартыс жүргізсе жақсы. Яғни, халықты арандатпаса. Сайлау дәл осылай өтеді деп үміттенеміз, – дейді Осмоналиев.

Бектур Асанов.
Бектур Асанов.

Ал сайлауға түсуге тілек білдіргендердің бірі Бектур Асанов қырғыз халқы бірауыздан қолдайтын кандидаттың жоғын айтады.

– Сайлауалды тартыстың фаворитін көріп тұрған жоқпын. "Дәл мына кандидат өтеді" деп ешкім сенімді түрде айта алмайды. Меніңше, жеңімпаз болуы ықтимал кандидат дауыс беруге екі апта қалғанда анықталады. Бірақ айқын фавориттің болмауы – азаматтық қоғамымыздың қаншалық дамығанының дәлелі, – дейді Асанов.

14 қазаннан бастап премьер-министр, 15 қазаннан бері президент міндетін атқарып келген Садыр Жапаров та осы жолы кезектен тыс президенттік сайлауға түсіп отыр. Бірақ сайлау туралы заңға сәйкес, президент міндетін атқарушы тұлға президенттікке кандидат болуға өтініш бере алмайды. Сол себепті Жапаров 14 қараша күні президент міндетін атқарушы қызметінен кетіп, бұл қызмет парламент спикері Талант Мамытовқа өтті.

Садыр Жапаров 14 қараша күні президент міндетін атқарудан бас тартқанға дейін алдағы сайлаудағы болашақ бәсекелестеріне үндеу жасап, оларға құрметпен қарайтынын айтып, сәттілік тіледі.

"Елді оңтүстік пен солтүстікке, аймақтарға немесе туыстарға бөлмеуге шақырамын. Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, халық пен мемлекеттің мүддесі жеке амбициядан жоғары тұруы тиіс. Елдегі бейбітшілік, халықтың бірлігі және қоғамымыздың қауіпсіздігі – ең маңызды нәрселер. Мемлекетіміз бен халқымыздың тағдыры барлығы үшін қымбат болуы қажет... Біздің саяси көзқарасымыз әртүрлі, бірақ мақсатымыз бір – еліміз Қырғызстанның болашағын жарқын ету" деді Жапаров.

Садыр Жапаров. 14 қараша 2020 жыл.
Садыр Жапаров. 14 қараша 2020 жыл.

Садыр Жапаровтың үміткер ретінде түсуі бұл сайлауда әкімшілік ресурс қолданылуы кәдік деген сөзді отқа май құйғандай өршіте түсті. Бұл күдікті ашық айтып жүргендер көп. Солардың бірі – "Реформа" партиясының лидері, президенттік сайлауға түсуге өтініш берген Клара Сооронкулова.

Клара Сооронкулова.
Клара Сооронкулова.

‒ Билік басына кездейсоқ топ келіп, барлық тармақты басып алды. Олар сайлау кезінде міндетті түрде әкімшілік ресурсты қолданады. Олар қазір де мүмкін болған барлық тетікті пайдаланып отыр. Сайлаудың әділ, ашық өтетініне сенбеймін. Меніңше, дауысты сатып алуы да мүмкін. Өйткені бақуатты, қалталы адамдар кімде билік бар, соның айналасына шоғырланып, ықыласына бөленуге тырысады. Бірақ мен аяғына дейін күресемін, ‒ дейді Сооронкулова.

Алпыстан астам адамның президенттік сайлауға кандидат ретінде қатысуға тілек білдіріп, өтініш бергенін қырғыз қоғамы әлеуметтік желіде қызу талқылап жатыр. Кейбірі "президенттікке түсуге өтініш беріп үлгермей қалдым" деп әзілдесе, енді бірі президент қызметінің беделі түсіп кетті деп санайды.

Сарапшы Турат Акимов "Қырғызстанға нағыз реформатор қажет" деген пікірде.

Турат Акимов.
Турат Акимов.

‒ Халық президенттікті елдегі ең жоғарғы лауазым ретінде қабылдамайтын болды. Адамдар үміткер осы лауазымға лайық па, ақыл-парасаты, білімі, қарымы жете ме деп ойланбайтын болды. Алпыстан астам үміткердің жартысы сайлауды саяси шоу ретінде көреді. Реформатор ретінде нақты, ойға қонымды ұсыныс айтатын кандидат көріп тұрған жоқпын. Ал бізге тарихты өзгерте алатын, экономиканы көтере алатын президент қажет. Садыр Жапаровқа келсек, ол жай ғана қажет жерден қажет уақытта табыла кетті. Ол президент болуды жоспарлаған дегенге сенбеймін. Ол жай ғана бостандыққа шыққысы келді. Ал түрмеден шыққан соң, Феликс Кулов сияқты, абақтыдан билікке бір-ақ апарды, ‒ дейді Акимов.

2011 жылғы президент сайлауына 16 кандидат түскен. Сол сайлауда жеңіске жеткен Алмазбек Атамбаев қазір түрмеде отыр.

Ал 2017 жылғы сайлауда негізгі тартыс Омурбек Бабанов пен Сооронбай Жээнбеков арасында өтті. Сол кезде президент Алмазбек Атамбаев қолдау көрсеткен Жээнбеков жеңіске жеткен еді.

Елді үш жыл басқарған Сооронбай Жээнбеков биыл парламент сайлауынан кейінгі толқудан туған дағдарысқа байланысты 15 қазан күні отставкаға кетті.

Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 15 желтоқсанда басталып, 2021 жылдың 9 қаңтарында аяқталады.

Конституцияға сай, 35 жасқа толған, бірақ 70 жастан аспаған, елде кемінде 15 жыл (жиынтық мерзім) тұрған Қырғызстан азаматы президент болып сайлана алады. Президент 6 жылдық бір ғана мерзімге сайланады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Мирлан Кадыровтың материалынан ықшамдалып аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG