Accessibility links

Оппозициялық саясаткер ұсталғалы Қырғызстанда шерулер байқалады


Қырғызстанның оппозициялық саясаткері Омурбек Текебаевтың жақтаушылары полициямен итерісіп жатыр. Бішкек, 26 ақпан 2017 жыл.

2017 жылы ақпанның 26-сы күні таңертең Бішкектегі «Манас» әуежайында Қырғызстан парламенті депутаты, оппозициялық «Ата Мекен» партиясы лидері Омурбек Текебаев ұсталды. Осы күні бұл елде бірнеше наразылық жиындары өтті. Қырғызстанның бұрынғы президенті Роза Отунбаева елдегі саяси күштерді Қырғызстандағы жағдайға байланысты "консультацияларды бастауға" шақырды.

Қырғызстанның оппозициялық саясаткері Омурбек Текебаевты ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитеті қызметкерлері 2017 жылы ақпанның 26-сы күні «Манас» әуежайында ұстап, тергеуге алып кеткен. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, полиция онымен бірге әуежай маңына жиналған жақтастарын да ұстаған. Кейіннен саясаткердің 48 сағатқа қамалғаны, бұлтартпаудың қандай шарасы қолданылатыны жөніндегі сот, бүгін, яғни ақпанның 27-сі өтуі тиіс екенін хабарланды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Омурбек Текебавқа қарсы қылмыстық іс бір күн бұрын - ақпанның 25-і Қырғызстан қылмыстық кодексінің «алаяқтық» және «жемқорлық» баптары бойынша қозғалған. Ал саясаткердің өзі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы парламенттік ассамблеясы жиынына қатысқан соң Венадан оралған. Азаттықтың Қырғыз қызметі полицияның саясаткерді ұстайтын аумақты ұшақ әуежайға қонбай тұрып-ақ қоршауға алғанын айтады.

Текебаевқа қарсы қозғалған қылмыстық істің шеңберінде Қырғызстанның бұрынғы депутаты Дуйшенқұл Чотонов та ұсталып, 48 сағатқа қамалған.

Ақпанның 26-сы күні ел астанасы Бішкекте және кей аймақтарда бұл оқиғаға қатысты бірнеше шеру өткен. Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты алдында өткен шеруде сөйлеген елдің бұрынғы президенті Роза Отунбаева «Өзара айыптауды доғарып, кейінгі балаларымызға не қалдыратынымызды ойлануымыз керек. Елдегі барлық саяси күштерді консультациялар бастауға шақырамын» деп мәлімдеген.

ВИДЕО: «Барлық саяси күштерді консультациялар бастауға шақырамын»

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Темір Сариев сол күні президент Алмазбек Атамбаевты "елде тұрақтылықты сақтауға" шақырып үндеу жасады. Ал қырғыз парламентіндегі «Ата Мекен» партиясының фракциясы депутаты Каныбек Иманалиев митингіге келгендерге "оппозицияның біріккен штабы" құрылатынын, "ақпанның 27-сі күні түс әлетіне митингі жоспарлап отырғандарын" хабарлады. Ол "Ел тағдыры сынға түскелі тұр, мемлекет не демократия жолымен кетеді, не тоталитаризмге ұрынады" деген.

Ел астанасынан бөлек Қырғызстан аймақтарында да бұл оқиғаға алаңдаушылар бар. Мәселен Ош қаласында өткен митингіге жиналған тұрғындар Атамбаевты "елді қантөгіске ұрындырмауды" шақырды.

ВИДЕО: Оштағы митингі

ТЕКЕБАЕВТЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСІ

Қырғызстан Бас прокуратурасы мен ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитеті таратқан мәліметке қарағанда Текебаевтың үстінен арызды кәсіпкер, сол елдегі бірқатар ресейлік телекоммуникация компаниялары иесі Леонид Маевский түсірген.​

«Ата Мекен»

Қырғызстанда «Ата Мекен» социалистік партиясы 20 жылдан артық жұмыс істеп келеді. Жетекшісі - Омурбек Текебаев. Ұйым 2010 жылғы революцияға белсене араласты. Мүшелері ел конституциясын жасауға атсалысты. Лидері Омурбек Текебаев «Сәуір елдік революциясы батыры» белгісімен марапатталған. Қазір парламентте бірнеше депутаты отыр.​

Ол арызында "2010 жылы Қырғызстан уақытша үкіметінің төраға орынбасары болып тұрған Текебаев бір миллион доллар ақша алып, компанияларыма жеңілдік жасап беруді міндетіне алған" деп жазғанын Қырғызстан қауіпсіздік комитеті хабарлады. Маевскийдің жазуынша, "әуелі ол (Маевский - ред.) «Альфа Телеком» компаниясын басқаруға мүмкіндік алуы, мұнан ары сол компанияға Текебаев саяси пана болып, оның акцияларының құнының 10-15 пайызын пара ретінде алуы тиіс болған".

Леонид Маевский Текебаевтың "міндеттемелерін орындамағанын, бірақ алған ақшасын қайтармағанын, ақша алу оқиғасы туралы ақпараттарды таратқан жайғдайда Текебаев оған қастандық жасайтынын айтып қорқытқанын" мәлімдеген.

Мемлекеттік орган таратқан мәлімдемеде "Осы арқылы Омурбек Текебаев мемлекеттік билік органдарында жауапты лауазым атқара отырып, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін заңсыз байланыстарға түскен, осы арқылы халықтың күдігін туғызған, мемлекет және қоғам мүддесіне қауіп төндірген. Одан бөлек, жеке азаматтың сеніміне кіріп, оның қомақты қаржысын иемденіп кеткен. Тергеу жұмыстары Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсырылды" деп жазылған.

Қырғызстан парламентіндегі «Ата Мекен» фракциясының бұған дейін де бірнеше депутаты ұсталып, тергелген еді. Кей сарапшылар бұл оқиғаларды ел ішіндегі саяси бәсекемен түсіндіріп, тергеулердің "саяси астары бар" екенін айтады.

АТАМБАЕВПЕН ЕГЕС

Қырғызстандағы оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаев пен осы елдің президенті Алмазбек Атамбаев арасында қақтығыстың басталғанына бірнеше жылдың бедері болды.

2016 жылы қараша айында Қырғызстан парламентінің депутаты, оппозициялық "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаев тіпті президент Алмазбек Атамбаевқа импичмент жариялау процесін бастауды ұсынды.​ Текебаев Атамбаевты «қызмет өкілетін асыра пайдаланып, маңайындағылармен бірге билікті заңсыз басып алған, елдегі оппозициялық партиялардың құқығын шектеп жатыр» деп айыптады. Алайда бұл ұсыныс парламенттен өтпеді.

Қырғызстан президенті әкімшілігі ақпарат бөлімінің жетекшісі Алмаз Үсенов Азаттықтың Қырғыз қызметіне президент Атамбаевқа импичмент жариялау бастамасын «шоу» деп атаға болатын.

2017 жылы ақпанның 13-і күні ​Қырғызстан парламентінің депутаты Омурбек Текебаев президент Алмазбек Атамбаевтың Кипр оффшорындағы мүлкі туралы ақпарат тапқанын хабарлаған болатын. Текебаев тапқан ақпаратын жақын уақытта көпшілікпен бөлісуге уәде берген болатын.

Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі

2010 жылы сәуірдің 6-сы күні Қырғызстанның Талас қаласында басталған наразылық ел аумағындағы жаппай толқуға, толқу соңы төңкеріске ұласып, 2005 жылғы «Қызғалдақ» революциясы арқылы билікке келген президент Құрманбек Бакиев сәуірдің 7-сі күні елден қашып кетті. Сәуірдің 7-сі күні ел астанасы Бішкекте көтеріліске шыққан халықты баспақ болған полиция оқ жаудырып, 100-ге жуық адам қаза тауып (ресми дерек бойынша 87 адам), мыңнан астам адам дәрігерлер көмегіне жүгінген.

Атамбаев бас прокурор Индира Жолдубаеваға Текебаевтың "Кипрде табылған президенттің мүлкі" туралы ақпарат бойынша тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша қоғамды хабардар етуді тапсырған.

Осы сияқты екі тараптың жауаптасуы, бірін-бірі айыптауы ақпанның 26-сы күні Текебаевты ұстауға ұласты. Кейбір сарапшылар мұны келе жатқан президент сайлауымен байланыстырады. Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011 жылдың желтоқсанынан бері басқарады. Оның президенттік өкілеттігі 2017 жылдың соңында аяқталады.

2005 жылы Қырғызстанда президент Асқар Ақаевтың билігі құлап, өзі шетелге қашты. Оның орнына келген Құрманбек Бакиев 2005 - 2010 жылдары Қырғызстан президенті қызметін атқарды. 2010 жылы сәуірде елде революция болып, Құрманбек Бакиев те шетелге қашты. Одан кейін келген уақытша президент Роза Отунбаева Қырғызстанның жаңа конституциясы қабылданғаннан кейін өз еркімен биліктен кеткен. 2011 жылы өткен сайлауда Алмазбек Атамбаев жеңіске жеткен болатын.

Осы төңкерістер мен саяси бәсекенің нәтижесінде Қырғызстанда көппартиялы жүйе орнығып, билік бөлінісі жүзеге асқан. Қазір бұл елде ондаған партия саяси өмірге ықпал етіп отыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG