Accessibility links

Сайлау алдындағы оңтүстік Қырғызстан жанартауға ұқсайды


Ош қаласының өзбектер тұратын ауданы. 25 қазан 2011 жыл
Ош қаласының өзбектер тұратын ауданы. 25 қазан 2011 жыл

Қазанның 30-ы өтетін сайлау қарсаңындағы Қырғызстан бір қарағанда бейбіт болып көрінеді. Бірақ, өткен жылғы қанды қақтығыстардан кейін арасына сызат түскен этникалық-саяси топтар арасындағы бәсеке жанжалға ұласады деген қауіп бар.


Ресми билік бұдан 18 ай бұрын бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті орнынан кетірген билікке қарсы наразылыққа байланысты жабылып қалған Өзбекстанмен арадағы шекара бекетін қайта ашты.

Жабылып қалған шекара 2010 жылдың маусым айында елдің елдің оңтүстігінде 500-ге жуық адам құрбан болған қақтығыстарда Қырғызстанда тұратын өзбектердің Өзбекстанға қашып шығуларына кедергі болған.

НАУҚАННЫҢ НЫШАНДАРЫ

Енді өткен жылғы қақтығыстардың орталығы болған Ош қаласының сыртында орналасқан тексеру-өткізу бекетін ашуда екі мақсат бар сияқты. Біріншісі, ол президенттіктен басты үміткер - премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың сайлауалды науқанында атқарған жұмысы ретінде көрінеді. Себебі ол өткен айда Ташкентке табысты сапар жасап қайтқан болатын. Екіншіден, қалада егер өткен жылғыдай қақтығыс қайта тұтанған жағдайда ол өзбектердің елден шығып кетуіне қолайлы болуы мүмкін.

Оңтүстіктегі ресми билік өкілдері соңғы күндері қауіпті қақтығыс болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Ош қаласы әкімшілігінің ішкі істер бөлімінің бастығы Марат Орозбаев осы аптада президенттікке таласатын бірнеше үміткердің оңтүстікте сайлау науқанына қысым жасап, бәлкім зорлық-зомбылыққа да баруы мүмкін екендігін айтты.
Қырғызстан президенттігіне кандидат Алмазбек Атамбаев сайлаушылармен кездесіп тұр. Ақжар ауылы, 27 қазан 2011 жыл
Қырғызстан президенттігіне кандидат Алмазбек Атамбаев сайлаушылармен кездесіп тұр. Ақжар ауылы, 27 қазан 2011 жыл

- Бізде сайлау қорытындыларымен келіспейтін кейбір үміткерлердің Ошта саяси жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін екендігі жайында шұғыл түскен ақпарат бар. Олар өздерінің жоспарларын сайлау қорытындылары жариялана салысымен іске асыра бастауы мүмкін, - дейді Марат Орозбаев.

Бұл әңгіменің сайлауда басым дауысқа ие болатындай көрінетін, бірақ бірінші кезеңде қажетті көпшіліктің дауысын жинай алмауы мүмкін Алмазбек Атамбаевқа қатысы бар сияқты.

ЕКІНШІ КЕЗЕҢ ЕЛДІ ЕКІГЕ БӨЛЕ МЕ?

Есесіне, солтүстіктен шыққан және қазіргі президент Роза Отунбаевамен байланысы бар Атамбаев екінші кезеңде оңтүстіктен шыққан үміткердің қарсылығына тап болатын сияқты. Көпшілігі ол үміткер әсіре ұлтшыл «Атажұрт» партиясының жетекшісі Қамчыбек Ташиев болады деп күтіп отыр. Көптеген бақылаушылар екінші кезеңде солтүстік пен оңтүстіктен шыққан үміткерлердің тайталасуы аймақтық бөліністі қайта тудыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Оштағы жергілікті полиция басшылары сайлау қарсаңында барлық қылмыстық ұйым жетекшілерінің «көздерінің жойылғанын» хабарлады. Бірақ өзге ресми билік өкілдері террористер мен діни экстремистер жайында дабыл көтеріп, кез-келген топ сайлауды зорлық-зомбылық жасаудың мүмкіндігі ретінде пайдалануы мүмкін деген жорамал айтады.
Қаладағы қарапайым азаматтар – көбінесе полицияның қудалауына ұшырап отырған және зорлық-зомбылыққа алдымен ілігіп кетуі мүмкін өзбектер өздеріне «спортшылардың» Атамбаевқа дауыс беруге шақырып, үгіт жүргізуі мүмкін дейді.

Сайлау науқанына қысым жасауда күші мығым спортшыларды қолдану Қырғызстанда кең тараған тәсіл. Мұнда көптеген қылмыстық топтар мен саясаткерлер жекелеген күштік құрамалары бар спорт клубтарымен байланыс орнатқан.

Ош қаласында тұратын өзбек азаматы Әділжан Кәрімов сондай біраз адамның көрші өзбектер тұратын аудандарға барып, жергілікті тұрғындарды дауыс беруге шақырып жүргендерін естігенін айтады.
Сайлау алдындағы қауіпсіздік шараларын күшейту. Ош, 27 қазан 2011 жыл
Сайлау алдындағы қауіпсіздік шараларын күшейту. Ош, 27 қазан 2011 жыл

- Мен өзім оларды көрген жоқпын. Бірақ басқалардан терезелері тұмшаланған көліктер көршілес елді мекендерді аралап, адамдарды Атамбаевқа дауыс беруге сыпайы түрде шақырып жүргенін естідім. Олар ешкімді ашық қорқытпайды, бірақ жайлап қана «егер оларға дауыс бермесек, онда қауіпсіздігімізге ешкім кепіл бола алмайды» дейді екен.
Бішкектегі кейбір билік өкілдері мұндай талаптарды оңтүстік аймақ билігінің Алмазбек Атамбаевтың және оңтүстіктен шыққан өзге де билік иелеріне жала жабу әрекеті ретінде көреді.

Бірақ, бұрын Оштың полиция комменданты болған, кейін Алмазбек Атамбаевтың ұсынуымен ішкі істер министрінің орынбасары болған Құрсан Асанов ондай оқиғалардың аз болғанын және олардың ешқайсысы Атамбаевқа және белгілі бір топқа қатысы жоқ екендігін айтты.

- Біз адамдарды ұлтына, руына я тегіне қарап бөлмейміз. Бізде заң мен тәртіп орнатуға жеткілікті күш бар. Қазіргі уақытта екі оқиға болды, алдын-ала тергеу шараларын бастап кеттік. Бірақ ол адамдардың қай үміткер үшін үгіт-насихат жасағанын айта алмаймын, - дейді ол.

МЭРДІҢ ЕСКЕРТПЕСІ

Бұл жерде сайлаудағы басты ойыншы үміткер емес, Ош қаласының мэрі Мелис Мырзакматов болып отыр. Ол туралы президенттікке үміткер Қамчыбек Ташиев пен қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Адахан Мадумаровпен жақын байланыс орнатқан деп айтатындар бар.
2010 жылғы маусым қырғынын ауыздықтай алмағаны және одан кейінгі өзбектердің қудалау көріп жатқанына бола көп сынға іліккен Мелис Мырзакматов 30 қазандағы сайлауға еркін және әділ дауыс беру үшін қаладағы 83 сайлау учаскесінің барлығы дайын деп бірнеше рет мәлімдеді.

Алайда, ол аттары аталмаған үміткерлерді өздерінің ықпалы мен ресурстарын сайлау нәтижесіне әсер ету үшін пайдаланып отыр деп айыптап, жалған сайлау жаңа зорлық-зомбылыққа итермелеуі мүмкін деген болжамын айтты.
Ош қаласының мэрі Мелис Мырзакматов. 26 қазан 2011 жыл
Ош қаласының мэрі Мелис Мырзакматов. 26 қазан 2011 жыл

- Өткен жылғы маусым оқиғасының алдында мен осындай қауіп туралы ескерткенмін. Ал қазір барлығының есіне салғым келіп отыр. Сіздер сыртқы жаулар мен террористерден қорқасыздар, бірақ біз ішкі «террористерден» қорқуымыз керек. Ең үлкен қауіп солардан келеді. Халықтың арасында өздерінің қара ниетті жұмыстарын жүргізіп отырғандар қаржы мен әкімшілік ресурстарын пайдаланады. Олардың қылмыстық әрекеттері арқылы жаңа толқу тұтататыны белгілі. Егер сайлау кезінде зорлық-зомбылық туса, адамдар қайта көтеріліп кетеді. Ондай жағдайдың соңы түрлі қақтығыстарға, оның ішінде ұлтаралық жанжалға ұрындырады, - дейді Мелис Мырзакматов.

ҚҰЖАТЫ ЖОҚ САЙЛАУШЫЛАР ДА БАР

Орталық үкімет соңғы күндері оңтүстікке ерекше көңіл бөліп отыр. Мысалы, қазіргі премьер-министр Өмірбек Бабанов жергілікті жердегі қоғамдық қауіпсіздікке қатысы бар шенеуніктермен кездесу өткізді. «Хьюман Райтс Уотч» ұйымының белсенділері Қырғызстан билігін тиісті қауіпсіздік шараларын қолға алуды, әсіресе аз ұлттарды сайлау кезінде қысымға ұшыраудан қорғауға шақырды.

Алайда, оңтүстіктегі дауыс беру нәтижесін бұрмалау қаупі тек қара күш қолдану мен қорқыту әрекеттерінен төніп тұрған жоқ. Жергілікті құқық қорғаушылар сайлаушылардың нақты тізімін жасау қиынға соғатынын айтады. Себебі көптеген азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ немесе мұндай адамдар тұратын жерлерінде сайлау комиссиясының адамдарынан бой тасалауға тырысады дейді құқық қорғаушылар.
XS
SM
MD
LG