Accessibility links

Қырғызстан қарулы топтың жойылғанын айтты


Қызыл шеңбермен белгіленген тұс - Қырғызстан мен Қытай шекарасындағы атыс болған жер.
Қызыл шеңбермен белгіленген тұс - Қырғызстан мен Қытай шекарасындағы атыс болған жер.
Қырғызстан шекарашылары мен қауіпсіздік күштері Ыстықкөл облысында ел аумағына Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы жағынан шекараны заңсыз кесіп өтіп енген деген күдікке ілінген қарулы 11 адамның көзін жойғанын хабарлады. Арнайы операция барысында қауіпсіздік қызметінің бір сарбазы жеңіл жараланған.

Қырғыз шекара қызметінің хабарлауынша, қарулы топ 23 қаңтарға қараған түні Ыстықкөл облысы аумағында орманшыны өлтіріп, қырғыз шекарашыларына оқ атқан.

23 қаңтарда Ыстықкөл облысындағы оқиға болған аумаққа қырғыз қауіпсіздік күштерінің жасағы жөнелтіліп, арнайы операция жүргізілген.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты 23 қаңтарда Қытайдың Бішкектегі елшілігінің өкілдерімен жедел кездескен. Бұдан соң шекарадағы атыста қаза тапқан қарулы адамдарды анықтауға Қытай елшілігінің өкілдері көмектесетіні хабарланды.

Қырғызстан шекара қызметінің басшысы Райымберді Дуйшонбиев "бұл қарулы адамдар Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданынан келген исламшыл бүлікшілер болуы мүмкін" деді. Оның айтуынша, қарулы топ шекараны қытайлық қауіпсіздік орындарынан қуғын көріп, кесіп өткен болуы мүмкін.

Қырғыз құқық қорғау орындары мерт болған қарулы адамдарды анықтауға кірісті.

Бұл оқиға - Қырғызстан шекарасында соңғы бірер аптада болған екінші атыс. Бұған дейін тәжік-қырғыз шекарасында атыс болып, бес қырғыз шекарашысы мен бір полицей және үш тәжік шекарашысы жараланып, госпитальға түскен еді. Ол қақтығысқа Қырғызстан Тәжікстанның қарсылығына қарамастан Баткен облысындағы Ворух тәжік анклавынан өтетін жол салып жатқаны себеп болған.

Қырғыз-тәжік шекарашыларының атысы Орталық Азиядағы шекаралық даулы аймақтар мәселесіне тағы назар аудартқан. Сарапшылар түпкілікті келісімдер жасалмаса, мұндай қақтығыстар ушыға беретінін айтқан.
XS
SM
MD
LG