Accessibility links

Жақтастары қамауға алынған қырғыз оппозициясы Ыстықкөлдегі саммитті болдырмауға бел шешті


Қырғыз полициясы наразылық акциясына қатысушыларды ұстауда. Бішкек, 29 шілде, 2009 жыл.
Қырғыз полициясы наразылық акциясына қатысушыларды ұстауда. Бішкек, 29 шілде, 2009 жыл.

Қырғызстанда оппозицияның мерзімсіз наразылық акциялары басталды. Оған қатысқан жүзге жуық адам соққыға жығылды, тұтқынға алынды. Тұтқындалғандарды қолдаушы оппозиционерлер 1 тамызда ҰҚШҰ-ның бейресми саммиті өткізілгелі отырған Ыстықкөлді бетке алып, жаяу тартпақшы.

НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛЫП, ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Бүгін, 29 шілде, сәрсенбі күні Қырғызстанда оппозиция ұйымдастырған мерзімсіз наразылық акциялары мен митингілер болып өтті. Елдің бес мыңға жуық тұрғыны Қырғызстандағы президент сайлауына байланысты наразылық білдіріп, көшеге шықты.

Оппозиция тарапынан жалғыз үміткер Алмазбек Атамбаевтың сайлау штабы баспасөз қызметінің Азаттық радиосына хабарлағанындай, Қырғызстандағы президент сайлауы нәтижелерінің бұрмалануына наразы жұрт Шу облысының Соколук және Аламедин аудандарында, Талас облысында, қазақ-қырғыз шекарасында, Нарын облысында және де Бішкектің автокөлік базары ауданында наразылық акциясын өткізген.

Оппозиционердің сайлау штабының баспасөз хатшысы Жоомарт Сапарбаев хабарлағандай, Шу облысындағы Сокулук, Панфилов, Мәскеу және Жайыл аудандарының халқы Ыстықкөл облысына қарай жаяу жолға шықты.

Полицейлер қырғыз оппозициясын қолдаушыларды автобусқа күштеп тиеп жатыр. Бішкек, 29 шілде 2009 жыл.
Бұл наразылық акциясы президент болуға үміткер Алмазбек Атамбаевтың тұтқындалған жақтастарына қолдау көрсету болып отыр. Митингілердің бейбіт сипатына қарамастан көптеген аудандардың көшелеріне күш құрылымдарының қызметкерлері шығарылған.

Алмазбек Атамбаевтың сайлау штабы баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша арнаулы мақсаттағы жасақ түгелдей автоматпен және сойылмен қаруланған.

– Қазір арнаулы мақсаттағы жасақтан соққы жеп, аудандық ІІБ-на тоғытылған адамның саны жетпіске жуық. Акцияның қандай да бір қатысушысы тұтқыннан босатылды деген хабар түскен жоқ, – деп мәлімдеді Алмазбек Атамбаевтың сайлау штабынан Дәмир деген қызметкер.

Алдында Қырғызстанның Қазақстанмен шекаралас аймағында наразылық акциясы өтуге тиіс деген хабар болған. Бірақ, бүгін қазақ-қырғыз шекарасында ешқандай дүрлігу байқалмады.

Бүгін президент сайлауы нәтижесіне наразылық танытқан бейбіт акция аяқталды. Алайда, Алмазбек Атамбаевтың сайлау штабынан хабарлағандай, жаппай наразылық акциялары ертең, сағат 10 кезінде Бішкек қаласында жалғасады.

Наразылық акциясына қатысушылар ертең оппозиция тарапынан жалғыз үміткердің сайлау штабының қасына жиналуды жоспарлап отыр, сол жерден жаяу-жалпы Ыстықкөл облысына қарай жүріп кетпек.

ҰҚШҰ-ның БЕЙРЕСМИ САММИТІ ӨТЕТІН БОЛАДЫ

Бұған қоса оппозицияның 13 жетекшісі ҰҚШҰ-на мүше мемлекеттердің басшыларын осы жылдың 1 тамызында Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласында өтуге тиіс бейресми саммитке қатыспауға шақырды.

«23 шілдеде өткен сайлауда Қырғыз Республикасының сайлау туралы кодексі өрескел бұзылды, әкімшілік ресурс пайдаланылды, жалғандыққа жол берілді, нешеме бюллетендерді лақтырып тастады, бір адам екі қайтара дауыс берді. Халықаралық құқық нормалары, елдің халықаралық шарттары және міндеттемелері бұзылды. Олар демократиялық сайлауға қойылатын ешбір халықаралық талаптарға сәйкес болмады», - делінген үндеуде.

Ал, Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиевтің әкімшілігі жаппай наразылық акцияларының басталуына қарамастан, бейресми саммит бәрібір өтеді деген ақпарат таратып үлгерді.

Еске сала кетейік, ҰҚШҰ-ның мүшелері: Ресей, Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Армения.

Қырғызстанда президент сайлауы өтерден бір күн бұрын қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қордай» бекетінде.
КазТАГ агенттігінің хабарлауынша, Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласында ҰҚШҰ мемлекеттері басшыларының бейресми саммиті өтуіне байланысты шілденің 31-і мен тамыздың 1-і аралығында Ыстық көлге апаратын негізгі аутотрассалардағы көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілетін болады.

«Қырғызстан ІІМ алда болатын ҰҚШҰ саммитінің халықаралық мәні мен маңыздылығын ескере отырып, «республикадағы демалушылар мен қонақтардан белгіленген кезеңде көрсетілген жол бөліктерінде аутокөлікпен жүруді доғаруын сұрайды»,- деп хабарлаған агенттікке ҚР ІІМ жол қозғалысы қауіпсіздігі бас басқармасының баспасөз қызметі.

Еске түсіре кетейік, 23 шілдеде Қырғызстанда өткен президент сайлауына алты үміткер түскен болатын, олардың бірі әйел адам.

Қырғызстан ОСК-ның мәліметтері бойынша билікте тұрған президент Құрманбек Бәкиев сайлауда 76,43 пайыз, оппозициядан жалғыз үміткер Алмазбек Атамбаев 8,39 пайыз, Темир Сариев 6,43 пайыз, Токтайым Уметалиева 1,08 пайыз, Нұрлан Мотуев 0,93 пайыз, Женишбек Назаралиев 0,82 пайыз дауыс жинаған. Қырғызстан сайлаушыларының 4,62 пайызы бәріне қарсы дауыс берген.

Бірақ та, Қырғызстан оппозициясы дауыс беру нәтижесі бұрмаланған, ал сайлау заңсыз болды деп мәлімдеуде.

Алмазбек Атамбаевтың сайлау штабынан хабарлағандай Арашан, Чон-Таш және Кой-Таш ауылдарынан трасса бойымен Бішкекке қарай жаяу шеру кезінде арнаулы мақсаттағы жасақ наразылық акциясының 300 қатысушысын қуып таратқан.
XS
SM
MD
LG