Accessibility links

Латвия ІІМ өзбек азаматтарына визаны шектеуді ұсынды

Латвия ішкі істер министрлігі Өзбекстан азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатуды ұсынды. Министрлікке сүйенген жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бұған Өзбекстан азаматтары арасында қылмыстың көбеюі себеп. Кейбірі кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қарсы жасалған.

Дегенмен Латвия министрлігі Өзбекстан азаматтары "жасаған" барлық қылмыс түрін егжей-тегжейлі сипаттайтын жеке статистикалық есеп жариялаған жоқ.

«Біз әрекет етуге міндеттіміз. Сондықтан Өзбекстан азаматтарына виза беруді белгілі бір мерзімге тоқтата тұруды және осы уақытты Өзбекстан тарапымен ынтымақтастық үшін пайдалануды ұсынамыз» деді ішкі істер министрі Янис Домбрава.

Ішкі істер министрлігіосы аралықта өзбек жағымен ақпарат алмасып, Латвияға баруды жоспарлап отырған азаматтарды тексеруді күшейтуге болады деп санайды.

Әзірге мәселе министрлер кабинетінің күн тәртібіне енгізілген жоқ, себебі коалиция бойынша серіктестер оны қарауды қолдамады. Дегенмен министрлік бұл бастама келесі үкімет отырысында талқыланады деп үміттенеді.

Бұған дейін Литва Өзбекстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдері азаматтарының жұмыс істеу және елге кіру бойынша өтініштерін қабылдауды тоқтатқан еді. Литваның көші-қон департаментінің басшысы Индре Гаспере мұны жұмысқа орналасуға өтініштердің күрт өсуімен байланыстырды.

Кейінгі жылдары шетелде өзбек азаматтарының қатысы бар қылмыс саны артты. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев өзбек азаматтарының шетелде топ құрып, басқа өзбек азаматтарына күш қолдану, бопсалау жағдайлары мәселесін ерекше атап өткен.

Былтыр сәуірде Дубайда өзбек азаматтары төбелесіп, соның салдарынан екі адам қаза болды, екеуі де Өзбекстаннан. Биыл қаңтарда БАӘ соты төбелеске қатысқан сегіз адамға өмірлік түрме жазасын берді, тағы бірін 25 жылға соттады.

Өзбек азаматтары арасында қылмыстың көбеюіне байланысты БАӘ билігі визасыз кіру режимін қайта қарастыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Содан кейін Өзбекстан сыртқы істер министрлігі шетелдегі азаматтарды заңға бағынуға шақырды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG