Accessibility links

Лавров: содырлар Ауғанстан арқылы Орталық Азияға босқын және турист ретінде кіруі мүмкін

Сергей Лавров
Сергей Лавров

Халықаралық экстремистік ұйымдардың содырлары Ауғанстан арқылы заңды және заңсыз жолмен Орталық Азия елдеріне өтуге тырысады. Бұл жөнінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 16 қазанда Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ конференциясында мәлімдеді. Оның сөзінен ТАСС келтіреді.

Лавровтың айтуынша, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен шектесетін Ауғанстан аумақтарында мұндай белсенділік ерекше байқалады.

«Қолда бар мәліметке сәйкес, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен шекаралас Ауғанстан аудандарында террористік және экстремистік топтардың едәуір бөлігі, олардың оқу-жаттығу лагерьлері мен тірек пункттері әлі де бар екенін ескеріп отырмыз» деді Лавров.

Оның айтуынша, террористік топтардың содырлары босқын немесе турист кейпіне еніп, Ауғанстан аумағынан Орталық Азия елдеріне өтуге әрекет жасауы мүмкін.

Ресей сыртқы істер министрі ДАИШ-тың бөлімшесі саналатын «Хорасан уәлаяты» тобы содырларынан негізгі қауіп барын айтты.

«Бұл топ Кабулдағы үкіметтің елдегі тұрақтылықты сақтау мүмкіндігіне нұқсан келтіруді ашық мақсат етіп отыр. Сонымен қатар радикалдар Ауғанстанды террористік әрекетті Орталық Азия мен Ресейге таратуға арналған плацдарм ретінде пайдаланғысы келеді» деді Сергей Лавров.

Осы жиында Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Ауғанстандағы террористік ұйымдар өкілдерінің жалпы саны 23 мың адамнан асатынын мәлімдеді.

Ресей "Талибанды" Ауғанстанның заңды үкіметі ретінде ресми түрде таныған жалғыз ел. Мәскеу мұндай шешімді 2025 жылы қабылдаған.

Соңғы жылдары Ресей Ауғанстанның қауіпсіздік мәселелері бойынша негізгі келіссөздер алаңдарының бірі ретіндегі өз орнын нығайтуға тырысып, "Талибан" өкілдерін бірнеше рет қабылдаған.

Мәскеу әсіресе, "Ислам мемлекеті-Хорасан" сияқты радикалды топтардан қауіптенеді. Ресей мұндай топтар өз қауіпсіздігіне және стратегиялық аймақ деп санайтын Орталық Азияға қауіп төндіретінін бұған дейін де айтқан.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG