Accessibility links

Лавров: Мәскеу мен Баку Ақтау түбіндегі AZAL ұшағы апатына қатысты барлық мәселені реттеді

Ресей мен Әзербайжан Ақтау түбіндегі ұшақ апатына байланысты барлық мәселені толық шешті. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров әзербайжандық әріптесі Жейхун Байрамовпен кездесу кезінде осылай деп мәлімдеді. Бұл жөнінде ТАСС жазды.

"Биыл ең жоғары деңгейде жасалған келісім мен үкіметтеріміз бен министрліктеріміздің жұмысының арқасында апаттың салдарына қатысты барлық мәселені шештік" деді Лавров.

Бұған қоса, Әзербайжан жуырда бірқатар бағыт бойынша Ресейге тіке әуе рейстерін қайта қалпына келтіретіні белгілі болды. Бұл рейстер ұшақ апатынан кейін тоқтатылған еді. Рейстердің қалпына келетіні туралы ақпаратты Әзербайжан сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөздің қорытындысы кезінде айтты.

2024 жылғы 25 желтоқсанда J2-8243 рейсімен Бакуден Шешенстан орталығы Грозныйға ұшып шыққан Embraer ұшағы Каспийді кесіп өтіп, Ақтау түбіне құлаған. Оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, 29-ы түрлі жарақат алған.

Қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.

Бастапқыда апаттың себебі жөнінде түрлі долбар болды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп атап, сынаған.

Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен , жауапкершілікті мойнына алмай келген.

2025 жылғы 4 ақпанда Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады. Көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия "ұшақ қаптамасындағы тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған.

Тек 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде Илхам Әлиевпен кездесу кезінде Ресей президенті Путин апат Ресей әуе қорғаныс күштері атқан зымыраннан болғанын мойындаған. Сол жылы желтоқсанда Ресей тергеу комитеті Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағы апатына байланысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатқан.

Сәуір айында Әзербайжан мен Ресей сыртқы істер министрліктері ортақ мәлімдеме таратып, тараптар2024 жылы Ақтау маңындағы ұшақ апатының салдары бойынша дауды "лайықты түрде реттеді" деп айтқан. Мәлімдемеде өтемақыны қай ел, қандай көлемде төлегені, мәселені шешу үшін тараптар тағы қандай шарттарды орындағаны туралы айтылмайды.

Айдар
XS
SM
MD
LG