Accessibility links

Лавров территориялық тұтастық мәселесі бойынша Тоқаевтың пікірімен келіспейтінін айтты


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Коммерсантъ" басылымына берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың территориялық тұтастықты сақтауға басымдық беру қажеттігі туралы тұжырымымен келіспейтінін, БҰҰ Жарғысында ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы да қарастырылғанын айтты.

2022 жылы маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында БҰҰ-ның өзін-өзі анықтау және территориялық тұтастық туралы принциптері қайшылықта екенін, территориялық тұтастықты сақтамау көптеген елдердің жанжалдасуына апаратынын, сол себепті Қазақстан Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындамайтынын айтқан еді.

"Мен онымен келіспеймін. Біз содан кейін қазақстандық достарымызға өз позициямызды түсіндірдік. Ол [Қазақстан президенті] үшін тек территориялық тұтастық құқығы ғана бар. Қайталап айтамын: егер БҰҰ мүшесі болсаңыз, онда Жарғыны тұтас құрметтеуге тиіссіз" деді Лавров сұхбатта.

Оның айтуынша, "территориялық тұтастық үкіметі сол аумақта тұратын барлық ұлтты білдіретін мемлекеттерде сақталады".

2022 жылы маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург экономикалық форумында егер ұлттардың өзін-өзін анықтау құқығы жүзеге асырылса, әлемде 193 мемлекеттің орнына 500 немесе 600 мемлекет болатын еді, яғни хаос болады деп айтқан еді.

"Сол себепті біз Тайвань, Косово, Оңтүстік Осетия, Абхазияны мойындамаймыз. Және бұл принцип біздің ойымызша, Луганск және Донецк сияқты квазимемлекеттік аумақтарға да қолданылады" деді Тоқаев.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірерден бірнеше күн бұрын Владимир Путин Донецк халық республикасы мен Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындау туралы шешім шығарған. Халықаралық қауымдастық Украинаның шығысында өзін республика жариялап алған ДХР мен ЛХР-дың тәуелсіздігін мойындамаған.

XS
SM
MD
LG