16 қарашада Астанада журналист, «Просто журналистика» YouTube-арнасының авторы Лұқпан Ахмедияровтың қалалық полиция департаментіне қарсы талап арызы бойынша сот отырысы басталады. Ол полицияның заңсыз шектеуімен байланысты шығынды өтеуді талап етіп отыр. Бұл туралы «Құқықтық медиа-орталық» құқық қорғау ұйымы хабарлады.
Шағымға 3 тамызда болған оқиға себеп. Сол күні Ахмедияров отбасымен бірге Черногорияға демалуға бармақ болған, бірақ әуежайда оған елден шығуға тыйым салынғанын айтқан. Бұл шектеуді Астана қаласының полиция департаменті енгізген.
«Шекара қызметінің өкілі маған Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тыйым салынғанын айтты. Паспортты қайтарып берді. Астана полиция басқармасы тыйым салғанын айтты» деп жазды Ахмедияров Facebook парақшасында.
Осы оқиғадан бірнеше күн өткен соң Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Онда журналистің аты-жөні аталады. Ахмедияровтың айтуынша, оған бұл істе қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесі берілген. Журналист өз қатысуымен ешқандай тергеу әрекеті жүргізілмегенін, ал жәбірленушінің кім екенін білмейтінін мәлімдеген.
Бұған дейін Азаттық Азия тергеуге Ресей жағында соғысып жүрген қазақстандықтардың ықтимал тізіміне байланысты Өскемен тұрыны Андрей Котовтың шағымы себеп болуы мүмкін деп жазған еді. Бұл тізімді Украинаның «Хочу жить» жобасы жариялаған.
Өскемен тұрғыны Андрей Котов Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жолдаған шағымында құқықтары бұзылғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, жоба былтыр сәуірде өзін жалдамалылар тізіміне енгізген, алайда ол Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істегенін және Украинадағы соғысқа қатыспағанын айтады. Котов бұл материал беделіне нұқсан келтіргенін айтып, журналисті жауапқа тартуды талап еткен. Қазақстанның тағы бір азаматы Руслан Мұхаметов те әлеуметтік желіде осындай шағым жасаған.
Бұған дейін Астана прокуратурасы журналист Лұқпан Ахмедияровтың шағымын ішінара қанағаттандырып, Астана қалалық полиция департаментіне қарасты тергеу басқармасының әрекетін заңсыз деп таныған.
«Қылмыстық істің қозғалғаны Ахмедияровтың конституциялық құқықтарын бұзуға бағытталған процестік шешімдер қабылдауға негіз болмайды» деп түсіндірді адвокат Әсел Тоқаева.
Лұқпан Ахмедияров - Орал қаласынан шыққан тәуелсіз журналист. Аймақтық баспасөзде жұмыс істеген журналист 2012 жылы кәсіби қызметіне байланысты қастандықты да басынан өткерді. Қазір Астанада тұрады. 2021 жылы әріптесі Рауль Упоровпен бірге YouTube-те «Просто журналистика» арнасын ашты, онда қоғамдық-саяси оқиғаларды, Украинадағы соғысты және Қазақстанда кедергісіз таралып жатқан ресейлік үгіт-насихат туралы баяндайды.