Accessibility links

МАГАТЭ Запорожье АЭС-іне жасалған шабуылдың салдарын тексеріп жатыр

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) сарапшылары Запорожье атом электр станциясындағы 6-блоктың әуе шабуылынан кейінгі жағдайын тексеру үшін АЭС-ке барды. Мұны Ресейдің Венадағы халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі Михаил Ульянов айтты.

МАГАТЭ атом станциясына залал келтірілгенін құжатқа түсіргенін және аймақтағы радиация деңгейі қалыпты екенін хабарлады.

"Нысанды тексеру кезінде ғимараттың бірнеше қабат жоғарғы жағындағы металл люкке зақым келгенін, сондай-ақ жерден бірнеше сынықты және талшықты-оптика кабелінің күйген қалдықтарын байқады", делінген агенттік мәлімдемесінде.

Бір күн бұрын АЭС-тің Ресей тағайындаған басшылығы мен ресейлік "Росатом" 6-блоктың турбина залына украиналық дрон шабуыл жасағанын хабарлаған болатын. Ресей жағының мәліметінше, негізгі жабдыққа зақым келмеген, бірақ ғимараттың қабырғасы бүлінген. МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси шабуылды ядролық қауіпсіздіктің негізгі қағидаттарын сақтауға қауіп төндіру деп атады.

31 мамырда Запорожье АЭС-нің Ресей тағайындаған басшылығы станцияның көлік цехына жаңа шабуыл жасалғанын, алты автобус пен екі "Газель" көлігі қирағанын, адамдар зардап шекпегенін хабарлады. Станцияның көлік инфрақұрылымына кейінгі айларда үнемі шабуыл жасалатынын айтты.

Украина көлік цехына жасалған шабуыл жөнінде әзірге түсініктеме берген жоқ. Украина қарулы күштері АЭС-тің 6-блогына шабуыл жасады деген Ресейдің айыптауын жоққа шығарып, оны "Украинаны қаралаудың кезекті әрекеті" деп атады. Украина қолбасшылығы ядролық нысандарға шабуыл жасамайтынын және халықаралық гуманитарлық құқық аясында әрекет ететінін мәлімдеді.

Запорожье атом электр станциясын 2022 жылдың наурыз айынан бері Ресей әскері бақылауда ұстап отыр. Соғыс кезінде АЭС бірнеше рет ұрыс аймағында болды, ал Ресей мен Украина бір-бірін нысанды атқылады деп үнемі айыптап келеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG