Accessibility links

Макрон мен Лукашенко 2022 жылғы ақпаннан бері алғаш рет сөйлесті

Эммануэль Макрон (оң жақта) мен Александр Лукашенко суреттерінен коллаж
Эммануэль Макрон (оң жақта) мен Александр Лукашенко суреттерінен коллаж

Франция президенті Эммануэль Макрон жексенбі, 24 мамыр күні Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенкоға қоңырау шалды, деп хабарлады Лукашенконың баспасөз қызметі. Елисей сарайы бұл ақпарат туралы әлі түсініктеме берген жоқ, бірақ француз басылымдары екеуінің арасында әңгіме болғанын растады.

Ресей Украинаға басып кірген 2022 жылғы ақпана айынан бері Макрон алғаш рет Лукашенкомен тікелей сөйлесті. Бұған дейін екеуі Ресейдің Украинаға басып кіргеннен кейін үшінші күні – 2022 жылғы 26 ақпанда телефонмен сөйлесіп, Беларусь жерінде Ресей мен Украина делегациялары арасында келіссөз ұйымдастыруға тырысқан еді (ондай кездесу өткенімен нәтижесіз аяқталған).

Беларусь тарапының мәліметінше, бұл жолғы әңгіме Франция жағының бастамасымен өткен. "Мемлекет басшылары аймақтық мәселелерді, Беларусьтің Еуропа одағымен және Франциямен қарым-қатынасын талқылады", делінген ресми ақпаратта, өзге мәлімет берілмеді. Лукашенконың өзі болған әңгіме жайлы түсініктеме берген жоқ.

Француздың TF1/LCI телеарнасы дереккөздерге сүйеніп, Макрон Лукашенкоға өзге жайттарға қоса, "егер Беларусь Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысына тартылатын болса, оның қауіпті салдары" болатынын ескерткенін хабарлады. Дереккөз сонымен қатар Макронның Лукашенконы "Беларусь пен Еуропа арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін қажетті қадамдар жасауға шақырғанын" айтқан.

Таяуда Мәскеу мен Минск Беларусь аумағына орналастырылған, ядролық қару алып ұша алатын ресейлік "Искандер" тактикалық зымыранын қолдану бойынша бірлескен жаттығу өткізген.

Украина билігі Ресей өз одақтасы Беларусьті соғысқа тікелей тартуға тырысып жатыр деп мәлімдеген. Минск Ресейге, әсіресе Украинаға қарсы кең ауқымды соғысының бастапқы кезеңінде логистикалық және басқа да көмек көрсеткенімен, әзірге Украинаға қарсы әскери операцияларға қатыспаған.

Таяуда Мәскеу мен Минск Беларусь аумағына орналастырылған, ядролық қару алып ұша алатын ресейлік "Искандер" тактикалық зымыранын қолдану бойынша бірлескен әскери жаттығу өткізген.

Кейінгі жылдары Ресей Беларуське тактикалық ядролық қаруды және орта қашықтыққа ұшатын "Орешник" зымыран жүйелерін орналастырған деген ақпараттар жарияланған. Лукашенко осы жолғы бірлескен жаттығулар кезінде, Беларусь агрессияға ұшыраған жағдайда ғана Украинамен соғысқа кіріседі деп мәлімдеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG