2026 жылғы қаңтардың басында Парижде "қалаушылар коалициясы" кездесуі өтеді, онда Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктеріне әр елдің қосатын "нақты үлесі" келісілмек. Бұл жөнінде Франция президенті Эммануэль Макрон мәлімдеді.
АҚШ пен Украина президенттері жексенбі күні Флоридада кездескеннен кейін еуропалық басшылармен телефонмен сөйлескен, оған Макрон да қатысқан, содан соң ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен жеке әңгімелескен.
Алдағы қаңтар айында АҚШ президенті Дональд Трамп Украина мен Еуропа елдері өкілдерін қабылдамақшы.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерінің маңызын атап айтқан. Трамппен және Зеленскиймен өткен әңгімеге ол да қатысқан.
"Еуропа прогресті бекіту үшін Украинамен және америкалық серіктестерімізбен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын. Осынау күш-жігерде алғашқы күннен бастап болаттай берік қауіпсіздік кепілдіктері болғаны аса маңызды", – деп мәлімдеген Еурокомиссия басшысы.
Бұған дейін Зеленский Украина Еуропа мен АҚШ тарапынан күтетін қауіпсіздік кепілдіктерін атаған еді. Олардың қатарында Украина қарулы күштеріндегі адам санын 800 мың деңгейінде сақтау, Украинаның Еуропа одағына мүшелігі, сонымен бірге Киевтің "әуеде, құрлықта және теңізде", энергетика мен қаржы салаларында қауіпсіздігін қамтамасыз ету талабы бар. Бұған қоса Украина АҚШ-тан, соның ішінде Конгресс заң жүзінде бекіткен қауіпсіздік кепілдіктерін алғысы келеді.
Еуропалық көшбасшылар Украинаға НАТО шартының бесінші бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктерін беру мүмкіндігін талқылаған. Ол бапта әскери альянсқа мүше мемлекеттердің біріне сырттан шабуыл жасалған жағдайда өзгелері оған ұжымдық қолдау көрсететіні жазылған.