Accessibility links

Маңғыстау атом энергия комбинатында екі жұмысшы күйіп қалған

"Маңғыстау атом энергия комбинатының" №1 цехында екі жұмысшы тұз қышқылынан күйіп қалды. Бұл жөнінде «Ақжайық» жазды.

"Ақтауда МАЭК ЖШС екі жұмысшысы тұз қышқылы ерітіндісімен өндірістік жұмысты атқару кезінде жарақат алды. Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуірде сағат 10:30-да №1 цехында болған" деп жазылған хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылар газ турбиналық қондырғысының негізгі конденсаторын қышқылмен жуып жатқан. Тұз қышқылының ерітіндісі шланг арқылы келеді. Жұмысты аяқтап, жабдықты өшіріп, шланг ажыратылған кезде ерітінді шашырап, жұмысшылардың беті мен көзіне тиген.

Зардап шеккен жұмысшылар Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген.

"Қазіргі кезде алған жарақаттың ауырлық деңгейі туралы медициналық қорытындыны күтіп отырмыз. Егер ауыр немесе топтық жазатайым оқиғаның белгілері анықталса, мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы тергеу жүргізіледі" деді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатқаны хабарланды.

Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың 9 айында Қазақстанда өндіріс орындарында 934 жұмысшы зардап шеккен, 133-і қаза болған.

Айдар
XS
SM
MD
LG