Accessibility links

Маңғыстауда жылқы қырылып жатыр


Маңғыстау облысы Шетпе стансасы. 2012 жыл.
Маңғыстау облысы Шетпе стансасы. 2012 жыл.

Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында жылқы қырылып жатыр. Осы аудандағы Онды ауылының тұрғыны, азаматтық белсенді әрі журналист Жәнібек Қожықтың Азаттыққа мәлімдеуінше, бүгінде аудандағы қырылған жылқы саны 300-ге жуықтаған.

Оның айтуынша, жылқы малының қырылуына биылғы қарашадан бері қалың түскен қар мен мал азығының аздығы себеп.

– Жылда қыс жылы болатын. Биыл қараша айында қар қалың жауып, арты жаңбырға айналып, жер мұз болып қалды. Жем-шөп бар болғанымен бағасы удай қымбат. Құнары жоқ 20 кг кебек жем 1500 теңгеден сатылады. Бір кг кебек жемнің бағасы 75 теңге, шөптің бір түгі күзде 750-1000 теңгенің арасында сатылды. Оны жұрттың бәрі бірдей ала алмай отыр, – дейді ол.

Аудан әкімдігі де бұл жағдайды растап, қолдан келгенін жасап жатқандарын айтады. Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Асқар Аққұлов иелері дұрыстап қарамағаннан мал қырылып жатыр деп санайды.

– Мал азығын биыл пандемияға байланысты толық әзірлей алмадық. Жылда 27 бригада шөп шапса, биыл тек 13 бригада жұмыс істеді. Қазір 20 кг жемді 1400 теңгеден бергізіп жатырмыз. 34 рулон шөп ауылдарға жібердік, тағы 78 рулоны жолда келеді. Көп адам вахтамен жұмыс істейді де, малдарын бос қоя береді. Ішіндегі арықтарын жемдеп, жылы су беріп, малға қарауы керек қой, – дейді әкімнің орынбасары.

Маңғыстау ауданында 36 шаруа қожалығы малмен айналысады. Ауданда жалпы саны 24 мың жылқы, 10 мыңға жуық сиыр, 27 мың түйе, 126 мың қой, 49 мың ешкі бар.

Маңғыстау ауданының орталығы – Шетпе стансасы облыс орталығы Ақтау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 100 километрдей қашықта орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG